ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚПЕН КҮРЕСІП ЖАТЫР
ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ ҚҰРҒАҚШЫЛЫҚПЕН КҮРЕСІП ЖАТЫР
2 жыл бұрын 1121 24.kz Сымбат Ғалымжанқызы, Әсел Әбдіқалықова

Еуропада да қатты ыстық болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

БҰҰ Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының мәліметі бойынша, былтыр аптап ыстықтан Испания, Германия, Ұлыбритания, Франция және Португалияда 15 мыңға жуық тұрғын қайтыс болды.  

Еуропада аптап ыстықтан 15 мың адам көз жұмды

Кәрі құрлықта екінші жыл аптап ыстықтың беті қайтпай тұр. Еуропадағы орташа температура басқа континенттерге қарағанда 2 есе тез өсіп жатыр. Күннің күрт ысуынан адамдар да қатты зардап шекті. Былтыр Еуропада 15 мыңнан астам адам қайтыс болған.     

Егін алқабын суарудың тиімсіз тәсілі

Құрғақшылық Франция фермерлерін тығырыққа тіреді. Ауа райының қолайсыздығы салдарынан олар жерасты суларын пайдалануға көшкен. Арнайы хауыздар жасап, су айдайтын қоймалардың көмегімен егін алқаптарын сақтауға мәжбүр. Алайда, экологтар бұл әдіске қарсы. Себебі, жер асты сулары сарқылып, салдарынан елдегі өзен-көлдер кеуіп кетуі мүмкін.    

Төтенше жағдай жариялауды сұрап отыр

Латвиялық фермерлер биліктен ұзаққа созылған құрғақшылыққа байланысты төтенше жағдай жариялауды сұрады. Олардың болжауынша, биыл астық өнімі 50%-ке аз шығады. Ауыл шаруашылығындағы шығындар қазірдің өзінде 100 миллион еуроға жеткен. 

Шөл мен шөлейтке қарсы күрес

Ал Қытай билігі шөл мен шөлейттенуге қарсы күресте жетістікке қол жеткізді. Елдегі құмды алқаптарға ағаштар егіліп жатыр. Өсімдіктер топырақты эрозиядан, ал жергілікті экожүйені жойылып кетуден қорғайды. Осындай аймақтың бірі – Қытайдың Ішкі Моңғолия автономиялық ауданы. Бір кездері құрғақ және шөлді саналған аймақ кейінгі 3 жылда адам танымастай өзгерген. Тіпті, елдегі ең ірі тұщы су көлі – Улянсу қайта толып келеді.    

Испанияның Фуэнте-де-Пьедра сулы-батпақты алқаптары құрғап кетті. Жыл сайын мұнда мыңдаған қоқиқаз ұялайтын. Құстарды тамашалау үшін көптеген турист келетін. Биыл қуаңшылықтың кесірінен осы жерге он шақты құс қана ұшып келіпті. Дәл осындай аптап ыстық 1961 жылы тіркелген екен. Синоптиктер алдағы күндері де күн ыстық болады деген болжам жасап отыр.

 

0 пікір
Мұрағат