Мұсылман болсаң, әуелі иманды бол!
Мұсылман болсаң, әуелі иманды бол!
4 жыл бұрын 4817
Асылбек Әуезханұлы

Мұсылмандық жолдың бастауы – иман. Кісінің салиқалы істері одан кейінгі кезекте. Алайда бүгіндері мұсылмандықты намаз оқумен ғана шектейтіндер аз емес. Бірақ Алланың бар әрі бір екендігіне толық илана алмай тұрған адам намазды қайдан оқысын? Біреулердің қыстағанымен оқыған күнде де көп кешікпей тастап кетпесіне кім кепіл? «Бейнамаздан кей намаз жаман» деген мәтел сонда көрінеді. Ал ақырет жайлы хабары жоқ адамға жәннат, тозақ жайлы не айтасыз? «Тозаққа түссек, түсеміз, қайтеміз енді» дегендерге не дейсіз? Ақыретке деген мықты иман болмаса, жұмақ пен тамұқ жайлы ақиқат баяғының ертегісіндей көрінеді. Мәселен, кей ақындардың өлеңдерінде хор қыздары ертегі кейіпкерлеріндей суреттелмеуші ме еді? Кейде мұсылманмын деп жүрген адамның өзі басына түскен түрлі жағдайларды Алладан деп емес, өзі секілді адамдардың ісі деп біледі. Сондай-ақ өлім бар екенін біліп тұрып, ешқашан өлмейтіндей өмір сүреді. Бұлардың бәрі, сайып келгенде, иман жайлы білімнің таяздығынан. Сондықтан Аллаға иман келтіріп, толық бойұсынбаған кісілерге мардымды ештеңе түсіндіре алмасымыз хақ.

Ендеше, мұсылмандықтың бүкіл ісін иманнан бастауымыз керек. Абай атамыздың қара сөздерінің бірінде: «Ақылды адамға иман парыз, иманды адамға құлшылық парыз» деуінде де терең мазмұн жатыр. Айналамыздағы жаратылыс деген алып кітапты ақыл көзімен оқып, Алланың шексіз шеберлігін ұғына білген адам иманға келеді. 

Қыстыгүні қар астында қалып, өлім құшағына енген тіршілік иелерінің көктем шыға денелеріне жан бітіп, қайта тірілуі өлгеннен кейін өмір бар екендігінің қисынды дәлелі. Сондай-ақ ешбір нұқсансыз, нәзік дәлдікпен жаратылған ғаламдағы үйлесімділікті көре білу де Алланың бар екендігін мойындатады. Осыларды ақылмен зерделей білген жан иманның дәмін сезеді. Бізді қоршаған алып ғаламның Жаратушысы бар екенін, адам баласын тектен текке жаратпағанын, айналадағы барша жаратылыс өз тілінде Алланың бар екендігін паш етіп тұрғанын түсіну өте маңызды. Осылардың бәрін ескерген хакім Абай:

«Мүмин болсаң, әуелі иманды бол,

Пендеге иман өзі ашады жол» деп жырлайды.

Ал жүрегіне иман нұры орнықпаған кісіге садақа мен зекеттің мәнін түсіндіріп жатпайсыз. Ұлы ақын осы жайлы да тағы бір өлеңінде: 

"Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай, 

Сыртын қанша жуса да, іші оңбаған, – дейді.

Негізінде, ақырет жайлы айқын иманы бар адам Алла жолындағы жақсылықтарын ешкімнің нұсқауынсыз-ақ атқара бермек. Қасиетті Құран кәрімнің көптеген аяттарында «иман келтіріп, ізгі амал жасағандар» деп ретімен айтылса, хадис шәріптердің бірінде Исламның бес негізден құралатынын, олардың көш басында Аллаға және пайғамбарымызға иман ету тұратыны айтылған.

Байқап қарасақ, аятта да, хадисте де алдымен иман, содан соң өзге жақсы істер аталған. Ислам тарихын ақтарсақ, сүйікті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өз үмбетіне алдымен иманның негіздерін үйретіп, содан кейін өзге рухани құндылықтарды түсіндіргенін көреміз. Мәселен, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Муаз ибн Жәбалды Йеменге аттандырып тұрып:

«Муаз, Йемен жұртшылығын алдымен Алладан өзге тәңір жоқ екеніне және менің Алла елшісі екеніме иман етуге шақыр. Егер осыған сенсе, күніне бес уақыт намаз оқу парыз екенін айт. Одан кейін байлардан алынып, кедей-кепшіктерге берілетін зекет жайлы хабар бер» деген.

Әрине, намаздың өте маңызды құлшылық екені ақиқат. Бірақ иманның шарттары толық қабылданбай, ешбір ғибадат өз орнын таппайтынын естен шығармауымыз керек. Өйткені иман бізді жоқтан бар еткен, ақыл-сана сыйлаған ұлы Жаратушымызға басыбайлы беріліп, бойұсыну және Алланың сүйікті елшісі, екі дүниенің мырзасы, ардақты Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) үмбет болып соңынан еру дегенді білдіреді. 

Міне, сондықтан таразының бір басына иманды, екінші жағына бүкіл дүниені қойса, сөзсіз иман басым түседі. Бір адамның иманмен қауышуы жер бетіндегі бар жақсылықтан қайырлы болуы да осыдан. «Лә иләһә илләллаһ, Мухаммадур расулуллаһ» деген кәлимада осындай қуат бар. 

Адам баласы өте білімді болар, жақсылықты да бір кісідей істер, алайда жүрегіне иман ұяламаса, оның пайдасы тек осы дүниеде ғана. Осыны ескерген Абай атамыз тағы бір шумағында:  

"Істің басы – ретін танымақтық,

Иман білмес тағатты қабыл демен, – деп тағы да мәселенің ең тереңін қаузайды. 

Жинақтай келе айтарымыз, Ислам талабы бойынша, әрбір мұсылман Алланың хақ әрі жалғыз екеніне, Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырға, яғни жақсы мен жаманның бір Алладан екеніне, өлгеннен кейін қайта тірілуге сенуі парыз. Хәкім Абайдың «Мүмин болсаң, әуелі иманды бол!» деген даналығының астарында осы недей ақиқат жатыр.

 "Даналық ойдан дән ізде".

0 пікір