100 жылдық велосипед!
|
Бұл суреттің ғаламтор бетінде жарық көргеніне біраз уақыт болды. Ғасырмен құрдас ағаштың «құшағындағы» велосипедке байланысты әртүрлі аңыз бар деседі. Біреулер бұл оқиғаның растығын айтса, біреулер ойдан шығарылған аңыз деп келіспеуде.
Ал мына төмендегі фотоларға назар аударсаңыз, оның расымен де ағаштың «құшағында» тұрғанына 50-60 жыл өткенін байқайсыз. Әрине, 100 жыл деп кесіп айту қиын, бірақ дәл солай болуы да әбден мүмкін.
Бұл суреттің тарихынының анық-қанығына көз жүгіртпестен, ғаламтор беттерінде «Жүректі елжірететін сурет екен» деп бөлісіп жатқандардың санында есеп жоқ.
Бір жас жігіт соғысқа аттанбақ болып, апақ-сапақта велосипедін еңсесін енді тіктеп келе жатқан ағашқа сүйеп, соғыс деген суық хабардың ызғарынан барлығын ұмытып, аттанып кетеді. Естеріңізде болса, бұл Бірінші дүниежүзілік соғыс болып жатқан кез еді.
Содан соғысқа аттанған жас жігіт еліне оралмайды. Оның артында ата-анасы, бауырлары және үнемі теуіп жүретін велосипеді қалады. Велосипедті ол кеткеннен кейін ешкім пайдаланбайды. Соғысқа аттанған ұлының көзі деді ме екен, әлде оған деген мұқтаждық болмады ма белгісіз, талға сүйкенген күйі қалады. Сол сәттен бастап, жайқалып өскен талға да, велосипедке де жан баласы тиіспейді. Жас талшыбық жылдар өте мәуелі ағашқа айналады. Екі бұтақтың арасында сүйкеліп тұрған велосипед мәуелі ағаштың «құшағына» осылайша енеді .
Бір деректерге сүйенсек, бұл АҚШ-тың Вашон аралында орналасқан Вашингтон штатында болған оқиға деседі. Әйтсе де, велосипедтің иесі, ол жерде бұрын кім тұрғаны белгісіз.
Неде болса, бұл оқиғаның растығы анықталса, оның үлкен бір шығарма мен керемет көркем фильмге сұранып тұрғаны айтпаса да түсінікті.
Бір дереккөздерге сүйенетін болсақ, сол Вашингтон штатындағы тұрғындардың бірі Хелен Паз бұл осыдан 50-60 жыл бұрын ұлының жоғалтып алған велосипеді екендігін айтады. Оның пікірінше, ұлы осы ағаш орналасқан орманға велосипедімен келіп, жоғалтып алған, сол күйі таба алмай қойған екен. Оның астарында ешқандай соғыс туралы аңыз болмағанын, сондай-ақ, оған небәрі 50-60 жыл ғана өткендігін айтады.
Хелен Паздың ұлы Донға 1954 жылы көршілері сыйлаған көрінеді. Ол кезде Донның жасы небәрі сегізде болған. Үйге жақын жердегі орманға барғанда қайда қалдырғанын білмей, үйіндегілерден ұрыс естімес үшін велосипед туралы сөз қозғамаған көрінеді.
Соңғы суретке назар аударсаңыз, велосипедтің доңғалақтары жоқ. Мәдени мұраларды жымқыратын вандалдардың ісі деп түсіндіреді оны.
Енді қайсысы шындық дегенге тоқталсақ. Біріншіден, мұндай үлгідегі велосипедтер 1914 жылдары болмаған және 100 жыл өткенде темірді тат басқанмен, дөңгелегінің резеңкесі шіріп кететін көрінеді. Егер суретке анықтап назар аударсаңыз, резеңкесі сол күйі тұр.