Жетімге жасалған қамқорлық (баллада)
Жетімге жасалған қамқорлық (баллада)
10 жыл бұрын 3971
Алма Түсіпбекова
«Кімде кім Алланың разылығы үшін бір жетімнің басын мейріммен сипаса, оның қолына тиген шашының санындай сауап жазылады».
Имам Ахмадтың риуаяты                                                                                      

Жалаулы жыл, айдарланған айың да,

Өткен күннен өзекті сыр пайымда.

...Тағылымы терең әрі тұңғиық,

Бір аңыз бар, халифа Омар жайында.

 

Сәске түсте, болмай тұрып екінді,

Бұршы, достым, осы салтқа бетіңді.

...Бір міндеті санап оны әрдайым,

Халифа Омар жарылқапты  жетімді.

 

Байлығыңмен шықсаң егер сонарға,

Омар салты санаңызға қонар ма?!

Кезігіпті жесір әйел бірде оған,

Былай депті Омарға:

 

- Сұм-тағдырдың осы шығар табасы,

Жарым өлген, қалды бала-шағасы.

Хузайфа ибн әл-Ғифари қызымын,

Адамзатқа ауыр тиген қазасы.

 

Жан әкеме талай бейнет жолықты,

Ол ар үшін ғұмыр бойы торықты.

Менің әкем Худайбия жерінде,

Пайғамбармен дейді бірге болыпты.

 

Үнсіз тыңдап айтқан сөзін жесірдің,

Омар айтты:

-Тұяғысың есілдің.

Шағымыңды жеткізбедің шағынып,

Текті жанның тұяғысың.

Көсілдің.

 

Деді осылай, көңіліне нұр сыйғасын,

Осыдан соң даяр қылып сый басын,

Түйеге артып азық-түлік, байлықты,

Әлгі әйелге ұстатыпты бұйдасын.

 

Тағы айтқаны:

- Сені жерге қаратпан,

Несібесін әкеледі әр ақ таң.

Бұл таусылса, бұдан-дағы жақсысын

Береді өзі Жаратқан!..

 

Омар салтын санамызға құп алып,

Өнегесін жанымызбен ұғалық.

Осылайша қайыр қылып жетімге,

Салған екен әлгі әйелді шығарып.

 

...Бірде сұлтан кезігіп қап бір үйге,

Зар естіпті, толып тұрған үрейге.

Сығалапты іргесінен сол үйдің,

...Ниеті оның қарсы тұрмақ - дүлейге.

 

Лаулаған от, қазан кеткен ыстана,

Отты айналып отыр екен үш бала.

Жасы келген әйел отыр күрсініп,

Күрең жүзі сұстана.

 

Қайыр қылу-әлімсақтан құралы,

Халифа кеп, әлгі әйелден сұрады:

- Балаларың не сұрайды, әз-ана,

Тыйыла ма, көздерінің бұлағы?

 

Сыртын берсе не істесін тіршілік?

Әйел айтты, тағы терең күрсініп:

 

- Таусылды ма, Жаратқаннан бұйырған,

Балалар-аш, қалмады үйде түйір дән.

 

- Онда не бар ошақтағы қазанда?

- Қара су ғой, қайнап еді азанда.

 

Бала арманын қоя алмаймын тұйықтап,

Күтіп жатып, кете ме деп ұйықтап.

Қара суды қайнатамын күн сайын,

Қасіретпен өтті осылай мұнша айым...

 

Балалардың жайын көріп, түршікті,

Халифаның көзінен жас ыршыпты.

 

Үйіне кеп, азық, киім, ақшаны ап,

Бар дүниені буғаннан соң таспалап.

 

Ақылы әр кез арқау болған дастанға,

- Қапты демеп жібер - депті Әсламға.

 

Ал, Әслам, қызметшісі Омардың,

Былай депті:

- Бұл ісіңді доғарғын.

Халифасың.

Көрме бейнет бұрқағын,

Қапты өзім арқалаймын, сұлтаным!

 

- Сол жандармен бір арнада түйістім,

Жоқ, болмайды!

Арқалауға тиіспін!

Мен олардан батсам егер сауапқа,

Ақыретте тартылмаспын жауапқа!..

 

Деп ап, қапты арқалаған бойында,

Келді әлгі үйге.

Сауапты іс бар-ойында.

 

Келісімен ас қамдады қолымен,

«Қайыр қылсаң-бүтін қылдың» жолымен.

 

Қайран Омар, білмейтұғын қулықты,

От жағам деп, түтінге де булықты.

 

Ас піскен соң бар баланы тойдырды,

Жылағанын қойдырды.

 

Әсламға айтты, ере келген өзіне,

- Құлағың сал, сөзіме.

Ойың-жүйрік, ұқсас еді жасынға,

Неге отырмын мен бұлардың қасында?

 

- Жоқ, білмедім, әміршім,

Шын айтамын, нан ұрсын!..

 

- Тыңда, ендеше!

Мен оларды көргенде,

Мына үйлері суық еді көрден де.

 

Көкке жетіп зарлы үні,

Аш-жалаңаш жылап жатты барлығы.

 

Қарындарын тойғызу боп-арманым,

Жанталастым, осы жолда талмадым.

 

Аш жандардың өзегі енді майланды,

Көңілім де жайланды!

 

Қайырымның қорғанына бекін де,

Қамқорлық қыл жетімге.

Ақыреттің ауылына барғанда,

Қалмассың сен сонда желдің өтінде..!

1 пікір
  • Керемет. Саңлақ сахабаның жүрек лүпілін, Пайғамбар (с.ғ.с) мектебінен алған тәрбиесін жоғары дәрежеде жеткізіпті.
    10 жыл бұрын