Құран жаттаған қариларға өсиет
Құран жаттаған қариларға өсиет
7 жыл бұрын 5424 ummet.kz
Қуат ҚАБДОЛДА

Атақты Құран хафизы, ғалым, доктор, шейх Айман Рушди Суейдтың университет бітіруші қарилерге айтқан насихаты:

"Құрметті шәкірттерім!

Сіздердің барлығыңызды Алла Тағала  Құран жаттау бақытына қауыштырды. Пайғамбарымыз (с.а.у.):

 "خيركم من تعلم القران و علمه "

 "Сендердің ең жақсыларың Құранды үйреніп, басқаларға үйреткендерің", - деп айтқан.(Бухари)

Алла құлының өміріндегі, ғибадатында жұмсаған уақытының ең абзалы - Құран үшін арналған уақыты. Он қырағатты білесіңдер, үлкен дәрежеге жеттіңдер. Осы дәрежемен бірге сынағы да бар, соны ұмытпаңыздар.

 Біздің ұстаздарымыз сияқты:

"اللهم لا تمتني حتى أدرس أربعين طالبا "

 Яғни:" Иә  Алла! Мен қырық шәкірт (қари) шығармайынша жанымды алма", - деп дұғада болуларыңды өсиет етемін. Өйткені, әркімің қырық қари шығарса, одан артық не бар?

Бала кезімде Дамаскіде әкеммен бірге қабірстанға барып, бір құлпытаста:

 "Мына жерде Құраннан қырық жылдан артық дәріс берген адам жерленген", - деген жазуды оқып, қызығып, өмірімді Құран үйретуге арнауға ниет еттім. Содан соң, өмірімде екі үлкен ұстаздан дәріс алып, оларға отыз екі жыл шәкірт болдым. Мен қырық жыл дәріс берген адамға таң қалып жүрсем, менің ұстазым жасы жүзден асқанда қайтыс болып, өмірінің жетпіс жылдан артығын Құраннан сабақ беруге арнапты. 

Құрметті шәкірттер!

 Оқу орнын бітіріп бара жатқанда мынаны ескертемін. Бұрынғылардан мынадай бір мақал бар:

 "كم طيرت طقطقة النعال من رقاب الرجال"

Мағынасы: "Ерлердің артынан аяқ киімдер тарсылы қаншалықты шықты", яғни, ертең елдеріңе барғанда, он қырағат жаттаған қари деп, ел құрметтеп, арттарыңнан ереді. Міне, сол кезде нәпсіге еріп, дүниеге алданып, масаттанып кетпеңдер.

Бұл үлкен сынақ, кезінде екі Салим деген жігіттер қари болып шығып, бірісі алған іліміне амал жасап, шәкірттер тәрбиелесе, екіншісі өзін мақтаған бұзық жастарға ілесіп, нәпсісі жеңіп арақ ішіп кетеді екен. Бір жолы ұстаз Салим шәкірттері артынан еріп кетіп бара жатса, бұрынғы досы екінші Салим кездесіп :

"أنت سالم أنا سالم  و لكن لا ندري من عند الله سالم ؟"

 Яғни, "Сен Салимсың, мен Салиммін, бірақ екеуіміз Алла алдында қайсымыз Салим (аман) екенімізді білмейміз", - деген екен. Ондағысы, бауырым артыңда сынақ еріп келеді, мен сияқты алданып қалма", - дегені болыпты. Мұны естіген ұстаз Салим отыра қалып, қатты жылапты. Сондықтан, шәкірттерім сендерге Алла көз бермесе, Құранды көре алмаушы едіңдер, ал тіл бермесе оқи алмаушы едіңдер. Ал, құлақ бермесе ести алмаушы едіңдер. Ал, ми, жады бермесе жаттай алмаушы едіңдер. Ендеше қалай біз:

" Құранды мен жаттадым", - дей аламыз?!  Бұрында бір шәкіртім футбол ойнап жүріп, допты басымен соғамын деп біреудің басына басы тиіп, талып қалады. Есін жиған соң:

 " Мен кіммін? Сендер кімсіңдер?", - деп, бәрі нәрсені бес минутқа дейін ұмытып қалыпты. Түк те жоқ, жаттаған Құран да жоқ, өзінің кім екенін де білмепті. Бес минуттан кейін қуаты біткен телефонды токқа қосқанда, қайта жұмыс істегендей, бәрі есіне келгенде,  жылай беріпті.

Мен оған:

 "Әй, бауырым! Сені Алла доп тебу үшін  емес, Құран үйрету үшін қари қылды. Негізгі жолыңда жүр", - деп өсиет айттым. Сол себепті шәкірттерім, ел - жұрттарыңа барғанда, осы өсиеттерді ұмытпаңдар және ұстаздарымыз сияқты қырық қари шығару дұғасында болыңыздар! 

 Бізге де дұғада болыңыздар! Алла жолдарыңды оңғарсын", - деп айтқан өсиеті нендей әсерлі. Алла баршамызға Құран жолымен жүруді нәсіп етсін!   

 

0 пікір