"Отаным" деп шығыпты алғаш үнім
"Отаным" деп шығыпты алғаш үнім
9 жыл бұрын 6537
Меруерт Мұхамадиева, Семей қаласы
Тәуелсіздік күні мерекесіне орай 

Мен-қазақпын, өткеннің жалғасымын,

Тектіліктің, ерліктің алғашымын.

Бозторғайдай бодан боп жатқан кезде,

"Отаным" деп шығыпты алғаш үнім.

Мен-қазақпын...

Тіршілігі қиысқан қиындардан,

Долы дауыл, қатал қыс, құйындардан.

Ашаршылық, репрессия құрбаны боп,

Тарихымды талқандап, сыйымды алған...

Мен-қазақпын...

Желтоқсанда қиылған қыршынынан,

Түзілгендей жас-кірпік, мұң шығынан.

Соғып өткен саясат ызғарындай,

Азынаған алыстан, тыңшы бір ән.

Азап шеккен арыстар ұлтым үшін,

Орталықтың жазалау қырсығынан.

Мың құладым, мың тұрдым шерлі болып,

Иірілген өмірдің ұршығынан.

Мен-қазақпын...

Бұрмаланып тарихы сан ғасырдан,

Қиылыпты бастауы жалғасынан.

Ұлттық рухтың көтеріп көк байрағын,

Батырлықпен көрсеткен барға шыдам.

Аспандатып адамдық ақ жалауын,

Жалғандықты асырмай Ар басынан.

Ашылмастай, ластанып ақ қайнары,

Отаршылдық озбыры қақпайлады.

Ұлтжандылар үгіліп тамырынан,

Алаш деген арыстар жақпай бәрі.

"Ұлтшылдар" деп айыппен айдалса да,

Жүрегінде жұмыр жер сақтайды әлі,

Мұрасындай мәңгілік мақтайды әлі!

Мен-қазақпын...

Тағдыры бар тарихы тарауланған,

Түндігінен тігіліп, жалау-арман.

Мәңгілік ел бастауы-Тоныкөк боп,

Жарқыраған болашақ, алау алдан!

  Сайын дала төсіндей даласы бар,

Даласы бар Тұранның Алашы бар.

Мәңгілік ел идея-бірлік-мұрат,

Болмағанда ешқашан ала шұбар.

Ереулі атқа ер салса, Махамбеттер,

Күңіреніп көк аспан, дала шыдар.

Дауылпазы даланың ер Махамбет,

Хакім Абай бастаған дана шығар.

Түркі елінің заңғары, ой-мұхиты,

Фарабимен кімдердің таласы бар?

Әлихан мен Ахмет, Міржақыптар,

Алыптары қалаған Алашы бар.

Заңғарындай заманның Мұхтар сепкен,

Даналықтың сәулелі санасы бар.

Қазақстан! Бауырмал, атамекен,

Бауырында баршаның баласы бар.

Алашымның көсемі, қайраткері,

Әлихандар, Ахмет қайратты ері.

Автономия ел болсақ деп ұмтылып,

Азаттықтың ақ құсын сайрат деді!

Сталин мен Ленинге хатын жолдап,

Келешекті кемелден ойлап тегі.

Мен-қазақпын...

Қан майданда құмығып, тұншығатын,

Отаным деп жанкешті үн шығатын.

"Адамға иман парыз" деп толғаған,

Абайдайын кемеңгер, сыршыл ақын.

Мейірімнің кәусарын ішсек қана,

Ғасырымнан түн аунап, күн шығатын...

Мәңгілік ел-Тоныкөк, бастан білем,

Қашалыпты әр сөзі тастан кілең.

Ел бірлігін ойлаған ер Тоныкөк,

Қарашаға танытпай тастанды рең.

Кедейлерді қуантып, мерей төгіп,

Қорек берген қуаттап, астан кілең.

Он үшінші ғасырда өркен жайған,

Мәңгілік ел идея, бастан білем!

Қазақстан! Көк жайлау, кеңістігім!

Төрің үшін тәуелсіз жемісті күн.

Жолдарыңда тұлпарлар дүбірі бар,

Бүтінделіп бүгінде кемістігің.

Әз Жәнібек, Керей хан негіз салған,

Қазақ деген Ордада жеңіс бүгін!

0 пікір