Африка ресурсына қол жеткізу үшін батыс елдері тың жобаны жүзеге асырады
|
Еуроодақ пен Америка құрама штаттары ресурсқа бай Африка құрлығындағы пайдалы қазбаларға қол жеткізу үшін энергетикалық дәлізді дамыту туралы меморандумға қол қояды. Бұл шара африкалық ресурсқа «қол салған» Қытай мен батыс елдері арасындағы күшейе түскен бәсекелестіктен қолға алынып отыр. Бұл жайында islam.kz порталы Bloomberg іскерлік ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып мәлім етеді. Жалпы құны 317 млрд долларға бағаланған Global Gateway инфрақұрылым жобасы Конго демократиялық республикасының солтүстік бөлігі мен Замбияның солтүстік-батыс бөлігін Анголадаға стратегиялық маңызы зор Лобито әлемдік айлағына жалғауды ұйғарады. Ең алдымен Замбия мен Ангола арасындағы теміролды кеңейту жұмыстары жүргізіліп, аталмыш жобаның техникалық-экономикалық негізі қаланады. Қытайдың Африкадағы ықпалын тежеу үшін Мавритания, Молдавия, Бангладеш және Қазақстанды қоса алғанда серіктес елдермен 30-дан аса келісімге қол қоюды көздеп отыр. Бұл мақсатта Еуропалық инвестициялық банктен, Еуропалық қайқа құрылымдау және даму банкінен, сондай-ақ, жекеменшік бизнестен қаржы тарту тетіктері қарастырылады. Бастама өз кезегінде пайда болғалы 10 жыл ішінде бір трлн доллар инвестиция тартылған Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» жаһандық жобасына бәсекелес болуы тиіс. Тамыз айының соңында аккумулятор өндірісінде қолданылатын литий бағасы Лондон металл биржасындағы (LME) сауда кезінде 2021 жылдың желтоқсанынан бергі ең төменгі деңгейге дейін төмендеді. Бір айда Қытайға, Жапонияға және Оңтүстік Кореяға жеткізілетін бағалы металл гидроксиді фьючерстері 23 пайызға арзандап, бір тоннасына 33,1 мың долларға дейін төмендеді. Сарапшылар бұл динамиканы бүкіл әлем бойынша литий өндірісінің ұлғаюымен байланыстырды. Атап айтқанда, Қытайдан келген компаниялар Намибия мен Зимбабведе металл өндіруді бастады. Дәл осы Қытайдың құрлықтағы күшейіп келе жатқан ықпалымен ЕО мен АҚШ Global Gateway жобасының көмегімен күреспекші.
Ұқсас материалдар:
«Таяу Шығыс Қытайдың жаһандық бастамасына балама жобаға тартылады» (https://islam.kz/kk/news/alem/tayau-shygys-qytaidyn-jahandyq-bastamasyna-balama-jobaga-tartylady-19142/#gsc.tab=0);
"Бір белдеу - бір жол" жобасына бәсекелес бастама» (https://islam.kz/kk/news/alem/bir-beldeu-bir-jol-jobasyna-basekeles-bastama-10638/#gsc.tab=0);
«Таразы тасынан ауыр Қытай жобасы таразы басын тең ұстай ала ма» (https://islam.kz/kk/news/alem/tarazy-tasynan-auyr-qytai-jobasy-tarazy-basyn-ten-ustai-ala-ma-10531/#gsc.tab=0);
«Африка – Қытайдың алдында қарыздар...» (https://islam.kz/kk/news/alem/afrika-qytaidyn-aldynda-qaryzdar-15745/#gsc.tab=0);
«Қытай жобасы Африканың түбіне жетуі мүмкін» (https://islam.kz/kk/news/alem/qytai-jobasy-afrikanyn-tubine-jetui-mumkin-15238/#gsc.tab=0);
«Қызыл кітапқа енген Қызыл ағаш Қытай асып жатыр» (https://islam.kz/kk/news/alem/qyzyl-kitapqa-engen-qyzyl-agash-qytai-asyp-jatyr-12218/#gsc.tab=0)