«1000 мешіт аралы» - мұсылман туристерінің жұмағы
|
Индонезияның Ломбок аралы исі мұсылманға таныс десек, артық айтқандық емес. Халық арасында «1000 мешіт аралы» деп аталып кеткен жер пұшпағы ислами жәдігер-мұраларымен, аты айтып тұрғандай мұсылмандар құлшылық үйлерінің көптігімен және жағажайымен аты шыққан. «Мен бұл жерде болғанды ұнатамын. Өйткені, азан үнін естимін, адамдар намаз оқу үшін мешітке асығады»,- деді жарымен Сауд Арабиясынан келген Сүлеймен есімді 58 жастағы турист. Бұл жайында The Guardian ақпарат көзі хабар таратты. Ломбока билігі аталмыш аралды негізінен индустар мекендейтін Бали аралынан да асып түсетін туристік орталыққа айналдыруды ойлайды. Осы мақсатта алдағы уақытта әлемнің әр түкпірінен келген мұсылман туристерге намаз уақытын, т.б. айтып бере алатын гидтер даярлауды жоспарлап отыр. Сөз реті келгенде айта кетейік, Малай аралдарында 600 мыңнан аса мешіт бар көрінеді.
Перуде де мұсылмандар қарасы артып келеді
Перу – кең байтақ Қазақстан секілді көп ұлтты мемлекет. Мәселен, елдің оңтүстігіндегі Такна қаласында Баб үл Ислам мешіті бар. Міне, осы мешітке елдің түкпір-түкпірінен мұсылмандар келіп жатады. Facebook әлеуметтік желісінде өз парақшасы бар аталмыш мешіт өткен ғасырдың соңына таман, яғни, 1990-шы жылдары осы елге келген мұсылмандар күшімен тұрғызылған болатын. Атлант мұхитының ар жағындағы елде арабтардың қайыр-садақасымен бой көтерген мұсылмандардың осынау құлшылық үйі жамағатқа есігін осыдан 15 жыл бұрын айқара ашқан болатын. Қазіргі уақытта Латын Америкасы құрлығындағы бұл елде бар-жоғы 400-ге тарта мұсылман сау-саламат өмір сүріп жатыр. Олардың дені халқы көп әрі тығыз орналасқан Азия елдерінен, атап айтқанда, Үндістаннан, Пәкістаннан келгендер, сондай-ақ, кей араб елдерінен, Колумбиядан, Чилиден келгендер құрайды. Кейінгі кезде Перуде тура жолға түсіп, ислам дінін қабылдап жатқандар қарасы артып келеді. Олардың арасында отбасы, ошақ қасының ұйытқысы болатын әйелдердің саны басым.
Қырымда мешітке ұрлыққа түсу жиілеп кетті
Ақпан айының 25-і күні Қырымда тағы бір мешіт тонау оқиғасы орын алды. Бұл жолы ұрылар Бақшасарай ауданындағы Бай шатқал ауылында орын тепкен мұсылмандар құлшылық үйіне ұры түскен. Айта кетейік, мұндай келеңсіздік соңғы екі аптада бесінші рет қайталанып отыр. Бұл жайында Қырым мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. Аталмыш мешіт имамы Дилявер Тюриннің айтуынша, қаскүнемдер 9 мың рубл ақшаны үптееп кеткен. Осы келеңсіздікке байланысты Қырым мұсылмандары діни басқармасы имамдарға мешітте садақадан жиналған қаражат пен өзге де құнды дүниелерді қалдырмауды ескертті. Естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылдың ақпан айының 9-ы және 10-ы күндері Красногвардия мешіттері үш рет тоналған болатын. Ал ақпан айының 19-ы күні белгісіз біреулер Бақшасарай ауданындағы тағы бір мешітті үптеп кетпек болған еді.