Әлемде екінші ел пайда болды криптовалютаның барлық түріне толық тыйым салған
Әлемде екінші ел пайда болды криптовалютаның барлық түріне толық тыйым салған
4 жыл бұрын 2730 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Естеріңізде болса, сайтымыздың жаңалықтар таспасында әлемнің түрлі елдерінде, соның ішінде ислам елдерінің бірқатарында да криптовалютаға заң жүзінде ішінара тыйым салынғаны турасында біршама айтып өткенбіз (тақырыптары мен сілтемелері төменде берілген – ред.) – десе де әу баста осы заманғы озық технологиялық жетістіктердің бірінен санала бастаған мұндай жаңашылдыққа үрке қарап, электронды валютаға тыйым салынған елдердің кейбірі уақыт өте келе өз шешімдерін ішінара немесе толықтай өзгерткенін де айта кетпекпіз. Алайда, пандемия басталғалы бері криптовалютаның айы оңынан туып, күн сайын дерлік рекорд жаңартуда. Бұдан бөлек, әлемге әйгілі Илон Маск секілді технократ тұлғалардың электронды валютаға оң қабақ танытуы да криптовалютаның позициясын нықтай түскендей болды. Оның үстіне, әуел баста криптовалютаға сенімсіздік танытып, тіпті, оны қолдануға бас кезінде тыйым салғанғанымен санкция астында қалған әрі халықаралық сауда-саттықта есеп айырысу құралы ретінде долларлық жүйеден құтылуға талпынған Иран секілді елдер электронды валютаға рұқсатын беріп, өздерінің төл криптовалютасын шығарғанын да кезінде жазғанбыз. Ашықтығы болғанымен бақылауға келе бермейтін «табиғатынан» тосырқап, электронды валютаға әлі де сенімсіздік танытып отырған елдердің бірі – Үндістан билігі криптовалютаның кез келген түрін пайдалануға үзілді-кесілді тыйым салды. Негізінде криптовалютаға әлемде бірінші болып Нигерия тыйым салғанын айта кету керек – аталған елдің орталық банкі барлық қаржы институттары мен мекемелеріне криптовалютамен қандай да бір мәміле жүргізген, қаржылық операцияны жүзеге асырған кез келген компания мен жекелеген тұлғалардың аккаунтын бұғаттап тастайды. Криптовалюта төңірегіндегі талас-тартыстың соңы көрінбейді: 2018 жылы Үндістанның Қор банкі криптовалютамен жасалатын кез келген транзакцияға тыйым салды. Алайда, аталған тыйым 2020 жылдың наурыз айында Үндістанның жоғарғы сотының пәрменімен күшін жойды. 2020 жылдың желтоқсан айында үнді билігі криптовалютамен жүргізілген операцияға 18 % салық салынуды бастама етіп көтерген еді. Ақыры, аталған елде криптовалютаға мүлдем тыйым салынып тынды. Бұл жайында islam.kz порталы өз кезегінде Үндістанның қаржы министрлігі аппаратына жөн сілтеген BloombergQuint ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Десе де Үндістанда аталған тыйым Нигериядағы секілді бірден салынбайды, инвесторларға 3-6 ай уақыт беріледі, криптовалютаға қатысты бұрынғы мәмілелері мен операцияларынан шығын көріп қалмасы үшін бұл саладағы мәселелерін реттеп алуына мұрсат беріліп отыр. Ал Кенияда криптовалютаны мемлекеттік валютасы ету турасында ұсыныс айтылып жатыр. Криптовалютаға қатысты талас-тартысқа қашан нүкте қойылатынын сарапшылардың өздері айта алмай отыр.

Ұқсас материалдар:

«Криптовалюта нарығын не күтіп тұр» (сілтемесі: https://islam.kz/kk/news/alem/kriptovalyuta-narygyn-ne-kutip-tur-11173/#gsc.tab=0);

«Ресейде криптовалютаға заңмен тыйым салынды» (сілтемесі: https://islam.kz/kk/news/alem/reseide-kriptovalyutaga-zanmen-tyiym-salyndy-13336/#gsc.tab=0);

«Қытайда криптовалютаға не үшін тыйым салынды?» (сілтемесі: https://islam.kz/kk/news/alem/qytaida-kriptovalyutaga-ne-ushin-tyiym-salyndy-8795/#gsc.tab=0);

«Мұсылман елінде криптовалютаға тыйым салынды» 

«Тағы бір мұсылман елі криптовалютаға тыйым салды» (сілтемесі: https://islam.kz/kk/news/alem/tagy-bir-musylman-eli-kriptovalyutaga-tyiym-saldy-9684/#gsc.tab=0);

«Иранның криптовалютасы шығарылады» (сілтемесі: https://islam.kz/kk/news/alem/irannyn-kriptovalyutasy-shygarylady-11960/#gsc.tab=0)  

0 пікір
Мұрағат