|
1 жасында атастырылған үнді қызы 19-ға келіп ажырасты
|
Үндістандағы Джодхпур қаласының тұрғыны Сантадеви Мегхвал 1 жасқа толған шағында некесі қиылған. Араға 18 жыл салып ол аталған некенің заңсыз болғандығын дәлелдеп, күйеуімен ажырасты деп жазады The Daily Mail.
11 айлық Мегхвал мен 9 жасар Саанвал Рамды 1997 жылы ата-аналары атастырып, некелерін қиған. Алайда, қалыңдық қыз бой жеткен шақта некенің заңсыз орын алғанын түсініп, сот арқылы ажырасты. Мұндай некелер Үндістанда қалыпты жағдай болғандықтан сот процесі ауыр өткен және 2 жылға созылған.
Мегхвал өзінің некелескенін 2013 жылы ғана біліпті. Бұл кезде оның әкесі қызға жағдайды айтып, Рамның үйіне көшуін талап еткен. Алайда, бойжеткен ата-анасының шешіміне қарсы шығып, күйеуге шықпайтынын мәлімдеді. Судья қыздың талап-арызын орындағанымен, жергілікті заңға сәйкес ол 1,6 миллион рупий (23 мын еуро) айыппұл төлейтін болды. Сондай-ақ, Мегхвал дәстүрді сыйламағаны үшін өз туыстарының арасынан қуылды.
Бойжеткеннің сотта жеңіп шығуына Saarthi Trust белсенділер ұйымы көмектескен. Олар 2012 жылы Үндістанда дәл осындай 27 жұпты ажырастырған. Ал, Мегхван болса оқуын аяқтап, жергілікті мектепте мұғалім болуды жоспарлап отыр.