Шағби айтады: «Омар (р.а.) халифа болып сайланған соң мінберге көтеріліп:
– Алла менің Әбу Бәкірдің тұрған жерінде тұрып сөйлеуіме разы болмайды, – деп, бір баспалдақ төмен түсті. Аллаға шүкіршілік етіп, мақтаулар айтқаннан кейін, сөзін былайша жалғады:
– Құранмен шынайы дос болғыларыңыз келсе, оны ұдайы оқыңыздар. Құранға лайық болғыларыңыз келсе, оның әмірлеріне мойынсұныңыздар. Есеп бермей тұрып, өз-өздеріңе есеп беріңіздер. Іс-әрекеттеріңізді, ой-ниетіңізді Алладан жасыра алмайтын сол маңызды күнге қазірден дайындық жасаңыздар. Аллаға қарсы келген, әрі тәубесін ұмытқан ел билеушіге бағынудың қажеті жоқ. Құлақ салыңыздар! Мен өзімді қазынаны басқару мәселесінде жетімдердің қамқоршысымын деп білемін. Мұқтаждық орын алғанда ғана қазынадан, оның өзінде де белгілі бір мөлшерде пайдалануға рұқсат етемін».
Омар (р.а.) басқа бір құтбасында: «Есеп бермес бұрын, әуелі өз-өздеріңді есепке тартыңыздар. Өйткені мұны істесеңіздер, ақыретте жеңіл құтыласыздар. Ең елеусіз амалдарыңыздың өзін жасырып қала алмайтын сол ұлы күн келмей тұрып, алдын-ала қамданыңыздар».
Ибн Омар (р.а.) әкесінің былайша насихат еткенін айтады: «Бір күні Алла елшісі (с.а.у.) мына мен тұрған жерде былай деген болатын: «Сахабаларыма құрмет көрсетіңіздер. Олардан кейін келетіндердің, тіптен олардан кейінгілердің де қадірін біліңіздер. Бір заман келеді өтірік айтушылар көбейеді. Ол ол ма, базбіреулер ешкім шақырмай-ақ өздері келіп жалған куәлік беретін болады. Кімде-кім жәннаттың ең биік дәрежесін қаласа, жамағаттан бір елі ажырамасын. Себебі шайтан жалғыз қалған кісілерді үйірсектейді. Екі кісі болғанда алыстан торуылдайды. Ешбір жан бойжеткен әйел затымен жалғыз қалмасын. Өйткені шайтан араларына кіріп, жамандыққа итермелеуі мүмкін. Жасаған жақсылықтарыңыз қуантып, жамандықтарыңыз мұңайтатын болса, шын мәнінде мүминдігіңіздің нышаны болмақ».
Абдуллаһ ибн Адий айтады: «Омардың (р.а.) мінберге шығып, былай дегенін естіген едім: «Құл Алла үшін кішіпейіл болса, Алла оның дәрежесін көтереді және былай дейді: «Алға бас, құлым, осы қасиетің үшін Алла саған жәрдемдеседі. Ол өз-өзін төмендетсе де, адамдардың арасында қадірлі болады». Егер әлгі құл өзіне берілген нығметтерді көтере алмай, нәпсісіне еретін болса, Алла оны шыңырауға тастап: «Осы тұрған жеріңде қал», – дейді. Ол адам өзін қаншалықты биік санаса да, адамдардың алдында қадірі доңыздан да төмен болады».
Ибн Аббас айтады: «Омар (р.а.) бір құтбасында рәжм (таспен ұрып өлтіру) жайында былай деді:
– Рәжім жөнінде біреу-міреудің алдауына түсіп қалып жүрмеңіздер. Рәжім -Алла тағаланың шектеу қойған жазаларының бірі. Құлақ салыңыздар! Алла елшісі де рәжімді қолданған болатын. Осыдан кейін біз де жүзеге асырдық. Егер жұрттың «Омар Алланың кітабында орын алмаған бір үкімді кітапқа енгізіпті», – деп айтатынынан күдіктенбегенде мусхафтың шетіне мыналарды жазар едім: «Омар ибн Хаттаб, Абдуррахман ибн Ауф, пәленше, түгенше, т.б. Алла расулының рәжім жазасын қолданғанын көрді. Осыдан кейін біз де рәжім жазасын қолдандық». Сіздерден кейін рәжімді, Дәжжалды, шапағатты, қабір азабын және кейбір мүминдердің тозақтан шығарылатынын жоққа шығаратындар болады».
Саид ибн Мүсәйяб (р.а.) әңгімелейді: «Омар (р.а.) Минадан түсіп келе жатып, Әбтах деген жерде аялдады. Түскен жерінде құмды үйіп, үстіне көйлегінің бір шетін төседі. Үйілген құмның үстіне шалқалай жатып алды да, екі қолын жоғары көтеріп былай деді:
«Аллаһым! Жасым болса келіп қалды. Әл-дәрменім азайды. Қарамағымдағылардың қатары көбейіп келеді. Ертең олардың обалына қалып, Сенің алдыңда жауап бере алмаймын-ау деп қорқамын. Олардың бастарына бәлекет келмей тұрып және Сенің әмірлеріңді орындауда қандай да бір қателікке жол бермей тұрғанымда, менің жанымды ала гөр. Мені қасыңа ал!”