Тәуелсіздікпен тілдесу
Тәуелсіздікпен тілдесу
10 жыл бұрын 3105
Алма Түсіпбекова

Бабаларға арман болған нар-мүсін,
Осы шығар Алла сыйы-алғысым.
Бодандықтың бұзып өткен бұғауын,
Тәуелсіздік, армысың!..

Қайнағанда намысым,
Атқа қонғам сенің үшін, ар үшін.
Еркіндікпен еңсем, міне, тіктелді,
...Әлем мені танысын!

Тарихымның шер жамылған парағын,
Өзің аштың,еркіндігім,дара күн.
Өткен өмір жас алғанда көзіне,
Еркіндігім, өзің сүрттің жанарын.

Сен әкелдің елдікті,
Сен әкелдің басқалармен теңдікті.
Қуанышым сыймағанда бойыма,
Бойлап кетем ендікті!..

Өзгелердің тіке қарап көзіне,
Өзгелерді сендіремін сөзіме.
Жүрегіме жалын берген - бір өзің,
Қуат берген өзіме!

Алып келдің рухым мен иманды,
Жаратқанға бар болмысым иланды.
Күш-ағынға толып менің нар-тұлғам,
Құшағыма барлық әлем сыйған-ды!

Алып келдің теңіз сынды тілімді,
Алып келдің ділімді.
Ұлдарымыз-ер мінезді шетінен,
Қыздарымыз-бұрымды.

Шаттығыма қызығады шартарап,
Төрімізге сені оздырдық алқалы, ақ.
Тәуелсіздік, тәу етейін өзіңе,
Мәңгіге құр САЛТАНАТ!!!

0 пікір