"Ораза – (жамандықтан сақтайтын) Қақпа". Хадистен
Ораза тұтам, асыға күткем бұл айды,
Рамазанның әр күні нұрлы, шырайлы.
Арылам енді пенделіктерден бойдағы,
Тазартам, қуам қандағы-сайтан күнә-ойды.
Тартынам астан, түзелем бейпіл сөзден де,
Тиылам жөнсіз сұқтана қарар сұқ көзден де.
Құлшылық жасап жинаймын сауап-сыбаға,
Қорғанышым сол қияметтегі –Безбенде.
Сырт берем ғайбат, өсек-аяңнан, харамнан,
Қасыма енді жуыса алмайды қарау жан.
Бес уақыт Намаз, Алладан медет тілеймін,
Шапағатымен бергей деп Аллам, адалдан.
Барға да жоққа сабыр етемін, шүкір деп,
Ернеуден асар мейірім-сезім шүпілдеп.
Иманнан қорған соғамын, жуып күнәмды,
Көңілдің шұрық-тесік жерлерін бүтіндеп.
Ағайындарға ашамын құшақ жат болған,
(Өзімді-өзім тежеймін іші кек толған).
Алладан тілеп амандық, сосын Тәуба етем,
Жүздерін көріп марқайған әрі шаттанған.
Бозала таңнан оянам, сәрі ішуге,
Аппақ бір әлем көрегенім кілең түсімде.
Ораза тұтам, төзем аштыққа, шөлге де,
Бар менен жоқтың қадірін біле түсуге.
Ораза тұтам, нығметі үшін Алланың,
Жаратқан Ием, қуат бер, күш бер, қолдағын.
Бес күндік пәни өте де шығар қас-қағым,
Мәңгілік дейтін мекенге барар жолдамын.
Жақсылық тілеп жолыққан жанның бәріне,
Мүсәпірлерді демеймін қарап әліме.
Ораза тұтам, Алладан тілек тілеймін,
Нәсіп қылғай деп ақ жолын жұрттың бәріне.
Тірліктің өрі, еңісі болар, қиясы,
Пендеңнің аз ба пәни де жасар күнәсі.
Ораза тұтам, асылық етпеу үшін де,
Алланың берген нығметі, ғажап сый осы.
Сауаптан жазғай пендеңнің осы қадамын,
Рамазан бұл – Аллама таяу барамын.
Ағайын, кейде ашуың келсе жия тұр,
Алла үшін ауыз бекіткем, оразадамын...