Жолын қайта-қайта кескестеп қоймаған басын қара бүркеншікпен ораған әйелге атты жігіт қамшысын білеп қатты-қатты зекіп жіберді.
– Жоғал! Әрмен… албастыдай кісінің жолын кеспей…
– Жоқ, мен албасты емеспін…
– Онда несің?
– Ақсайтанмын.
– Не сайтанның да ақ қарасы бола ма… сөзіңе болайын.. кет ары. Кімді алдамақсың?!
– Не сенбейсің бе? Онда қара бері! – деп басындағы бүркеншікті жұлып алды.
Бас жоқ тек екі көз ғана ауада қалықтап тұр.
– Енді сенген шығарсың!
Жүрегі тас төбесіне шыққан жігіттің қолынан тізгін сусып кетті. Қалш-қалш етіп жерге қан сиіп жіберген атты ақсайтан жетелей жөнелді.
Жігіт бетіне бүріккен суық судан тітіркеніп есін жиды. Алдында айдай көрікті ару отыр. Тек иегі жоқ. Орнынан сүйретіліп әзер тұрған жігіт:
– Мен қайдамын, – деп сұрады.
– Сен мендесің.
– Қалай?…
– Мен саған ғашықпын.
– Сен кімсің?
– Мана айтқам.
– Шынымен сайтансың ба?
– Сенбейсің бе? Онда тағы көр.
Қыз әп-сәтте қызыл түлкі болып құйрығын бұлдандатты да бір шөкім буға айналып жоқ болып кетті.
Есінен қайта адаса жаздаған жігіт үңгірдің аузына қарай жүгіріп еді, ғайыптан бір дәу тас үңгірдің аузын бітеді де қалды.
–Еш уақытта қашам деп ойлаушы болма!
– Неге?
– Мен сенімен үйленем.
– Ал, мен қосылмаймын.
– Жоқ, өзің мақұлдағансың.
– Қашан?
– Бүгін тәңертең.
– Өтірік, мен тәңертең сені көргем жоқ.
– Иә, мен көрінгем жоқ.
– Сонда қайлай? Түсіндірші?!..
– Мен сені баяғыдан ұнататынмын. Саған білдірудің ретін таппай көп жүрдім. Сосын кеше кеште саған келіп едім ұйықтап қапсың. Арқандаулы тұрған атыңа барып жал құйрығын өріп кеттім. Бұл біздің белгіміз. Тарқатып тастар деп қорықтым… бірақ сен тарқатқан жоқсың… сенің маған берген мақұлдауың осы.
Жігіт сонда барып атының жал-құйрығының өрулі тұрғаны есіне түсті. Елемегеніне өкінді. Амалын тауып тарқатпақ болды.
– Атым қайда?
– Қазір әкелем.
Үңгірге қара тер болған атты кіргізген қыз:
– Қазір мен тойлық көйлегімді киіп келем, – деп шыға жөнелді.
Қыз кете жігіт аттың жалына жармасты. Тарқатып жатыр, тарқатып жатыр. Құйрықтағы соңғы өрімді тарқатып бола бергенде аппақ көйлек киген қыз жетіп келді. Жетіп келді де:
– Тарқатпашы жаным… мен сенсіз ғұмыр кешкім келмейді, – деп аттың жалын қайта өре бастады.