Адам құқығы қорғалған елдер ғана қомақты қаржыға қол жеткізе алады
Адам құқығы қорғалған елдер ғана қомақты қаржыға қол жеткізе алады
7 жыл бұрын 3355 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Еурокомиссия Еуроодақтың келесі жеті жылға шақталған (2021-2027 жылдар аралығына) бюджеттік кезеңіне адам құқығын сақтауды қарастыратын талапты енгізуді заңмен бекітуді ұсынды. Аталмыш комиссия ұсынған ЕО-ның келесі жеті жылға арналған бюджеті 1279 млрд еуроны құрайды. Ал аяқталуға жақын, 2014-2020 жылдар аралығындағы ЕО бюджеті 1087 млрд еуроны құраған болатын. Еурокомисся мұндай қадамға неліктен барып отыр деген сауалдың жауабына келсек, демократиялық құндылықтың басты принципінен саналатын адам құқығына қатысты кейбір ЕО елдерінің, атап айтқанда, Полшаның, Венгрияның адам құқығына қайшы әрекеттері түрткі болған. Нақтырақ айтқанда, аталмыш комиссия Полшаның сот жүйесінде жүргізіп жатқан реформасын, Венгрияның босқындарды қабылдаудан бас тартқанын сынға алған болатын. Еурокомиссия бұл ұсынысты ЕО-ға мүше елдердің адам құқығына құрметпен қарауды ынталандыратын шара ретінде қарастыруға болады. Тағы бір инновациялық ұсыныс: ЕО бюджетіне тікелей салық төлеу жүйесін енгізу. Әзірге ЕО елдері тек ұлттық жарна төлеп отыр. Сондай-ақ, айтуға тұраратын бір жаңалық - алғашқы еуропалық салыққа экологиялық базаны енгізу. Яғни, ЕО елдері пластикалық қалдықтарды қайта өңдеу мөлшеріне қарай алынады. Еурокомиссияның бұл ұсыныстары Еуропарламентте талқыланатын болады. Егер аталған ұсыныстар мақұлданып кетсе, келесі кезеңдегі бюджет осы принциптер негізінде бекітілмек.

0 пікір
Мұрағат