Жаратқанның тартуы
Жаратқанның тартуы
9 жыл бұрын 3383
Ерлан Садуақасұлы

Аспан көкті, жер жаһанды Жаратқан Бір Ұлылық!

Жаратты рас адамзатты ең ардақты құлы қып!

Көркімізді сұлу етіп, ақыл беріп санаға,

Бойымызға сыйлады Мейірімі мен Жылылық!

 

Бар әлемді танымаққа мөлдір ғажап көз берді!

Шүкір етіп, тәубе етпекке дұғаменен сөз берді!

Ырыздығын берген Хақтың Мейіріміне шүкір қып,

Көбіміздің ниетіміз ақиқатқа өзгерді?!

 

Кеудемізде оянуда кәусары аққан ар иман!!

Айтылып жүр Сені Ұлықтар Құранменен Кәлимаң!!

Құран сөзін ұғындырып, Сүннет жолын қалдырған

Үмметтері қарыздар Пайғамбардай Уалидан!!!

 

Жаныңды, мұң жараласа Жаратқанға жүгіндің!

Кей кездері қате кетіп күпірлікпен түңілдің!

«Ақыреттік азаптардан сақтай гөр деп Аллаһым?»

Сабыр сақта, бауырларым, қиынына бүгіннің!

 

Бар жақсыны сый ететін Бір Ерекше Мейірім!

Пенделердің тарылтпашы бұл пәниде пейілін!

Бұл күнге де мың бір шүкір ақиқатқа дәріптеп,

Азанменен Құранның да естудеміз жиі үнін!

 

Бойды тербер Алла сөзі кірген сәтте құлақтан!

Құран оқу амал болса бар мұсылман ұнатқан!

Барша адамзат парыздарын ықыласпен өтесе,

Шексіз нығмет нәсіп болар ИншаАлла Жұмақтан!

 

Жаратқанның құзырында бүтін болса амалың!

Нұрын шашып, құлпырады, қияметте жанарың!

Мүміндермен  Жәннат бақта мәңгілікке бір болып,

Көрсем шіркін Мейірімді Құдіреттің Жамалын!

 

Имансыздық дертіменен артта қалды бар азап!

Қасірет жоқ, із қалдырған жүректерге жара сап!

Мұсылманды ынтымақшыл тура жолдан тайдырмай,

Уа, Жаратқан Баршаға бер – білім, иман, парасат!

0 пікір