20.10.2022 7359 Ойтамшы
"Бейсенбілік беру" дәстүрі жайында

Қатты сөге қоймаңыздар, бірақ көптен айтқым келіп жүрген, әрі менің ақылыма сыймайтын бір салт бар, ол - азалы үйдің бір ай бойы "бейсенбілік" беру салты. Бейсенбі сайын қазан көтеріп, ауылдағы адамдарға ас береді. Әр бейсенбіде.

Негізінде, бұл бекер мал шашпақ әрі өлім шыққан үйге үлкен ауыртпалық. Оның орнына, жай бейсенбі сайын жеті шелпегін пісіріп, ауыл молдасын екі-үш қариямен шақырып, құр ғана Құран бағыштатып тұрса болмай ма?

Мақсат Құран бағыштату ғой. Мақсат сол ғой. Мақсатқа жеңіл жолмен, әрі шығынсыз қол жеткізуге болатын болса, неге өз-өзімізге ауырлатып жібергенбіз? Той емес, басқа емес, адам өліп отыр емес пе? Біреудің ол бауыр еті, біреудің артында жетімін қалдырған жары, біреудің анасы, әкесі. Әсіресе қазіргі кризис, қымбатшылық заманда, ол үлкен - ауыртпалық.

Мысалы, біздің ауылда ауылдастар, алыс-жақын ағайындар әр бейсенбіні бөліп алады. Бұл, әрине жеңілдік, бірақ, келушілер бес-алты адам емес, отыз-қырық, тіпті елу-алпыс адам болады, оларға кәдімгі тойға дайындалғандай стол құрасың, шарқ ұрып дайындаласың. Айналайындар-ау, мұның бәрі не үшін керек? Айтыңыздаршы! Не мархұмға пайдасы жоқ, не артта қалған мұрагерлеріне пайдасы жоқ. Не шариғат бұйрығы емес.

Түсінемін, егер, жетісі, қырқы, жылдығы болса. Оны қолдаймын. Ал бірақ "бейсенбілік" деп, "әр апта" сайын отыз-қырық адамды күту деген, меніңше ол керексіз дүние. Енді мұны осылай десең "уахабист" атанасың. Дегенмен, ойланатын нәрсе. Айтпасқа болмайды.

Сондықтан да, бұл нәрсені жергілікті имам-молдалар ауылдың сөзі өтер қарияларымен ақылдасып, ауыл болып, осы "бесенбілік ас" деген салтты доғарту керек деп ойлаймын, қатып қалған қағида жоқ #деймінда . Назарларыңызға рақмет! (facebook/com парақшасынан)

0 пікір