Кенесары қоныстан ауғанда Досқожа ақынның айтқаны
Кенесары қоныстан ауғанда Досқожа ақынның айтқаны
7 жыл бұрын 4665

Қатарыңнан артықсың,

Қайраты түпсіз, тереңім!

Атаңыз жаулап өтіпті,

Қалмақтың Уса, Сереңін.

Біз қоныстан кеткен соң,

Көреміз бе, дүние-ай!

Мына жатқан Есілдің

Көк орай тартқан өзенін?

Күншілік жерден көрінген,

Көрінсе көңіл бөлінген.

Алшаңдатып ат мінген,

Мұнар болып көрінген,

Кіші ауылдың қыстауы.

Баянауыл, Қазылық,

Үдере көшкен байлардың,

Жолы жатыр қазылып.

Жазғытұры болғанда,

Жалғыз-жалғыз ауыл боп,

Отырушы едік жазылып.

Мына жатқан сарғайып,

Салынды қопа қамысым,

Салық ауылы қыстаған

Іргем тиген танысым.

Бұл қоныстан көшкен соң,

Көбеймес пе екен, налысың!

Айналайын, аралым!

Ішіңде сенің бар еді

Арқа мен құлжа, маралың.

Қонысым сені қия алмай

Үш жылдайын қамалдым.

Енді қайлам таусылды

Қош, аман бол, Қаралдым!

Айналайын, Ақ татыр!

Айнала құрдым ақ шатыр.

Тайпа аруақ бұл жатыр!

Қасыңнан қалқам, кеткен соң

Орыс та малын құлатар!

Көреді аттың таңдағын,

Арбалы-боздың шаңдағын,

Көрдіңіз бе, иесіз

Аруақтың қалғанын?!

Аман бол, қалдың көгеріп,

Бастары самал, тауларым!

Арасы бие бауларым.

Кетемін деген есте жоқ,

Кешірді дұшпан жауларым!

Сарқырап аққан тастақтан,

Сабадағы салқын қымыздай,

Сарқырап аққан, бұлағым!

Тобылғылы қалың тоғайдан

Есепсіз өрген тышқандай

Алтайы қызыл түлкі еді,

Ұлдарым киген тымағым.

Қадіріңді білмедім

Аман бол, қайран шырағым!

Жазғытұры болғанда

Әр жерге бес күн отырып,

Сауынға саба толтырып,

Ат шаптырып, той қылып

Құт мереке болған, тау!

Құтты тау деген бау еді,

Арасы бие бау еді,

Бар айыбы хайуанға

Бөрісі қатты жау еді.

Түбіне келіп қонғанда,

Байларым қос-қосы төбет

асырап,

Қораның қарсы шетінде,

Кең қабақтың бетінде,

Байтөбетім үрген тау!

Жарлы байым белгісіз

Арасы көшіп жүрген тау!

Жапырағы жалбырап,

Көлеңкесі әуеден,

Төмен қарай салбырап,

Суылдап тұрған қайыңның

Қыз, бозбала бас қосып

Саясында ойнап күлген тау!

Мұнша мақтап нетейін

А, дариға, дүние-ай!

Ақыры бүйтіп бүлген тау!

Айналасы қоғалы

Суы тұнық көлдерім!

Көк шалғынды жапырып,

Жағалай қонған, елдерім!

Артқы көшім келгенше

Ақсақал шалдар жиналып,

Бауырында атын шідерлеп,

Батыр мен билер бас қосып,

Әңгіме құрған, белдерім!

Шағырлы жусан, изенім!

Қоныстан ауып, күйзелдім!

Ылдиы жоқ, өрі жоқ,

Ат тайғанар жері жоқ,

Жазып салған мақпалдай,

Аман бол, құмайт жерлерім!

Осылар еске түскенде

Қайғырмассыз ба, ерлерім?!

Азамат аттың жалында,

Елім нардың қомында,

Көшпелі қазақ болған соң

Баланың білдің шөлдерін.

Артымда қалып барасың,

Қарағайлы Шұбарым!

Қызығын көрген елімнің

Енді білдім жыларын.

Ағашым естен кетер ме?

Жапырақ шашып гүлденіп

Көгеріп тұрған мұнарып!

Қарағайым, қайыңым!

Жоқ еді қоныс, айыбың,

Алты ай жаздай бір көшпей

Лапкеде бейне меткілдей

Кіршіксіз еді зайыбым!

Жаздың күні болғанда,

Ел өзенге қонғанда,

Балдырғанды Балқаштан

Тулатып шанышқан жайыным!

Талма тал түс болғанда

Байлар қымыз ішерде,

Сары нардай ыңыранып

Бәйбіше саба пісерде

Бірқазандай отырған

Бозбаласы құралып

Дәулетті үйге түсерде.

Ірбіті сары самарға

Сапыртып қымыз құйдырып

Салқын жерге тоңдырып,

Салтанатка төндіріп,

Сауқым салған заман-ай!

Өзеннің суы тұнығым

Асауымды тоқтатқан

Қара мойыл құрығым!

Құбыладан соққан түнеріп

Қызыл желді тоқтатқан

Қайыңның жалы сырығым,

О, дариға-ай, дүние-ай

Қайтейін жердің қылығын?

Бұл қоныстан кеткен соң

Іздесе халқым табар ма,

Бір қураған шыбығын?!

Артымда қалып барасың

Көгеріп жатқан өзенім

Өзеннің бойын бос қойып

Сыртқы көгін жегенім,

Құр атыма теңелген

Жазғы мінген көбеңім

Қонысым қолда тұрғанда

Болушы еді дегенім.

Ат мініп, жарақ асынған

Сағынар мырза өз елін.

Күнде базар Есілді

Халқыңыз нағып сағынбас?!

Бұл қоныстан кеткен соң

Кемімес пе екен, жарым жас.

Еті тәтті, сүті бал,

Иісі жұпар аңқыған,

Сары қарда жайылған,

Сары аязда жусаған,

Көк Есілден кеткен соң

Жылқының қонысы табылмас!

Семіртуші еді жылқыны

Қом жасатқан түйеге

Алабота тарлау мен

Қара ойға біткен бетеге,

Адыра қалғыр Құлманбес,

Кенекем сенен айрылды!

Қау болып дұшпан жаулары

Көрпілдеген көрпедей

Болушы еді, дүние-ай,

Балқашқа желі тарттырып

Байласаң бие баулары!

Бұрынғының сөзіне

Айтқан екен болар деп

Дәулет пен бақыт аумалы

Тұс болмасақ игі еді,

Отырушы едік Ордада

Бесті айғырдай ақырып

Орданың іші ыссы деп

Жапырағы жаудырап,

Көлеңкесі саудырап,

Сусылдап тұрған қайыңның

Түбіне кілем салдырып.

Ірбіті сары самармен

Ордадан қымыз алдырып,

Сылдырмақты сары ожаумен

Отырушы едік сапырып.

Осылар еске түскенде

Қайғырмаспыз ба, аһ, ұрып?!

Бұл барғаннан барармыз

Арқада әлім, шөменге,

Еркіндеп жайлап Есілді

Еркелеп өскен халық едік,

Бұл қоныстан кеткен соң

Зар болмасақ игі еді

Тай менен құнан, дөненге?!

Қоныстан аумақ болсаңыз

Жіберіңіз тез хабар

Жоғарғы дулат төрт ауыл:

Жазы, Саңырық ерлермен,

Байұзақ батыр, Бекенге.

Мекіредей басын тасқа

сабаған,

Аранға түскен аюдай

Қайғымен іші жараған,

Байұзақ неге тоқтасын

Сіз көшемін дегенде.

0 пікір