Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сахабаларына айтқан алтынға бергісіз өсиет сөздері
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сахабаларына айтқан алтынға бергісіз өсиет сөздері
3 жыл бұрын 5110
Дайындаған Абдусамат Қасым

Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың әрбір сөзі өсиет, әрбір кеңесі өмірлік қағида екендігі мәлім. Құран Кәрімде «Ол өзінің ойынан сөйлемейді, оның сөйлегені көкейіне салынған уахи» - дей отырып, пайғамбарымыздың сөздері, шындап келгенде Жаратушының жүрегіне салған илһамы екендігі білдірілген[1]. Алла елшісінің (с.а.у.) хадистері, арадан қанша ғасыр өтсе де өзінің құндылығын жоғалтпауы да, оның тәңірлік қайнар бұлақтан алынғандығын көрсетсе керек.

Бүгінгі жазбамызда Алла елшісінің (с.а.у.) сахабаларына айтқан біршама өсиет сөздерін бөлісе кетсек деп отырмыз.

1. Алла елшісінің (с.а.у.) сахаба Әбу Зәрр әл-Ғифәриға айтқан жеті өсиеті

Әбу Зәрр (радияллаһу анһ) айтады:

 أَوْصَانِي خَلِيلِي بِسَبْعٍ / Менің досым маған жеті нәрсені өсиеттеді:

1)  أَمَرَنِي بِحُبِّ الْمَسَاكِينِ , وَالدُّنُوِّ مِنْهُمْ / Міскіндерді жақсы көруімді және оларға жақын болуымды бұйырды.

2) وَأَمَرَنِي أَنْ أَنْظُرَ إِلَى مَنْ هُوَ دُونِي , وَلَا أَنْظُرَ إِلَى مَنْ هُوَ فَوْقِي / Өзімнен жоғарыларға емес, өзімнен төмендегілерге қарауымды бұйырды.

3)  وَأَمَرَنِي أَنْ لَا أَسْأَلَ أَحَدًا شَيْئًا / Ешкімнен еш нәрсе сұрамауымды бұйырды.

4) وَأَمَرَنِي أَنْ أَصِلَ الرَّحِمَ وَإِنْ أَدْبَرَتْ / Өздері бет бұрса да, туыстық байланысты үзбеуімді бұйырды.

5) وَأَمَرَنِي أَنْ أَقُولَ الْحَقَّ وَإِنْ كَانَ مُرَّا / Ащы да болса ақиқатты айтуымды бұйырды.

6) وَأَمَرَنِي أَنْ لَا أَخَافَ فِي اللَّهِ لَوْمَةَ لَائِمٍ / Алла жолында сөгушілердің сөгісінен қорықпауымды бұйырды.

7) وَأَمَرَنِي أَنْ أُكْثِرَ مَنْ لَا حَوْلَ وَلَا قُوَّةَ إِلَّا بِاللَّهِ ، فَإِنَّهُنَّ مِنْ كَنْزٍ تَحْتَ الْعَرْشِ / «Лә хәулә уә лә қууәтә иллә билләһ» деген сөзді көп айтуымды бұйырды (күш те, қуат та Аллаға ғана тән). Шынында осы (өсиет) сөздер Арштың астындағы қазыналардан болып табылады[2].

2. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сахаба Әбу Һурайраға айтқан бес өсиеті

Сахаба Әбу Һурайра былай дейді:

«Бір күні Пайғамбарымыз (с.а.у.) бізге: «Кім менен мына өсиет сөздерді алып, сонымен амал қылады немесе амал қылатын басқа біреуге үйретеді?» – деп сұрады. «Мен алайын, уа Расулалла!» - дедім. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) қолымнан ұстап тұрып, бес нәрсені сайып берді:

1) Харам нәрселерден сақтан, сонда адамдардың ең діндары боласың.

2) Алла Тағаланың өлшеп берген несібесіне қанағат қыл, сонда адамдардың ең байы боласың.

3) Көршіңе жақсылық жаса, сонда (шынайы) мүмін боласың.

4) Өзіңе қалаған нәрсені, адамдарға да қала, сонда (шынайы) мұсылман боласың.

5) Күлкіні көбейтпе (көп күлме), шынында көп күлкі жүректі өлтіреді»[3].

3. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сахаба Ибада ибн Сомитке айтқан алты өсиеті

Сахаба Ибада ибн Сомит былай дейді:

«Алла елшісі (с.а.у.) айтты: мына алты нәрсені істейтіндеріңе кепілдік берсеңдер, мен сендерге пейішке кіретіндіктеріңе кепілдік беремін. (Ол алты нәрсе төмендегідей):

1) Сөйлегенде шын сөйлеңдер (өтірік араластырмаңдар).

2) Уәде берсеңдер, уәделеріңде тұрыңдар.

3) Алған аманаттарыңды иесіне (қиянат жасамай) қайтарыңдар.

4) Әурет жерлеріңе ие болыңдар (зина жасамаңдар).

5) Көздеріңе ие болыңдар (харамға қарамаңдар).

6) Қолдарыңа ие болыңдар (яғни, ешкімге қолмен зиян тигізбеңдер)»[4].

4. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) есімі белгісіз бір сахабаға айтқан бес өсиеті

«Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсенің қадірін біл:

1) Кәрілік келмей тұрып, жастығыңның қадірін біл.

2) Ауру келмей тұрып, денсаулығыңның қадірін біл.

3) Кедейлік келмей тұрып, байлығыңның қадірін біл.

4) Басыңа іс түспей тұрып, бос уақытыңның қадірін біл.

5) Өлім келмей тұрып, өміріңнің қадірін біл»[5].

5. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сахаба Мұғаз ибн Жәбәлға айтқан он өсиеті

Сахаба Мұғаз ибн Жәбәл былай дейді: 

«Алла елшісі (с.а.у.) маған он нәрсені өсиет етті:

1) Өлтірілсең де, өртелсең де Аллаға еш нәрсені серік қоспа.

2) Ата-анаңа жамандық жасама. Мал-дүниеңнен шығарып беруіңді айтса, дүниеңнен шығарып бер.  

3) Парыз намазды әдейі қазаға қалдырма. Кім әдейі парыз намазды қаза қылса, шынында Алланың панасы одан алыстайды.

4) Мүлдем ішімдік ішпе. Шынында ішімдік – барлық жамандықтың басы.  

5) Күнәдан ұзақ тұр. Шынында күнә - Алланың ашуын тудырады.

6) Адамдар қырылса да майдан шебінен (соғыс алаңынан) қашушы болма.

7) Адамдарға өлім келсе, бекем бол.

8) Дүниеңнен отбасыңа жұмса (нәпақасын беріп тұр).

9) Тәрбиелеу мақсатында отбасыңа (орнымен) қатал бол.

10) Отбасыңды Алламен қорқыт (яғни, күнә істеген жағдайда Алла Тағаланың қаһары болатынын ескертіп отыр)»[6].


[1] Құран Кәрім, «Нәжм» сүресі, 3-4 аяттар.
[2] Ахмед ибн Ханбәл: «Мүснәд», №21415 хадис, сахих.
[3] Имам Тирмизи: «Сүнән», №2305 хадис; Ибн Мәжә: «Сүнән», №4217 хадис.
[4] Имам Ахмед: «Мүснәд»; Ибн Хибән: «Сахих»; әл-Хәким: «Әл-Мүстәдрәк». Хадис сахих.
[5] Әл-Хәким: «Әл-Мүстәдрәк». №7846 хадис; әл-Бәйһақи: «Шуъабуль Иман». №10248 хадис; Әбу Дуня... Сахих Хадис.
[6] Имам Табарани: «әл-Кәбир». №15977, 16051 хадис.

0 пікір