1
Тұла бойы сәт сайын мұздап-ысып,
Өткен өмір… көзінен зулап, ұшып.
Ақтеңізде…
Лагерьде…
Лазаретте…
Ақын жатты ажалмен арпалысып.
Көз алдына елестеп кең даласы,
Асқар тауы…
Өзені…
Сай-саласы…
Елжіреді жүрегі жырға тұнып,
Ойға шомып ересен ер данасы.
Аңсатты ғой, туған жер…
Туған елі!..
Жусан исі аңқыған торғын белі…
Аққу жүзген жұптасып айдын көлі…
Жұпар шашқан Арқаның қоңыр желі…
Сол өлкенің бұл да бір болды төлі…
Бар аруаққа қарыздар – тірі-өлі!
Ойлағанда барлығын осылардың,
Сағыныштың басылмай қойды шөлі…
Қол бұлғайды бейкүнә бала күні…
Сағынғандай ол-дағы, сірә, мұны.
Әкесімен мешітке бірге барып,
Тілек тілеп тұрғаны Қадір түні…
Аңсатты ғой…
Аңсатты бәрі-бәрі…
Сыйлас, сырлас,
Қадірлес жас пен кәрі…
Көкірегі күңіреніп, қарс айырылып,
Жатты аз-кем қалыпта әрі-сәрі…
Берік-ақ-тын – болаттай майыспайтын,
Қатты-ақ еді – құрыштай қайыспайтын.
Бозінгендей боздады жан әлемі,
Достар еске түскенде қиыспайтын…
Күмбірлеткен кеудесін өлең-жыры –
Ұлтына айтқан ақжарма болды сыры!
Қызмет қылды қуатты қаламымен,
Өз халқына алаңсыз алуан қыры.
Халқым, саған мақсатым – аян! – деді,
Тәуелсіздік – мәңгілік, ұран! – деді.
Сендей ұлт жоқ жаһанда қабілеті зор,
Сондықтан да, тезірек, оян! – деді.
«Жаратқаннан бойыма өнер дарып,
Өмірімді сен үшін еттім сарып.
Түріп бәрін түнектің тітіретіп,
Өлең-жырым түбінде шығар жарып!
Ұнамаса Советке – ұнамасын,
Қаламаса мейлі – қаламасын!
Анттан тайып,
Жағынып,
Жандайшап боп –
Мен олардың ішпеймін, арам асын!
Өлген артық ондай лас дәм татқаннан,
Қарабастың қамы үшін ар сатқаннан.
Кешірілмес күнәға шым батқаннан…
Екіжүзді атанып, құр шатқаннан…
Опа іздеме, өз ұлтын сорлатқаннан,
Бодан қылып, өзгеге – қорлатқаннан.
Езіп-жаншып жазықсыз зарлатқаннан,
Күтпе ешбір жақсылық, ант атқаннан!
Жаны-тәні бірде ысып, бірде мұздап,
Ал жүрегі жарылып кете жаздап.
Қолдан келер қайранның жоқтығынан,
Көкірегі езіліп тұрды сыздап.
Қасірет селі іштегі қозғалғандай,
Қалтыратқан санасын ызғар қандай?..
Жатты үнсіз көздерін көкке қадап,
Жұтар демі фәниден аз қалғандай…
Қозғалуы орнынан болды қиын,
Құрсаулады әлдене тұла бойын.
Дуылдатып жұмбақ күй баста миын,
Алды билеп батылдық ақыл-ойын!
Екі көзі –
От шашып, өрттей жайнап,
Жанарында – жарқылдап жасын ойнап.
Күбірледі бақсыдай арқасы ұстап,
Көкірегінде – өлең-жыр бұрқ-сарқ қайнап…
Сәби сүйген абыздай еміренді,
Қорқыт атасындай бір күңіренді.
Алашына Алладан алқау тілеп,
Бұқар жырау секілді тебіренді..:
«Большевиктер елімді жер-ау түтіп,
Жарар еді қоймаса бір күн жұтып..»
…Арыстандай тордағы айбат шеккен,
Қайран ақын жазмышты жатты күтіп…
Сонда-дағы сыр бермей төзіп бақты,
«Өз жандайшап қазағы кінә тақты..».
Басы – сайран өмірдің, аяғы – ойран…
Ажал шіркін, ақырын есік қақты…
Қадап улы жебесін кеудесіне,
Ауыр азап қоймады өлмесіне.
Бар өмірін…
Тағдырын – тайғақ кешу,
Соңғы деммен соңғы рет алды есіне…
2
…Он үшінде, тым ерте атқа мінді,
Абай – Ахмет жырларын жатқа білді,
Ұстаз болып оқытты он төртінде,
Аманкелді бастаған көп тобырды.
Жетеледі жетектеп жетімдерді,
Жүрегінің оларға отын берді.
Арын сатқан сүймеді жымысқыны,
Аялады ардақтап ақылды ерді.
Ақ жол тілеп қазақтың баласына,
Құямын деп шұғыла – санасына.
Қалды талай – күншілдің табасына,
Түсті талай – жауының жаласына.
Күйе жағып, жазықсыз – мұрасына,
Жармасқанда пасықтар жағасына.
Мерей болған атағы – даласына,
Сүйенді ғой АХМЕТ ағасына!
Ұлы Ахаңды – бола ма ұмытуға,
Ол – кемеңгер, ғажайып ұлы тұлға!
Жалғыз өзі жарады қапас күнде,
Ұлан-байтақ даласын оятуға!
Құшақ жайып дана Ахаң бабасындай,
Еркелетті кей-кейде анасындай.
Бір – бұл емес,
Жігерлі жас ұрпақтың –
Тұрды алдында жарқырап дара шыңдай!
Кім тең келер Ахаңның қадіріне,
Ақылына,
Парасат,
Сабырына!
Сынап көріп жырларын жаңа жазған,
Басты барлық дарынды бауырына.
Ешбір ақын жетпеген ғұмырына,
Көтерілді даңқтың тұғырына!
Жасап тұңғыш «Әліппе» ана тілде,
Ол айналды – Қазақтың Қыдырына!
Көш бастаған халқыңның қара нары –
Ұлы Ахаңның өлер ме – мұралары?!
Ол – Абайдың шәкірті болса егерде,
Бұлар оның – шәкірті, балалары.
Бақыр болған бұл күнде алтын басы,
Қайран Ахаң – көл-көсір жыр тұнбасы!
Көпке дейін кетпеді көз алдынан,
Қайта-қайта елестеп өр тұлғасы.
Кезінде елі еңбегін бағалаған,
Жас таланттар құшағын сағалаған.
Естімейтін сияқты қайран Ахаң,
Мұның даусын ышқынып ағалаған.
Екі тумас тегінде ондай ұлан,
Ержеткізді – десейші қандайынан!
«Міржақыбым, мұңайма!» деп қойып бір,
Сипаушы еді жымиып маңдайынан.
Мағжан, Мұхтар қайда екен – екі інісі,
Бөліп кетті тағдырдың қапыл ісі…
Екеуі де ағалап тұрушы еді,
Көре алмадық қызығын – өкініші.
Аман ба екен?
Жүр ме екен жер бетінде,
Қалды ма екен олар да ел шетінде.
Жанып тұрған жігерлі жастар еді,
Әдеп-иба ұйыған келбетінде.
Осылар! – деп басатын ізімізді,
Жалғайтұғын ұрпаққа сөзімізді.
Ахаң аға екеуміз отырушы ек,
Бақыттыға санап бір өзімізді.
Не көрмедік?!
Бастан не кешірмедік?..
Мүмкін кейбір жайларды түсінбедік.
Қараңғы елді қапастан құтқарам деп,
Күн-түн қаттық, бірақ та есірмедік.
Ұлтымыздың бар-жоғын салмақтадық,
Кемшілігін жасырмай айғақтадық.
Тіл мен ділді,
Дін менен салт-дәстүрді,
Тудай биік көтеріп, ардақтадық!
Бәріміздің, – дедік, бұл – парызымыз,
Ұлт алдында – өтейтін қарызымыз!
Сонда бізге қосылды –
ӘЛИХАН мен
ШӘКӘРІМДЕЙ данышпан абызымыз!
Созды қолын Мұстафа, Мұхамеджан,
Ғаббас, Жақып, Жаһанша, Халел, Телжан,
Ахметсапа, Хакімжан, Сейдәзім мен
Сұлтанмахмұт, Жүсіпбек, Мұхтар, Мағжан,
Бодандықтың бұғауы ашындырды,
Тәуелсіздік күресі – ысылдырды!
«Алаш-Орда» Үкіметі,
Партиясы –
Шоқша сақал Ленинді шошындырды.
ҚАЗАҚИЯ жағдайы оған жетті,
Қалш-қалш етіп қалшылдап есі кетті.
Ақырында күшпенен құлаттырды,
Жаңа ғана құрылған мемлекетті.
Тұрған елді ес жиып,
Айбыны асып,
Большевиктер бас салып, алды басып.
Сатқын шығып қазақтың өз ішінен,
Ұйысқан ұлт амалсыз қалды жасып…
Сол сатқындар Мәскеуден билік сұрап,
Жалған арыз жөнелтті ойдан құрап.
Бар жаланы Алашқа үйіп-төгіп,
«Кетсін! – деді – байшылдар мүлде тарап».
Іздегені – аспаннан,
Жерден шығып,
Ленин менен Сталин мұны ұғып…
«Алаш-Орда»,
«Алашты»:
Жергілікті –
«Большевикшіл» қуларға берді жығып.
Бұл сұмдықтан кім ұтты?
Кім ұтылды?
Асыл мұрат өртеліп, үйітілді.
Ленин менен Сталин осы арызбен,
Екі жақтан бір оқпен тез құтылды.
Арызқойдың жалақор сөзіне ермей,
«Билігіне құратын» мүлде сенбей.
Орталықтан әкеліп Біріншіні,
Жікшілдерге билікті қойды бермей.
Арыз жазу сонда да басылмады,
«Ұят болды» деп олар қысылмады.
Жоғары жақ папкіге тіге берді,
Бірақ қулар атылып,
Асылмады…
Шибөрідей шабынып ұлысқа ұлып,
Сталинді өзіне «туыс» қылып.
«Атылатын Қазақтар Тізімі» — деп,
Жүрді олардың басшысы қырыс күліп.
Оның хаты халқына тиді жаудай,
Арыстарын Алаштың асқар таудай –
Сонау 28-ден бері қарай,
Түсірді ғой, түсірді түгел баудай.
Сол бір «…Қара Тізімнің» салдарынан,
Бәрінің де шықты азап алдарынан.
Өз ұлтының ұяты-ары болған,
Алыптарды –
Берді ұстап қолдарынан…
Оқыдым мен сол «…Хатты» көзімменен,
Таныстырды тергеуші «…Тізімменен»
Шығар бір күн ол-дағы архивтерден,
Шындықты алып кетпейін өзімменен.
Көргеніміз біздердің болды қорлық,
Өлімші етті – қиянат,
Азап…
Зорлық…
Алған беттен сонда да бір айнымай,
Жазалауға аяусыз көндік барлық.
Большевиктер есіріп салған ойран –
Жауыздықтың белгісі,
Елім, ойлан!
Қазақ деген – қаһарман ұлт екенін,
Кетті түгел айғақтап ерлер, қайран!
Салайық деп халықтың үлгі есіне,
Көтерілдік – дәуірдің мінбесіне!
Сол үшін де тұтқындап полицейлер,
Тықты бізді ызғарлы түрмесіне!
Ақ қағазға түсіріп ойдың нәрін,
Қиналсақ та жедік біз елдің қамын.
Жарып шыққан жүректі жырларымыз,
Деп тұрды ғой, әрине, «Мен мұндамын…»!
Ақын емес – ел мұңын сөз етпеген,
Үгіт айттық – шарқ ұрып газетпенен!
Атын қойдық әдейі білсін деп жұрт,
Жарқыратып, жар салып «ҚАЗАҚ» деген!
Көмек берді шәкірттер бағалап кіл,
Қанат қақты бетінен нелер автор…
Халқымыздың атымен тұңғыш шыққан,
Сол «Қазаққа» – болды Ахаң редактор!
Мәселесі болмады қамтымаған,
Тапты оқырман жаңалық әр күн одан.
Жатты естіліп газеттің жапан түзге,
Шыбын даусы халқым! деп шырқыраған.
Қайтпас қайсар жастықтың жалауымен,
Елін сүйген жүректер алауымен.
Шықты «Қазақ» күңірентіп кең даланы,
Ана тілдің бар ажар-бояуымен!
Алға қойып, айғақтап – мың мұратты,
Кетті аралап, қыр, сырды – шартарапты.
Төңкерістің дүбірін сезіндіріп,
«Қазақ» – патша өкіметін қалтыратты!
Десек-тағы: ерекше көп құндады,
Жандармдар қанша ма, шеп құрмады?!
«Ояттыңдар Қазақты!» деп кінәлап,
Ахаңды да,
Мені де тұтқындады.
Рахмет саналы жақсыларға,
Іздей білген ерім деп жоқшыларға.
Алып шықты түрмеден азаматтар,
Қорған болып біздей жас көк шынарға.
Жаза тартып қос бірдей өкіметтен,
Түсіп шықтым түрмеге үш рет мен.
Өнеге алдым өлшеусіз өмір бойы,
Аяулы ағам – ұстазым Ахметтен!
Айтса кетер деуші еді көңіл кірің,
Аман болсын қасиетті Ана тілім!
Жасап берді ұлы Ахаң мәңгі оқулық,
Дем беретін қысылсам,
Менің – пірім!
Ол Абайды айрықша сүйді ғажап,
«Тумайды! – деп таңғалып -, мұндай қазақ!!!»
«Бас ақыны, – деді, – Абай» туған елдің!
Дедік біздер: «бір деммен міне, сөз-ақ!».
Бас идік біз Ахаңа пайғамбардай,
Жүру оған мүмкін бе, қайран қалмай?!
Ол таза еді – кіршіксіз сенсең, халқым,
Қара жерге ең алғаш жауған қардай!
ӘЛИХАНДАЙ ағаға баға жетпес,
Өр тұлғасы ешқашан естен кетпес.
Көрдік оның – үлгісін,
Ұлағатын,
Қалай мадақтасақ та артық етпес!
Ресейде – оқыды,
Өсті жастай.
Мақсатына – ер еді берік тастай!
Кемеңгер ғой,
Көсем ғой,
Көреген ғой –
Бәрімізді ұлы іске білді бастай!
Бойындағы ғажайып күшті ұғына,
Төзді өмірдің суығы…
Ыстығына!
Қайран қалып тұрушы ек біз бәріміз,
Әлекең мен Ахаңның достығына!
Бірін-бірі ұқты олар үндемей-ақ,
Жүрді ешкімді, шіркіндер, күндемей-ақ.
Кішілердің өзіне – «сен» демей-ақ,
Іс тындырса – бітірген «Мен»! – демей-ақ!
Ал ШӘКӘРІМ қажы аға – ол да дана,
Алла оған берген ғой ғажап сана!
Семейде де,
Шыңғыстау төсінде де,
Әкеміздей әрдайым болды пана!
Керемет қой!
Керемет – оның жыры!
Көрген жанды сұқтантқан көркем түрі!
Ақ жүзінде ұйыған иман-нұры,
Нағыз ұлы адамның – еді бірі!
Ой-хой, қайран, Алаштың Шәкәрімі!
Саған қарыз – қазақтың көкөрімі.
Өзің қандай Қажы аға, дара болсаң,
Тағдырдың да жетіпті-ау дара өлімі…
Қажы ағамның ажалы ойдан кетпей,
Естірткенде ұлы Ахаң уақыт өтпей.
Күйзелдім ғой…
Күйзелдім,
Уа, дариға-ай,
Бұл сұмдықтың сырына миым жетпей.
Беу, дүние-ай, дүние-ай, бұл неткенің,
Сатқындарды билікке өрлеткенің?
Әлде сенің бұл, сірә, керкеткенің,
Елдің бағын айуанға – күрметкенің??
Жаңа-жаңа бірігіп бастарымыз,
Жаңа-жаңа ашылып аспанымыз.
Келе жатқан шақтарда кетті үзіліп,
Жазып жүрген ғажайып дастанымыз.
Тоз-тоз болған торғайдай халіміз бар,
Өткенді еске түсірсең жаның мұздар…
Кеше кім ек?!
Ойласаң соның бәрін,
Көкіректі кетеді қарып ызғар.
Өткен біздей өкініп талай дана,
Шырматылып жалаға, шыр айнала.
Жете алмадым ұшына мың ойлана…
«Халық жауы» боламыз қалай ғана?
Біз – халықтың жақсысын асыруға,
Жамандығын – сылуға, жасыруға.
Арнап едік басты да ғұмыр бойы…
Кетті толып қайтейін ішім – уға…
«Жау» боламыз – қалайша халқымызға?
Түсінбеймін бүгінгі «салтымызға».
Заман – құздан құлаған сел сияқты,
Көнер емес бір сәтке ырқымызға…
3
Қош-қош!
Сен де қосағым, ҒАЙНИЖАМАЛ,
Екеумізді бөліп тұр жұмбақ қамал.
Бұл сұмдыққа бір Алла болмаса Өзі,
Пенде табар жоқ, сірә, ешбір амал!
Сүймеуші едім жасымнан мақтануды,
Аз табысқа даурығып шаттануды.
Тілемеймін дос түгіл – дұшпаныма,
Өзім нақақ негізсіз татқан уды.
Азап шегер әмән да нағыз ғашық,
Шерменде боп біздердей жүрер қашық.
Ғайнижамал – жан-жарым, жансерігім,
Өзіңменен кетейін арыздасып.
Болса менің бойымда туа дарын,
Сен ояттың алтыным, соның бәрін!
ӘЛІБЕКТІ,
ГҮЛНӘРДІ – қос ботамды,
Аман-есен өсіргей асыл жарым.
Қиналарсың, әрине, қысыларсың,
Көз жасыңды көрсетпей жасырарсың…
Оңай емес тағдырдың тар соқпағы,
Қос торғайды биікке ұшырарсың.
Бұл өмірге кім келіп, кім кетпеген,
Дүниенің түбіне жан жетпеген.
Туған халқым – ол-дағы туған анам,
Бола алдым ба, перзентті құрметтеген?!
Қиналғанда жаныма болған сая,
Күнім, сәулем, жарығым, қайран, Гая!
Мен өзіңді – тапсырдым бір Тәңірге,
Өтінемін: өзіңді-өзің ая!
Жарың үшін қаншама болдың запы,
Сақта өзіңді аяулым, қалма қапы!
Азаматын аялап ардақтаған,
Сендей болсын тірлікте әйел заты!
Маған деген – кіршіксіз махаббатың,
Адалдығың,
Мейірімің,
Инабатың…
Нәзіктігің,
Ерлігің әйелге тән,
Қуат берді төзімің, ар-ұятың!
Саған деген бұл соңғы жүрек сөзім,
Қош, есен бол, берік бол қаракөзім!
Сұлулар көп, әрине, бірақ сәулем,
Бұл өмірде сүйгенім – жалғыз өзің!
Риза бол, алтыным, жан-жарыңа,
Ай да, күн де тең келмес – дидарыңа!
Тұла бойымды тебіренткен тұңғышымыз,
Үміт артам ерекше Гүлнәрыма!
Осы қызым айнымай тартқан маған,
Талай рет айтқанмын мұны саған.
Шығарады ол атымды тірі болса,
Сен тілекші болғайсың жаным, оған!
Оңын-солын таныса бәрін білер,
Әкесінің жырларын жинап-елер.
Көрсеткені Алланың рас болса,
Гүлнәрым, Ғайни-ау, 100-ге келер.
Тағдырыма жалынып, жалбарына,
Тілемеймін – амандық мен жаныма.
Құрбандығы халқымның болсам – бақыт!
Болсам бақыт – тосқауыл мұң-зарына!
Қона алмаспын енді мен ат жалына,
Бетті бұрдым ажалдың ақ жолына.
Үміт артам жастардан соңыма ерген,
МҰХТАРЫМА және де МАҒЖАНЫМА.
АХАҢ салған ақ жолға – ие осылар,
Ойпаң-тойпаң боп тұрмас, күн ашылар.
Тот баспайтын қазақтың алтын сөзін,
Бұл екеуі – бізден де әрі асырар!!!
Заман – қазір жыландай қарашұбар,
Жатыр үнсіз жала мен таласып ар.
Түн артынан күн шығу – өмір заңы,
Ұрпақ бізді ұмытпас – санасы бар!
Жақсы менен жаманның ұғып парқын,
Ұрпақ түбі айырар өмір нарқын.
Ашылмаған соры мен қасіреті,
Сен аман бол, аман бол – АНА ТІЛІМ!
Қош, ҚАЗАҒЫМ!..
Қош-қош, туған елім,
Жат топырақта жазықсыз сынды белім…
Санам,
Тілім… болса да қаз-қалпында,
Сезіп тұрмын жақындап қалды өлім…
Қош-қош…
Сен де жас буын, жаңа туған,
Тумай жатып қанды жас бетін жуған…
Боласыңдар өздерің бақытты ұрпақ:
Мемлекетті Советтік тақтан қуған…
Беу, ҚАЗАҒЫМ!
Қадірлім – әлемдегі!
Құдіретім Өзіңсің – өлеңдегі!
Бір заманда:
Ұмытпа:
Маған аян –
Біздер қылған еңбектің еленбегі!
Тұрсаң аман біз айтқан антты сақтап,
Бәрімізді қалдырмай түгел жоқтап –
Аларыңа сенемін:
Ей, жас ұрпақ,
Барлық «Халық жауларын» өзің ақтап…
4
…Осылайша жатқанда тебіреніп,
Көкірегі қобыздай күңіреніп…
Серпіп ашып көрпесін ұлы ақынның,
Кіріп келді қойнына ажал еніп.
Тұрмады ол қасында көп сызылып,
Қарады да бетіне сәл сүзіліп.
Құшақтады ынтыққан ғашық жардай…
Соңғы демі ақынның кетті үзіліп…