Таң алдында
Таң алдында
10 жыл бұрын 5342
Алмат Жалбағаев

Түсінде – түн баласын әлдилеп, суыт жүзген ай астында асығыс сүйкеп, қардай ақ параққа тым қайғылы ертегі жазыпты...

...Ұйқысын қимай, бойы тоңазып оянды. Миына шапқан қанның дәмін таңдайымен сезетін тәрізді, тат татиды. Екі құлағы бітіп, темірдің тым уытты дәмін тағы сезді, сәтінде ұйқысы шайдай ашылды. Қылтиып отырып, жанында жатқан жан жарын бақылады: тыныс алғаны білінбейді, тек лып-лып соққан мойын күретамырының лыпылын ғана аңдаған. Балғын иегі, мойны – тәкаппар! Үңіліп еді, араларын әлдебір шытыра бөліп тұрған тәрізді – «матовый» фотосуреттің, кенет, әнтек жылтыр тартқандай... Ол кері ысырылды.

Ол өзін жазушымын деп ойлайтын. Сонсоң ғой, тым дөрекі де дүбәра сырт әлемнен сырғып, жасанды әлемнен (жазу) бір бой жасап, сәукеле киген сәуле іздейтіні. Ал жасанды әлемнің бар ұшпаққа шығарып, жеткізген жері – қардай ақ парақ, сүттей ұйыған сезім, бойына ұя салған біртүрлі сырқат және Бетпақдаланы кезген ұлы жалғыздық!

Ол Бетпақдаланы кезіп, тысқа шықты. Таңның тақым жазар сәтіне тақау қалса да әзірге – ұрлана жымып, жылы орнын суыта жылыстай баяу жүзген – Түн үстем!

Ауа дым бүркіп тұр. Оны қайтадан ұйқы иектеді. Неге екені белгісіз, жарығы түн түнегін тілгілеген «Рафиктің» рулінде отыр екен дейді бұл... Неге екені белгісіз, күндіз – жүн түтіп, күн батса – ұршық иіріп, уақыт оздыратын, ақ бөртпе шәліден жаулық салынған Аққұртқадайын ару қыз мінді көлікке... Неге екені белгісіз, түннің бір уағына қарамастан – ел  тоқтығын уайымдап, жымық құйылған ұлы астауға мал қайырып жүретін, тымағы жәпірейген бір қара шал дөй-далада жаяу-жалпылатып кетіп барады...

Мұны қамаған пәруана елесті сейілтіп жауын себеледі. Жасанды әлем, жас жігіттің тым ұйқылы дидары таң ата сәуірдің майда жаңбырымен араласып ғайып болды.  

6 пікір
  • Тусинбедим дым
    10 жыл бұрын
  • бұл арада түсіну маақсат емес, түйсіну, сезіну алдыға шығады. Болмысы бөлек жан туралы меніңше
    10 жыл бұрын
  • Almat aga!!! jalgyzdyk turali maganada tusindim!!!! Adebi jazylgan!!!
    10 жыл бұрын
  • Жасанды әлем. .. жалғыздық. .. тым ауыр суреттелген. Кішкене ашыңқырап түсіндіріп берсен мағынасын
    10 жыл бұрын
  • Алмат, сол сәукеле киген сәулені іздеп таба аларсың ба екен ? Қияли әлем мен реализм екеуін қоса алсаң, Маркес сізге риза болар еді. Бірақ "Макондоны" табу оңай емес қой.
    10 жыл бұрын
  • "Маконданы" іздеудің қажеті шамалы. Ол қасымызда. тек көре білу және сол көргеніңді жеткізе білу керек, нұрбол және өзге пікір білдіргендер, сіздерге алғыстан басқа айтарым жоқ
    10 жыл бұрын