Сәдуақас Ғылманидың діни өлеңдері
Сәдуақас Ғылманидың діни өлеңдері
8 жыл бұрын 3093

МЕН НЕ КӨРДІМ?

Жаратылыс құбылған,

Ежелгі заңы ойында.

Талдар, таңдар салмақтап,

Не жарасар бойына.

Жарасқанды ұнатып,

Қосақтап алар мойнына.

Қайшы келген нәрсені,

Тығар жердің қойнына.

 

Құтылмас ешбір мақұлық,

Ерік тиіп қолына.

Бұл заңнан, сірә, құтылмас,

Арналған адам жолына.

Жалғыз адам жеке емес,

Жалпы мақұлық тобына.

Барлыққа зорлап шығарар,

Кезеңді кезде бар етіп.

 

Бірін қор, бірін зор етіп,

Бірін бай, бірін жарлы етіп,

Бір ауру, бірі сау болып,

Бірін топ, бірін тақ етіп.

Кейбірін білгіш, білімдан,

Қылған жеке дара етіп.

Көп жағын соқыр, қараңғы,

Жаратқан әуре жан етіп.

 

Сондай барлық мақлұқат,

Тіршілік етер майданда,

Өлмеске түрлі шара етіп.

Мезгілді өмір кештірер,

Түрлі жолмен қам етіп.

Жаратылыс бір уақ жіберер,

Ілгіш, алғыш, қырандай.

Ажал деген қаһарын,

Жүрген жерін зар етіп.

 

Кездесер, іздеп тауып ап,

Мезгілі біткен біреуді.

Көз жасын қызыл қан етіп,

Шулатар қатын, баласын,

Жүрегін өртеп пар етіп.

 

Жеткені жетер арманға,

Көбі қалың арманда.

Мұңсыз адам болмайды,

Жақсысы да, жаман да.

Соның бірі мен дағы,

Әуре сарсаң шәрманда.

Ие көрдім деп жазамын,

Қарындаш қолға алғанда.

 

Жалындым, Тәңірім, жөндеші,

Ісімнің түрлі бұзығын.

Түгел адам жиналып,

Өз алдыңа барғанда.

Бар көргенім зор мехнат,

Опасыз мынау жалғанда.

 

 МҮНӘЖАТ МҰҢ

Тілек қып мұң шағамын бір Құдайға,

Өзіме бос отыру тіпті ұнай ма?

Дедім де Мыңшұқырдың қақ басында,

Қолыма қағаз алдым ойлау сайда.

 

Көзіме өткен өмір елестеді.

Мол қызық ортасында емес пе еді?

Дегендей қиял билеп жоқтау айтты,

«Бұ-дағы саған ермек кеңес» деді.

 

Себепкер барлығыңа атаң қайда?

Еркелеп алатұғын батаң қайда?

Қайтсем де көтереді назымды деп

Қорқытқан қабақ түйіп анаң қайда?

 

Сыйласқан өте тату елің қайда?

Тарқайтын сырласқанда шерің қайда?

Қарт шеше, үлкен аға, құрбы-құрдас,

Қадірлі іні-жеңге, келін қайда?

 

Серігің көңіл тынған қатын қайда?

Туысқан бір атадан жақын қайда?

Ауылдас, жақсы көрер ағайының,

«Халпе» деп таңдайлары тақылдай ма?

 

Отырған емін-еркін күнің қайда?

Қызықтап еркелеткен ұлың қайда?

Ләззаты жүрегіңде қайнап сіңген,

Өсірген әлпештеумен қызың қайда?

 

Ордалы мекен еткен үйің қайда?

Мәз болып масаттанған күйің қайда?

Ұстаған қолда Құран уерд етіп,

Аңдайтын оқығанда миың қайда?  

 

Айтатын жұртқа үгіт-хадис қайда?

Талқылап, ұғындырған мәніс қайда?

Аударып ана тілмен түсінікті,

Орайлы сөйленген сөз жатыс қайда?

 

Құлшылық орын болған мешіт қайда,

Жиналып мұң шағатын бір Құдайға?

Сан соғар әр адамға кездеспек қой,

Немене өкінгенмен жоқты пайда.

 

Айтатын жұмсақ сөзбен үгіт қайда?

Шырайлы сөйлегенде көрік қайда?

Жұқарып сүйек ет боп мұқап қалды,

Қайратты бұрынғыдай берік қайда?

 

Қарайтын неше түрлі кітап қайда?

Қаламға жорғалайтын қолың мәйда.

Бір адам сүйсінбеген қалмасын деп,

Сайрайтын бөгелместен тілің қайда?

 

Ғұлама порымында киім қайда?

Тарқатқан қызықтаумен жиын қайда?

Бір жанды үйге келген алаламай,

Тағамын даяр қылған күйің қайда?

 

Соятын қонақ келсе қойың қайда?

Айт деген, жұма деген тойың қайда?

Өзіңше тәрбиелеп ұстайтұғын,

Тазалап кір жуытпас бойың қайда?

 

Шат болып күлетұғын күлкі қайда?

Әсерлі ұтымды сөз төркі қайда?

Жарасып өз орнымен тұратұғын,

Белгілі мешіт үйдің мүлкі қайда?

 

Жайнамаз, кілем, сәлде - түгел қайда?

Дін жақтап, көмектескен нүгер қайда?

«Сен өлсең, біз де өлеміз» дегенді айтқан,

Кешегі жанқиярың бүгін қайда?

 

Дін үшін не бар дейтін мықты қайда?

Сол себепті көрдік дер соққы қайда?

«Жан сала қимылдайтын мезгіл еді»,

Деп айтып көздемейік басты пайда.

 

Жалғыз басың, міне, тұр, жолдас қайда?

Жалғыздық жарасып ед бір Құдайға.

«Ойлаушы, жоқтаушылар қалды жетім,-

Бар айтары жүр екен,- халпем қайда?».

 

Аңсайтын шер тарқайтын жұма қайда?

Сөйленген дүние ахирет түгел пайда.

Айтып-айтпай немене болмас келді,

Кездескен уақыт шығар қайда-қайда.

 

Бұл тағдыр, міне, басқа қалды орнап,

Мейірім салып аясын Тәңірім қорғап.

Бір мен емес, не ғазез қанша затты,

Бәрінде қойды тұрмыс мықты торлап.

 

Соның бірі мен дағы түстім торға,

Жалғыз-ақ бар шаттығым еркім қолда.

Тау мен тас, бұта төмпей бетке ұстаған,

Кездескен уақыт болды қалың сорға.

 

Мұңды ойласам мұңайып жабығамын,

Егіліп көзден жасым қамығамын.

Ауыр тұман, зор қайғы басып кетіп,

Шатасып бар тапқаным аһ ұрамын.

 

Сол уақыт төңірекке салам көзім,

Ойға алып Жаратқанның жалғыз өзін.

Азырақ мұңым тарқап айығамын,

Түйінін шешуге ойлап мына сөздің.

 

«Мен не үшін кездестім бұл мехнатқа,

Қылмысым өте ауыр, ісім жат па?

Не ұрлық, не қиянат, не сұмдықпен

Болмаса абырой мен зор атақ па?

 

Жоқ-жоқ, өзің ойлашы саусың бұдан»,

Дейді ойым, «Тарқатуға бастан тұман.

Жалғыз дінге басшылық жазаң осы,

Табанды тіреп қалдың мығым соған».

 

Сонда көңілім тынады «Е, бұл болса,

Бұл үшін жылап көзім қанға толса.

Мен ыразы тағдырға, мың шүкірлік,

Жүдеп, арып ақ жүзім оңса, солса».

 

Деймін де өз-өзімді жұбатамын,

Баладай алдандырған уатамын.

Мұндай ойда болуым - о да бақыт,

Қайтер ем табылмаса уатарым?

 

КӨЗ КӨРГЕНГЕ РИЗАЛЫҚ

Я, раббы, зор тамаша заман болды,

Әлемге не ғажайып петнә толды.

Жүз жасаушы аң жылдың жәйін білмей,

Айран-асыр қозғалып ми су болды.

 

Сең соғумен сенделген балық құсап,

Жөн таба алмай шатасты оңды-солды.

Ен жайылу, кең жүру қолдан тайып,

Мысалы шідерленген малдай болды.

 

Малда тәуір: тамақ тоқ, уайым жоқ,

Ежелден мойындаған оған көнді.

Бірбеткей бағыты бар айуанның,

Бар мақсаты сол жолда болды-толды.

 

Екі жақты жаралған адам ұлы,

Бос қалса бір жағынан болды сорлы.

Жалғанда ойлау, күн көру - ол бір жағы,

Соңғылықты ескеру - жүктің зоры.

 

Құдай десең, соңғылық түсед еске.

Жүрек шер боп, көңілге қайғы толды.

Былай тартсаң, өгізге ажал жетіп,

Былай тартсаң, арбаңыз әм мерт болды.

 

Екі жақтан айрылсаң қалдың жаяу,

Ар жағында белгілі ажал таяу.

Құс жей ме, жыртқыш жей ме - сен бір жемсің,

Бұлтартушы етпесе саған аяу.

 

Ұйқы жоқ, тиыштық жоқ һәм шыдам жоқ,

Құралған жүрегіңе түрлі қаяу.

Күйесің де пісесің дамыл таппай,

Әлім бар деп зарланып хақ құдай-ау.

 

Бүгін шатсың, үйіңде көңіл тәуір,

Қатын-бала көрген соң жақын бауыр.

Ызың тисе құлаққа жабырқаңқы,

Мысалы шыбжаңдайсың атша жауыр.

 

Жауыр болмай өлсең де кімге батар,

Ықты жөнді білдірмес долы дауыл.

Қай араны паналы деп барсаң да,

Ықтатпайтын күзетте бір жасауыл.

 

Сырты үйтіп, іші бүйтіп жылмаңдайды,

Бос емес осындайдан ауыл-ауыл.

Сыбанып, бел буынып, арын сатқан,

Осындайлар белгілі тәңір атқан.

 

Айтаққа еріп үреді түкті көрмей,

Көз шелей, көкірек соқыр сазға батқан.

Өзі білмес, білмеуін тағы сезбес,

Мойындамас білгенге қыңыр атқан.

 

 Жоғарғы елге, төменгі селге кетіп,

Өз құрай алмай бытыратқан.

Қомпиады тауықтың қоразындай,

Бар белгісі мойнына күйек артқан.

 

Бір жапырақ қағазы үлкен сүйеу,

Мен разы тәңіріме мойындатқан.

Мойындадым, шын көндім бұл тағдырға,

Кеселіне пейілдің қабаттасқан.

Алла сыны - бенденің көнер ісі,

Шын мүһмен хабары бар шариғаттан.

 

АРНАУЫМ БІР ДОСЫМА, ИШАРАСЫ - ЖАЛПЫҒА

 Адамның досы,

Көңілдің хошы

Табылмас нығмет білгенге.

Бірақ шын дос,

Көңілшек бос,

Деген жанды көргенге.

Адалға болып зор серік

Көңілі дінге әм берік.

 

Қайғыңды көріп,

Жүрегі еріп

Тұратын өте аяумен.

Көзінде жасы,

Ірің боп асы

Ортақтап бейнет қалаумен.

Өте қайғы дін болып,

Жүдейтін арып жүз солып.

 

Шырт ұйқысы,

Дін ұйтқысы

Басшылық қып, айғайлап.

Бөлінген еді,

Берілген еді

Жан-тәнімен ой ойлап.

Бірақ о да өзіңдей

Жүрсе де тіпті безінбей.

 

Айсаның сөзі,

Айтыпты өзі,

Кім болар Тәңірім көмекшім.

Жалғыз басым,

Тәжірибесіз жасым,

Қайтіп көпті жеңбексің?

Сондықтан серік кім болар?

Дін мұңымен іш толар.

 

Хауариун сонда:

«Біз көмекші жолға,-

Деді,- саны аз жолдасы.

Сенімен бірге,

Таратып елге

Болмақ боп діннің ордасы».

Сонда да шыннан солар,

Ғайсаны болды сынар.

 

Сондықтан сұрау,

Бола ма деп ұнау,

Қойды тамақ енуін.

Дастарханға қойған,

Аспен іші толған

Көктен құдай беруін.

Әрине, болды тілек,

Бірақ шарты мол бөлек.

 

Мен дағы дінге,

Таратып елге

Өз әлімше тырыстым.

Алғаны алып,

Алмағаны қалып

Ой-пікірмен санастым.

Елімнің көбі дүрмекшіл,

Немқұрайды құр діншіл.

 

Хан тағында,

Ел бағында,

Жұрттың көбі діндар еді.

Өзімде ерік,

Тұрғанда келіп,

Жүректі, бәрі ділмәр еді.

Бүгіне қорқақ әм сақау,

Тұрғандай ажал ол тақау.

 

Әр ауылда біреу,

Өте артық боп тілеу

Көрінетін еді көзіме.

Болып басшы,

Дінде айғайшы

Өзі діншіл өзіне.

Ақсақал, сопы, қажылар,

Емес еді азынар.

 

Дін жолдарын сүйіп,

Күш, көмегін жиып,

Жұмашыл боп аттерін.

Қиятын болған жомарт,

Деп: «айда, жүр, тарт!»,

Дегендер алмай ат, ерін.

Харап боп діннің бір жұрты.

Көрсетпей қаптап мол бұлты.

 

Діннің орны,

Бағы формы

Бұзылған жоқ орнында.

Жайнамазы

Қысы-жазы

Бұрынғы ескі формында.

Бірақ жетім, ие жоқ

Келгенге жұғар күйе жоқ.

 

Еткен құлдық,

Шағатын мұңдық

Бәрі жалғыз Иеге.

Имам басшы,

Тек айғайшы

Жарылқау, қарғау Иеде.

Жұмақ жоқ қолда беретін

Алам деп көңіл бөлетін.

 

Ендеше Құдай,

Өзгермейді ұдай,

Жыла, мұң шақ өзіне.

Қашқан кетсін,

Сазасы бітсін

Келді тартар кезіне.

Ешкімнен оны көрмейді

Қылмысты Тәңірім тергейді.

 

Мен үшін еткен,

Құлдық босқа кеткен

Жауып қой, өйтсең адастың!

Тәңірге етсең,

Өліп кетсең

Арман жоқ жолға жанастың.

Ұмытсаң обал өзіңе,

Қан келсін жылап көзіңе.

 

Айтар солай көргіш,

Сөз сырын өте білгіш,

Айып қылу жолы жоқ.

Қаңғыма боп жүріп,

Сөзі ащы келіп,

Мұны айтар оның орны жоқ.

Десе де көнген бір басым

Дін болсын деп жолдасым.

 

Көз көргенде,

Ой бөлгенде,

Бір форыммен тұратын.

Көзің тайса,

Ерік алса,

Екінші форым қонатын.

Мұндай діншіл түбінде,

Шықпас жеміс өнімді.

 

Үйретер Құран,

Неңізді жолдан,

Бірақ нәпсі бас тартар.

Жолы жеңіл,

Бөлгенге көңіл,

Бірақ ой жоқ толғатар.

Қайтсе де жүрдім ішінде

Адамдық форм, пішінде.

 

Өзімді досым алсам,

Адамдық жолда барсаң,

Шын досымсың бөлек жоқ.

Ынтаң өте артық-ты,

Тұра алсаң нәпсің тәртіпті,

Жүректе бөтен тілек жоқ.

Қолқ етпе көңіл шындығың.

Көрініп мол боп ынтығың.

 

Бұл жолда сені,

Бір деп біліп кемі,

Жоқ деп анық сене алам.

Қараңғылық бірақ,

Кемдеу боп сабыр, тұрақ

Құмарыңа ой алаң.

Бұған қарап бұл көңіл

Суынып дейді ал түңіл.

 

Бір тиынға,

Әр жиында

Талассаң өте түс бұзып.

Адамдық жол,

Бола ма қол,

Кіріссең оған мол қызып.

Көргенде сондай бір істі,

Мұздатар өте бұл ішті.

 

Бұл сөздерім,

Мен кездедім,

Кезімді алып қолыма.

Сынауым мін,

Көтеріп үн,

Айыпты боп дін жолына.

Десе дағы мен айтқан

Жоқ басымды әм тартқан.

 

Себеп менде,

Мін тағу кемге,

Көзде емес тұтылған.

Мақсатым түзеу,

Өрнегін безеу,

Дегізіп міннен құтылған.

Жол десе ұғын сөзімді,

Жан болып дінге төзімді.

 

Бұл бір жамау,

Жыртыққа ұнау,

Жамайды ұққан қолына ап,

Ұқпаған қалды,

Ойына алды,

Үлкен өкпе жолға сап.

Айтқаның болып жерде,

Ұшырадың қара терге.

 

Қалдың, тоқтал,

Кек қылмай жоқ, бар,

Адасқан қалар адасып.

Өзің ұғын,

Жолдасың жоғын,

Жүрмессің енді жанасып.

Жетер осы айтқаның,

Кәнекей, жұртты байытқаның?

 

0 пікір