Наблуси насихаты
Наблуси насихаты
18 күн бұрын 2535
Руслан ҚАМБАР

Бұл әңгімені ғұлама Мұхаммед Ратиб Наблуси әңгімелейді. Хикая «Үйленбей тұрып үйрен» кітабында баяндалады. Дамаск қаласында Уард мешіті бар. Бұл мешіт Саружа базарында. Мәмлүктер дәуірінен қалған құлшылық үйі. Осы мешітте өте тақуа мүфтиі қызмет етті. Ел-жұртқа дін құндылықтарын насихаттап, шәкірттерге дәріс берді. Бір күні түсінде ардақты пайғамбарымызды (с.ғ.с.) көреді. Әдетте түс көрмейді. Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) анық өңіндегідей көрді. Әз-пайғамбар пәленшеге сүйінші айт. Ол менің жәннаттағы көршім,-деді.

Имам таңертең ұйқысынан тұрып біраз ойға шомды. Аздап ішінде қызғаныш бар сияқты. Өмірін дін қызметіне арнап еді. Күн-түні шариғатты оқытумен, оны зерттеумен өмірі өтіп жатты. Ал, пәленше оның жамағаты. Қарапайым көкөніс сатушы.

Намаздан кейін шақырып алып: Сізге сүйінші хабарым бар. Түсімде ардақты пайғамбарымызды (с.ғ.с.) көрдім. Сізге сәлемдемесі бар. Бірақ, сүйіншіні бір шартпен айтамын. Раббыңа ұнайтын қандай жақсылық жасап едің, соны айт,-дейді. Ол кісі айтудан бас тартты. Имам қолқалап қоймаған соң көнеді. Көкөніс сатушы: Мен бір қызбен сөз байласып үйлендім. Әйелімнің аяғы ауыр екен. Бес айлық. Қызды әкесінің үйіне қайтарып жіберсем болар еді. Бірақ, құпияны ешкімге айтпадым. Әйелімнің қателескенін түсіндім. Тәубе етті. Төрт ай өтті. Ай күні толып бала дүниеге келді.

Құндақтағы баланы мешітке алып келдім. Жамағат намазға тұрды. Мешіт табалдырығына баланы қой, өзім де жамағатқа қосылдым. Намаз үстінде бала шырылдап жылай бастады. Намазды бітірер-бітірмес жамағат есікке қарай жүгірді. Мынау бала ғой. Біреу нәресте тастап кеткен сияқты,-деп кісі жиналып қалды. Мен асықпай барып: Тастанды бала болса, мен алайын. Бағып, қағып өсіремін,-деп алдым. Осылайша әйелімді қара бет, масқара болудан аман алып қалдым,-деген екен.

Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ. Адамды жаман жолдан құтқару – үлкен еңбек. Жығылғанға жұдырық демей, қолтығынан демеп қайта тұруына көмек беру – сауапты іс.

0 пікір