Сыбағамыз сахабамен тең бе екен?
Сыбағамыз сахабамен тең бе екен?
6 жыл бұрын 2711
Ермек ЕCҚОЖА

Қандай сезім ақыл-ойын жеңді екен,
Жәннатты аңсап жан-жүйесі шерлі екен.
Пайғамбарды сүйген үшін алатын,
Сыбағамыз сахабамен тең бе екен?

Деген ойға шомды бір күн бір мүмін,
Жасыра алмай жүректегі шындығын.
Сұрағына жауап болып түс келді
Тылсым әлем түріп тастап түндігін.
Құлағың сал ағытайын жыр жібін.

Емес екен әдеттегі бекер күн,
Көлігіне мініп алып шет елдің.
Төрт дөңгелек турап жатқан көк белді
Аңызбенен ағып келеді екенмін.

Құстай ұшып ақмаңдайлы айқасқам,
Жүйткіп келем айып олар жай басқан.
Әз Пайғамбар оң жағымнан орын ап,
Қос сахаба артқы орынға жайғасқан.

Жайғасыпты деген сөзім жай ғана,
Жай отырар жан емес қой қаймана.
Әз Елшінің әр қимылын қос қыран
Бағып отыр құрметіне сай ғана.
Көріп келем көзім салып айнаға.

Жүйткіп келем бір ұшып, бір басылып.
Аппақ шуақ бейнемізді жасырып.
Кенет көк тас кері ұрды да көлігім
Жығылмады, қалды жарға асылып.

Білмеймін ғой барам қайда асығып.
Қайтпек керек?..
Ойым опат он қабат.
Маған парыз Әз Елшіні қорғамақ.
Тас тірейін зақым келер болмаса
Орынынан сәл қозғалса доңғалақ.

Тағдыр маған көрсетсе екен оң қабақ.
Әлім бітті денемнен тер сорғалап,
Кеттім тасқа қос иықты қомдап ап.
Уф, таптым-ау... жұдырықтай «тағдырды» ап
Кері қайттым төрт тағандап, жорғалап.

Мұның бәрі бір сәтте өтті қас-қағым,
Үрейді енді үмітіммен жасқадым.
Деп жеткен ем, дөңгелектің астына
Қос сахаба қойып жатыр бастарын.

Уа, дариға, неткен биік асқарың?!
Бұл шың тимес табанына басқаның.
Тас іздеткен махаббаттың қасында
Қайда биік сенің әзиз бастарың.

Ар алдында айыпты боп ақыры,
Сол тасымды аулағырақ тастадым.
Тек көз салып тамсанамыз шыңдарға
Уа, ағайын, мұны бәрің растағын.

Біз айтпасақ сырын ашар кім мұның?!
Жасырғаным – жамандығым, ұрлығым.
Пайғамбарды сүйген жандар осылай
Қашанда да қуаттайды бір-бірін.

0 пікір