Қорқынышты түс (әңгіме)
Қорқынышты түс (әңгіме)
2 ай бұрын 4221
Жүнәйд Суави, түрік жазушысы

Кішкене күнімнен бері тар жерден қысылушы едім. Ондай тар жерлерге кірмеуге тырысатынмын. Кейін үлкейгеннен кейін мұның белгілі бір сырқат екендігін білдім, бірақ сол күйінше ол дерттен құтыла алмадым. Енді міне өмір бойы қорқып келген тар жерге қаласам да, қаламасам да, кіргелі жатырмын.

Мені матаға орап, қымтап, табытқа шалқамнан жатқызды. Айналамда жүргендердің дауыстарын жақсы естіп жаттым және екі көзім жабық болса да, қалай екендігін білмедім, оларды көріп жаттым.

- «Жас кетті, бейшара» деп жатты айналамдағы адамдар. - «Істейтін көп шаруасы бар еді» деді тағы біреу.

Расында да көп жұмысым бітпей, жартылай қалып қойды. Мысалы, ұлыма жақсы бір сауда нүктесін ашсам ба деген едім, ол қалды. Автокөлігім мен теледидардың кредиті тағы бар... Үлкен бір фирма ашып, жолдастарымды жинау да ойымда бар болатын. Оның үстіне қыс келе жатыр қылышын сүйретіп, оған дайындық та қалды, отын, су, көмір алу деген сияқты шаруаларды да істеп үлгермедім. Үйдің төбесінен су ағып тұрушы еді, ол жерді де бітеп үлгермедім. 

Осылайша істеп үлгере алмай қалған істерімді сайып жатқанымда құлақ шыңылдатар бір дыбыстан селк ете қалдым. Микрофонмен құлағымның түбінде айтылып тұрған сынайлы және мына бір сөз миымның ең түпкі жерлерінде жаңғырық боп тұрды:

- «Болды, өтті, кетті!» - деді бір дауыс. Ішімнен «әттең, өтпесе, кетпесе екен» деп жаттым. Жол апаты қайдан ғана менің басыма келе қалды екен, ә?! Көлікті тым жақсы жүргізуші едім ғой.

Болған жәйтты еске түсіруге тырысып жатқанымда, достарым айналама жиналып, мен жатқан табыттың қақпағын жабуға икемденіп жатқандарын сездім. Оларды тоқтатпақ болып, қанша кеңірдегімді жыртсам да, қанша қозғалсам да, даусым шықпады, еш қимылдай алмадым. Бірер сәттен кейін қою қараңғылықтың ішінде қалдым. Назарымды табыттың тақтайлары арасындағы жарықтан өткен кішкентай сәулеге аудардым. Өз-өзіме:

- «Уа, Құдайым-ай! Енді жағдайым не болады?» - дедім. Қорқыныштан еш нәрсе ойлай алмадым. Сол сәтте адамдар мені иықтарына салып, әрі-бері теңселдіре бір жаққа әкетіп бара жатты. Сырттан жауып жатқан жаңбырдың дыбысы естілді. Тамқан жаңбыр тамшылары табытқа тарс, тұрс тиіп жатты.

Шамасы жаназамды шығару үшін мешітке апара жатқан сықылды.

Мешіт демекші, сол сәтте мешіттің біздің үйге жақын орналасқандығы ойыма түсті. Мешіттен күн сайын бес уақыт намазға шақырылсам да, бір уақыт тауып бара алмадым. Бірақ әрдайым айтып жүруші едім: елу жасыма келгенда намазға бастап, айналамдағылардың ығырын шығарған жаман әдеттерімді де тастамақшы едім.

Иә, иә. Мына жол апаты деген құрғыр болмағанда, алдағы уақыттарда жақсы адам болмақшы едім.

Сол арада таныс бір дауыс қай жерден шығып тұрғаны белгісіз былай деп жатты:

- Өтті, болды. Бітті. Бәрі артта қалды..

Біраз уақыт өткеннен соң жаназа намазымды оқып болды. Адамдар қайта мені иықтарына көтеріп, теңселдіре-теңселдіре бір жаққа апара жатты.

Ауданымыздағы кофехананын алдынан өтіп бара жатқанда, күн сайын бірге карта ойнайтын жолдастарымның шат-шадыман қарқылдап күліп отырғандарын естідім. «Менің өлгенімді естімеген болар» деп ойладым. Дауыстары бара-бара алыстай түсті, ақыры жоқ боп кеткенде өрге қарай қисайтылып алып бара жатқанымды сездім, мазарға шығатын өрге көтерілудеміз.

Қатты жауған жаңбырдың тамшылары табыттың жарылған жерлерінен өтіп, кебінімның ана жерін, мына жерін су қылғанын сездім. Оған қарамастан, сырттағы әңгімелерге құлақ түрдім. Достарымның кейбірі нарықтағы дағдарыс жайында айтып келеді, кейбірі болса ұлттық құраманың соңғы ойынын мақтап келеді. Табытымды көтеріп келе жатқан тағы біреу қасындағының құлағына сыбырлап:

- «Мархұм қырсық біреу болған сияқты ғой. Үстіміз су болды!...» деді. Естігендеріме өзім сене алмадым. Осылар кезінде қаншама мәрте түн ұйқымды төрт бөлген достарым еді!

Соңғы сапарым да аяқталды, табытым жерге қойылды. Табыттың қақпағы ашылды. Ішінен өлі денемді ұстаған қолдар мені шығарып, түбіне су үймелеген шұңқырға түсірді. Ұзынан сұлық жатқан жерден айналама қарадым. Қарасам:

- «О, құдайым! Бұл қабір емес пе?! Осы сәтке дейін осы қабірге кіретінімді неге ойламағанмын?» Дыбыссыз жан айқайымды ешкімге естірте алмадым. Достарым менің үстімді көмуге жарысып жатқандығын сездім. Қайтадан қою қараңғылық басты. Сол қою қараңғылықта бүкіл әлсіздігіммен дұға тілеп, Аллаға жалбарына бастадым:

- «Уа, Жаратқан Ием!...» деп жатырмын.- «Маған тағы бір шанс берілмес пе екен? Сенің қалағанындай адам болар едім. Қабірімді пейіш бақшаларынан бір бақшаға айналдырар едім!...» дей бастадым. Сол сәттә алдыңғы таныс дауыс жарқын естіле бастады:

- «Болды, болды!» - деп қайталады. - «Бәрі артта қалды!...»

Қабірімді жапқан тақтайлардың үстіне лақтырылған тас-топырақтардан шыққан дауыс - аспан күркірегендегі қорқынышты дауысқа ұқсап жатты. Бүкіл болмысымды қалтыратты...

Сөйтіп жатып бар күшімді жиіп, жатқан жерімнен атып тұрдым да көзімді аштым. Қарасам палатадағы төсегімде жатыр екенмін. Қорқынышты түс көріппін. Көршілес бөлмеде отырған кезекші дәрігер мені өзіме келтіруге тырысып:

- «Болды, болды» деп айқалап жатыр екен. - «Болды, бәрі артта қалды. Қарашы, еш нәрсең қалмады!» 

Жатқан төсегімнен ақырын тұрдым. Қара терге түсіппін. Құдды жиырма килограмм салмақ тастаған секілдімін. Сыртқа қарасам жаңбыр шелектеп жауып тұр. Найзағай ойнап, аспан күркіреп, қатты дауыстан ғимарат діріл қағуда...

Маған таңырқап қарап тұрған айналамдағы адамдардың арасында өз-өзіме келуге тырысып бақтым да Құдайыма:

- «Уа, Аллам! Саған сансыз шүкірлер болсын. Саған жақсы құл болуым үшін тағы бір мүмкіншілік бергеніңе тәубе. Тағы бір шанс бермегеніңде жағдайым не болар еді, уа, Жаратқан?!» - дедім іштей тәубеме келіп...

Аударған А. Қасым

 

 

 

 

 

0 пікір