Сантехник шақыртқанмын. Арада жарты сағат өтті ме, өтпеді ме, табалдырықтан алпысты алқымдаған, ақсақал жасына жақындаған кісі аттады. Түрінен момын, момын болғанда қой аузынан шөп алмас адам екені бірден байқалған еді. Алайда, үстінен жағымсыз иіс шығып кетіпті. Күлімсі иіс мұңк ете қалды. Ыңғайсызданбасын деп, қанша сездірмеуге тырыссам да тұншығып өліп барамын. Тіпті, ауа жетпей көзімен жас ытқып кетті. Тек мейірім шуағы төгілген көзіне қарап, шыдауға болар еді.
- Жуынбағаныңызға көп болған сияқты... – дедім көңіліне ауыр алып қалмасын деп астарлай, ишаралай сөйлеп.
- 71 күн, 9 сағат өтті, - деп ол да осы сауалымды күтіп тұрғандай едел-жедел жауап қатты.
- Неге осы уақытқа дейін жуынбай жүрсіз? дедім мен де оның қанша уақыттан бері жуынбай жүргенін сағатына дейін жатқа білетін қабілетіне қайран қалып әрі ұятты жиып қойып, тікесіне көштім.
Менің төтеден қойған сауалыма ол қыңбады. Сәл бүгежектегені болмаса. – Аға, - деді ол кенет (менен он жас үлкендігімен қарамастан) – Айып етпеңіз, сіздің үйіңізде жуынып алсам бола ма? Мен хостелде тұрамын. Онда жуынатын жер жабылып қалған. Сол үшін жалдау ақысы арзанға түседі. Бар тапқан-таянғанымды ауылға жіберемін. Бірде бар, бірде жоқ, шабашка қой біздің тірлік, деді. Мен ойланып қалдым. Сенерімді де, сенбесімді де білмей далмын. Есік аузында тұрған сантехникке қалай көрінгенін қайдам, кіреберіс дәліздің қақ ортасында бұған сынай қараған үй егесі бір сәт үнсіз қалды. Бұл мезетте ол уақыт пен кеңістіктен ары асып, алыстап кеткендей, өз тұңғиығына сүңгіп кеткендей... әрі қорқынышты әрі алдамшы әсер қалдырған еді.
- Ағарған шашыңа дейін майланып кеткен екен. Кір сіңген киімің де май жұққандай жылтырап, көң боп қатып қалған сияқты. Шүңірейген көзіңнің нұры тая бастаған екен. Жаным ашып кетті саған. Азып-тозып жүрген жүрісіңе қарным ашты.
– Келші, келші, бауырым, дедім құшағымды ашып. Сантехник алғашында маған күдіктене қарады. «Осының есі дұрыс па өзі» деген сауалды көзінен жазбай оқыдым. – Қорықпаңыз, келіңіз, сізге жаным ашып тұр... Ол бір басып, екі басып, маған тақап келді. Сол, сол-ақ екен, жанарымнан жас бұлақ боп ақты. Оны әлсіз қарсыласқанына қарамастан бауырыма тарттым. – Қарғам-ай, тоз-тозы шыққан жұртым-ай, деп аңырадым. – Түсінші, мен әкемін ғой, мен әкемін. Түсін менің сезімімді, - деп дәп бір оның перзент сүймеген адамдай көргенім өзімен таң болды. – Мен әкемін! Әке болған соң балаларыма жауаптымын. Әрбір тиын есепеулі менде, жарығым. Суға да ақша кетеді, сабының да ақша. Қазір бір кір сабынның өзі 490 теңгеге дейін қамбаттап кеткен, сен соны білемісің, о жазған, - деп бір тоқтадым. Коммуналдық қызмет ақысының, тарифтың қымбаттағаны есіме түсіп, одан сайын көз жасыма ерік бердім. Бауырыма тығылы түскен ақсақалдың майланып кеткен шашын немеремнің шашындай көріп иіскеп, тағы көз жасымды көлдеттім. Бой-бойым шығып, мейірлене, егіле жыладым. Алпыс екі тамырым иіп, қабырғаларым сөгіліп. Менің мейірімім көз жасы болып төгілді, көз жасым көл дарияға айналып, өзімді сол көл дарияның суынан жайқалып өскен алып бәйтерек сезіндім. Тым аспандап кеттім, білем...
- Егер сен бала кезіңде, шырын татыған кезіңде келгеніңде саған деген мейірімім одан сайын артып, саған, бәлкім, жуынып алуға рұқсат берер ме едім... Әттең, әттең, қартайғаныңда жолықтың маған. Осы мейіріміда қанағат ет, осы менің саған деген ыстық ықыласым мен мейірім-шафқатымның (шапағатымның) өзі саған бір жылға азық болады, бір жыл бойы саған қуат береді. Осы тойғаныңмен бар, - дедім. – Бар! Құдай саған жар болсын! – дедім.
Сенер-сенбесін білмей тұрғандай аңтарыла қарады. Сосын жаутаң-жаутаң етіп, есікке қарай беттеді. – Бар! Баршы! Одан тезірек құтылғым кеп. Ол кеткен соң өзіммен-өзім оңаша қалып, жастығымды құшақтап, шерімді тарқатайын деген ойдан өзге ниетім жоқ еді, ол, кенет, дәп бір әкесіне мен өлтіргендей ішіне кек қатып, сұмдық жеккөре, жауыға қарады.
Бұл – болған оқиға!