«Айналасы мүбарак» қасиетті – Құдысым!
Сыздамасын балтырың, тарылмасын тынысың!
Мұсылманға үшінші киелі жер – Құдысым!
Көресінің осымен бітсін, кетсін, құрысын!
Дәуіт пенен Сүлеймен мешіт салған – Құдысым!
Әл-Ақсаны өртеді – кешірмеймін бұл ісін!
Күллі нәби-мұрсалға имам болған – Құдысым,
Пайғамбардың көзісің, көңілдердің гүлісің...
Пайғамбарым миғражға көтерілген – Құдысым!
Жарқырадың сол кезде, бейне жердің күнісің...
Әл-Қағбадан алдыңғы құбыламсың – Құдысым!
Руханият таңының асқақтаған жырысың...
Жақын қалды, иншалла, Сен біздіксің – Құдысым!
Ер Мәдінің ғәскері қайрап отыр қылышын...
Еш мұңайма, жасың тый, қолыңды бер – Құдысым!
Сен, өйткені, Өзімсің, бір Алланың құлысың!..
(Құдыс - Иерусалим қаласының арабша атауы. Құдыс қаласы үш дінде де қасиетті мекен саналған. Ол қалада мұсылмандар үшін қасиеттілігі жөнінен үшінші ретте тұратын Ақса мешіті орын алған).