1 млрд-тан аса адам босқынға айналуы мүмкін
1 млрд-тан аса адам босқынға айналуы мүмкін
4 жыл бұрын 2925 islam.kz-ке гиперсілтеме берілуі міндетті

Әлем және экономика институтының таяудағы талдау нәтижелеріне қарағанда, енді бір отыз жылдан соң, яғни, 2050 жылға қарай әлемде 1 млрд адам адамзат қарасының шапшаң көбеюі мен экологиялық апаттан босқын атануы мүмкін. Бұл жайында орыс тілінде ақпарат тарататын Reuters ресурсы мәлім етті. Демографтардың болжамы бойынша аталған мерзімде, яғни, 2050 жылға дейін адамзат 10 млрд адамға жетеді. Бұл жайт өз кезегінде су мен азық-түлік тапшылығын арттырып, өмірлік маңызы зор ресурс үшін талас-тартысқа жол ашады. Осыған байланысты Африка құрлығының, Орта Азияның және Таяу Шығыстың кей аймақтарында шамамен 1,2 млрд адам ресурс жеткілікті аймақтарға босуы мүмкін. Бұл миграция өз кезегінде тек дамушы елдерде емес, сонымен қатар, босқындарды тежей алмаған дамыған елдерде аса ірі әлеуметтік және экономикалық салдарға апарып ұрындырады. Бұл жайында аталмыш институттың негізін қалаушы Стив Киллелеа мәлімдеді. 1 млрд-тан аса адамның босқынға айналуына, жоғарыда айтып өткеніміздей, адамзат қарасының көбеюі мен ресурс тапшылығы және табиғи апаттар (жаһандық жылыну мен климат өзгерісіне байланысты орын алатын құрғақшылық пен тасқын-селден, т.б.) себеп болмақ. Сарапшылардың тұжырымы бойынша осы он жыл ішінде Қытай мен Үндістан су тапшылығының зардабын тартса, Пәкістан, Иран, Мозамбик, Кения және Мадагаскар ресурс тапшылығынан бөлек жоғарыда аталған себептерге байланысты көптеген әлеуметтік және экономикалық проблемаларды еңсере алмайтын күйге жетеді. Салыстыру үшін алсақ, өткен жылы экологиялық факторлар мен саяси жанжал мен дағдарыстан әлем бойынша шамамен 30 млн амалсыздан босқын атанған. Осыдан 50 жыл бұрынғы деңгейге қарағанда бүгінгі таңда әлемде тұшшы су қоры 60  пайызға азайған. Енді бір 30 жылдан соң азық-түлікке сұраныс тағы 50 пайызға артатын болады.

0 пікір
Мұрағат