Сәлман (р.а.) былай дейді:
«Алла кімге жамандықты қаласа, оны ұяттан жұрдай етеді, әрі оның Алланың қаһарына ұшырағанын көресіңдер. Кімде- кім Алланың қаһарына ұшыраса, ол мейірімнен ада болады. Содан кейін өте дөрекі, ынсапсыз, тұрпайы біреу болып шығады. Сонымен қатар, ол аманат, яғни сенімділіктен кетеді. Осыдан соң ол опасыздың нақ өзі болып шығады. Мұндай жан өзін Исламмен байланыстырып тұрған барлық асыл қасиеттерінен айырылады. Осылайша адамдарда жиіркеніш тудыратын қарғыс атқан сұмға айналады».
Яхия ибн Саид (р.а.) әңгімелейді:
«Әбу Дәрда (р.а.) Сәлман әл-Фарисиді қасиетті жерге шақыру үшін оған бір хат жолдайды. Сәлман әл-Фариси оған жазған жауабында былай дейді: «Қасиетті саналған, құт қонған қандай да бір мекен қанша киелі болса да, адамды сүттен ақ, судан таза етіп шығармайды. Адамды тек амалдары ғана тазартады. Естуімше, қазы болып тағайындалыпсың. Егер алдыңа келгендерге пайдаң тисе, бақыттысың. Жоқ, керісінше, өзіңе сеніп тапсырылған осы қызметіңнің мән-маңызын түсінбей, жауапкершіліктен жалтарсаң, оның арты жақсылыққа апармайды. Отырған орныңа лайықсыз кеудемсоқ біреу болсаң, өтірік дәрігер болып көрініп адамдарды өлтіріп жаһаннамға түсуден сақтан». Осы хаттан кейін Әбу Дәрда дау-дамайға нүкте қойып, шешім шығарған кісілердің артынан ұзақ қарап; «Осыным кеудемсоқтық болды-ау», – дейтін. Содан соң шағымданушыларды шақырып алып, мәселелерін қайта қарайтын».