Африканың ғарыш агенттігінің штаб-пәтері Мысырда ашылатын болды
|
Мысыр парламенті Африка ғарыш агенттігінің штаб-пәтерін елде ашуға дауыс берді. Бұл жайында islam.kz порталы Arab News ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Депутаттардың пікірінше, бұл шара елдегі ғарыш саласының және онымен байланысты өнеркәсіп секторының дамуына оң ықпал етпек. Бұдан бөлек, жаңа жұмыс орындары ашылып, ғылыми прогреске жол ашады. Өйткені, ғарыш саласын игеру – технология саласын меңгеру. Күллі Африка құрлығы бойынша ғарыш агенттінгінің штаб-пәтерін өз аумағында орналастыруға Нигерия мен Эфиопия да таласқан болатын. Harvard Business Review мерзімді басылымында жарияланған мәлімет бойынша ғарыш экономикасынан түсетін пайда осы ғасырдың орта шеніне қарай бірнеше триллион долларға жетеді, ал қазіргі уақытта ол шамамен 325 миллиард долларды құрайды. Бұл туралы "The Rambler" ақпарат көзі хабарлаған еді. Ал 2040 жылдан соң ғарыш саласы инвестиция молынан тартылатын салаға айналып, өз алдына жеке, тұтас индустрия болып қалыптаспақ. Бүгінгі таңда ғарышты игерумен байланысты әлем бойынша шамамен 500-ге жуық компания бар, бірнеше жылдан кейін мұндай компаниялар қарасы 1500-ге жетпек. Ғарыш державасы атануға Африка елдерінен Мысыр, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірлігі, Эфиопия, Алжир, Нигерия, т.б. ұмтылып отыр.