Менің алғашқы жұма намазым (әңгіме)
Менің алғашқы жұма намазым (әңгіме)
5 жыл бұрын 8225

Мен күн сайын жұманы асыға күтемін. Мүмкін сіз: «Бәрі жұма күнін күтеді. Аптаның соңғы жұмыс күні. Алда апта бойы асыға күткен демалыс күндері бар. Дачаға барып, демалып, ішіп-жеп, барлық өзекті мәселелерді бір пәс ұмытуға болады» - деп ойлап отырған шығарсыз. Алайда мен жұма күнін ол үшін күтпеймін. Оны мешітке бару үшін күтемін. Өйткені жұмада барлық мұсылман қауым жұма намазына жиналады.

Алғаш рет әпкеммен бірге мешітке барған күнім есімде. Ұзын етек киіп, шашымды орамалмен орап, сенімді түрде «Проспект Мира» метро станциясынан түстік те, Мәскеудегі басты үлкен мешітіне бет алдық. Ол сәттерде Құдай үйіне кірген заматта қандай сезімде боларымды ойға алмадым. Ал, оған жақындағанымда бойымда аздап қорқыныш пайда болды: «Бір нәрсені қате істеп, өмір бойы масқарам шығып жүрсе қайтемін, одан кейін бәрі маған күліп, саусақтарымен шұқып көрсетіп жүрсе не істеймін» деген қорқынышты ойлар мазалай бастады. Мен бұл қорқынышымды әпкеме айта алмадым, айтсам мені қате түсініп қалар деп қорықтым...

Мешіт арасындағы арақашықтық қысқара берді. Мешіт бізге жақындай түсті. Міне бірнеше метрден кейін Қасиетті үйдің аумағына бастым. Алайда, сол сәтте маған ерекше үрей салған мешіт аумағында қайыр тілеп жүрген мүгедек жандар және мені көптеген сырқаттардан арылтамын деп маған жақындап, қолымнан ұстағысы келіп жатқан сығандар және емшілер болды. Егер сол жерде әпкем болмаса, көшенің ортасында қорқыныштан жылап жіберер едім, өйткені өмірімде мұндай нәрсені бұрын-соңды көрмеген болатынмын.

Бірнеше секундтан кейін әупірімдеп алдымыздағы әлгі бейтаныс адамдардың кедергілерінен асып, мешіттің қақпасы ашылып, ішке кірдік. Жанарымды жоғарыға көтергенімде алтын күмбезді және жарқыраған жарты ай белгісі бар жасыл түсті екі қабатты ғимаратты көрдім. Есік алдында бір ер адам тұрды. Ол келушілермен амандасып, оларға жол көрсетіп тұрды. 

Мешіттің іші түгел әдемі еді. Едендерге кілемдер төселген, қабырғасында бірде-бір сурет жоқ. Сол сәтте мен өз-өзімді ұстай алмай жылап жібердім. Неліктен екенін білмеймін, өзімнің жиырма жылдық ғұмырымда бірде-бір рет мешікте келмегенім үшін өзімді кінәлі сезіндім. Содан бері мен әр жұмада Алла Тағаланың үйіне келуге тырысып, мені тура жолға салғаны үшін Оған шүкіршілігімді білдіріп жүрмін. Әлі күнге дейін мешітке кірерде көңілім босап, көзіме жас келеді, бірақ қазір кінәдан немесе қорқыныштан емес, мүмкін мақтаныш сезімінен шығар, әріберіденсоң, бақыт көз жасы да болуы мүмкін...

Дилангез Манонова (Ресей).
Аударған: islam.kz

0 пікір