Әлем жаңалықтары: Жаңа партия мұсылмандардың құқығы үшін күреседі
|
Француз мұсылмандарының демократиялық одағы осы елдің саяси сахнасында мұсылмандардың аздығын ойлап, сайлауларда өз үміткерлерін ұсынатын болады. Аталмыш партияның негізін қалаушы Нағыб Әзергуйдың айтуынша, демократиялық құндылықтарға сай әрекет ететін болады. Ол өз сөзінде француз қоғамын исламдануы үшін күш салмайтынын, тек қоғамдық орындарда шариғат шәлісін жамылып жүру үшін және шариғат талаптарына сай тағам өндіру ісін дамыту үшін күресетінін жеткізді. Партияның құрылу мақсатын осылай түсіндірген ол бұл қадамдарының өз кезегінде француз қоғамын одан ары өркендететінін тілге тиек етті.
Түркияда әлемдегі ең ірі әуежай салынатын болды
Ыстамбұл шаһарында әлемде аса ірі әуежай салынып жатыр. Бұл жобаның қолға алынуына соңғы он жылда туристердің қаптап келетіні себеп болып отыр. Оның үстіне, осы аралықта Ыстамбұл шаһарының халқы төрт есеге өскен. Терминалдың ауданы 920 мың шаршы метрді құрайтын болады. 32 млрд доллар жұмсалатын әуежай құрылысын тек түрік компаниялары жүргізеді. Жаңа әуежай құрылысы 120 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Аталмыш әуежай құрылысын 2019 жылы толық аяқтауды жоспарлап отыр. Алғашқы кезеңде жолаушылар саны 120 млн адамды құрайтын болады. Алдағы уақытта олардың қарасын 150 млн адамға дейін жеткізу көзделіп отыр.