О, Рамазан! Рамазан!... (өлең)
О, Рамазан! Рамазан!... (өлең)
10 жыл бұрын 6270
Роман Бұрқаш

Нұрға бастап көз қуаныш етіп ең,

Сыйласымдай достасайық, Рамазан!

Айырылысатын күн туа ма, өкінем,

Қимасымдай қоштасайық, Рамазан!

 

Әрбір сәтің қазынасы сауаптың,

Мың айдан да қайырлысың, Рамазан!

Жүрегімді бір өзіңе қараттым,

Көптен күткен айымбысың, Рамазан!

 

Жаратушы Жаббар Ием ұлық тым,

Нығметін шын ұқтырдың, Рамазан!

Арпалысқан нәпсі менен рухтың,

Майданында шынықтырдың, Рамазан!

 

Достарыңа келемісің жылына,

Нәпсілерін тыю үшін, Рамазан!

Мейіріммен тарту еткен құлына,

Жаратқанның сыйымысың, Рамазан!

 

Азынаған айбыны ауыр, мәңгі үні,

Жәһаннамның қалқанысың, Рамазан!

Құрметіңе шайтандардың барлығы,

Кісенделіп қалғаны шын, Рамазан! 

 

Қарсы алғанда таразысы маһшардың,

Сауабыңмен басым болшы, Рамазан!

Белгісіндей махаббат пен аңсаудың,

Жанарымда жасым болшы, Рамазан!

 

Инедейін таза жер жоқ жаныма,

Дарытсыншы Құран емін Рамазан!

Ахыретте жан қысылған шағымда,

Болсаң етті куәгерім, Рамазан!

 

Жарығыңа артамын ғой мен сенім,

Сабырыма сынақ болшы, Рамазан!

Қәдіріңе жетпесем де мен сенің,

Қәбіріме шырақ болшы, Рамазан!

 

Періште боп кетпесе де бар жаным,

Пенделікті ұмыттырдың, Рамазан!

Лайықты болмасамда Алланың,

Кешірімінен үміттімін, Рамазан!

 

Нұрға бастап көз қуаныш етіп ең,

Сыйласымдай достасайық, Рамазан!

Айырлысатын күн туа ма, өкінем,

Қимасымдай қоштасайық, Рамазан!      

1 пікір
  • Рамазанға деген құштарлығын, сағынышын жақсы жеткізген. Әсіресе өлеңнің соңғы жақтары қатты ұнады маған. Расында періште болып кетпесек те бұл айда біршама пенделіктен алшақтап, лайықты болмасақ та таудай таудай күнәларымыздың барлығына қарамастан Раббымыздың кешірімінен үмітімізді үзбейміз. Алла разы болсын Роман бауырым. Қаламыңыз ұштала берсін...
    10 жыл бұрын