Кімде кім күліп жүріп күнә қылса, Алла оны жылатып тозаққа кіргізеді. Кімде кім Алла жолында жылап ғибадат етсе, Алла оны күлдіріп жәннатқа кіргізді.
***
Ақылды пенде тәуба жасағанда: тілмен истиғфар етеді, жүрекпен өкінеді, денемен тоқтайды, қайталамауға бекінеді.
Ибн Хашим
Біреулер байлыққа мас, біреулер мақтан, атақ-даңққа мас, енді біреулер күнәларын ешкім білген жоқ деп мәз.
***
Алланың парыз еткен нәрселерін орында, құлшылығың қабыл болады. Алланың харам еткен нәрселерінен тыйыл, тақуа боласың. Алла берген несібеңе қанағат қыл, ең бай адам боласың.
***
Төрт нәрсе жүректі қарайтады: тамақты мөлшерден көп жеу, залымдармен бірге жүру, күнәларынан қорықпау, амал етпей үміт ету. Төрт нәрсе жүректі нұрландырады: тамақты аз жеу (сүннет бойынша), ізгілермен бірге жүру, күнәларынан қорқу, алдымен амал істеп алып үміт ету.
Абдулла ибн Масғұд
Әдебі жоқтың білімі жоқ, сабыры жоқтың діні жоқ, тақуалығы жоқтың мейірімі жоқ.
***
Жер бетінде заттар алмасуы болмаса - оның бетіндегілер құрып кетер еді. Ізгілер болмаса – адамдар хайуанға айналар еді. Әмірші болмаса – адамдар бірін-бірі құртып жіберер еді. Жел болмаса – ғалам сасып кетер еді.
***
Жүректер алты нәрседен бұзылады. Тәубені үміт етіп күнә жасау, білімді үйреніп алып оған амал етпеу, амалда ықылассыз болу, Алла берген ризыққа шүкір етпеу, өлген адамдарды көміп тұрып одан ғибрат алмау.
***
Кімде кім дүниені қалап, ақыретін тастап қойса Алла оны бұл дүниеде: амал етпей бос үмітпен жүретін, тойымсыз ашкөз, ғибадаттың дәмін сезбейтін етіп қояды. Ал бұл адамды Қияметте: қатты өкініш, ауыр есеп, шексіз қасірет күтіп тұрады.
***
Бірде мен қасымда шәкіртім бар Басра қаласының көшесімен келе жаттым. Бізге дәрі сатып отырған жігіт жолықты. Шәкіртім одан: «Ей, дәрі сатушы, сенде пендені күнәларынан арылтатын дәрі бар ма?» деп сұрады. Сонда дәрі сатушы: «Менен кедейлік һәм кішіпейілдіктің суын ал да, оған тәубаның суын қосып, Раббыңның ризашылығы диірменіне тарт, қанағаттың сүргісімен жон, тақуалықтың қазанына қайнат, оған ұяттың отынын жақ, дайын болғанда шүкірлік құтысына құй, көркем мінезбен салқындат, «Аллаға мадақ» қасығымен іш, осыны істесең екі дүниенің дертінен сауығып, күнәдан аман боласың» деді.
Хасан Басри
Ең бақытты адам – жүрегі тыныш-таза, ақыл-ойы сабырлы, қолындағы барына қанағат етуші.
***
Бізден бұрынғылар үш нәрседен сәтсіздікке ұшырады: көп сөйлеу, көп тамақ ішу, көп ұйықтау.
Ибрахим Нахағи
Күндердің қайырлысы – жұма, айлардың қайырлысы – рамазан, амалдардың қайырлысы – уақытында өтелген намаз.
***
Ібілісті дос тұтушылар: қиянатшыл билеуші, тәкаппар пенде, малды қалай тауып, қалай жұмсауға мән бермеген бай, теріс ілімді мақұлдаған ғалым, алаяқ һәм басқаларды кіріптар еткен саудагер, өсім жеуші, зинақор, маскүнем. Ал, Ібілістің дұшпандары: шариғатқа амал етуші ғалым, Құран жаттап оған амал етуші, тақуа азаншы, міскіндерді жақсы көретін адам, ақихат жолында кішілік жасаушылар, ғибадатпен өсіп келе жатқан жас, Алла жолында бір-бірін жақсы көрушілер, халал ас ішуші, намазын жамағатпен оқитындар, харамнан қашушы, таза дағуат айтушы, әрдайым дәретпен жүруші, жомарт һәм көркем мінезділер, Алланың уәдесін растаушылар, жесірге қайыр істеушілер, өлімге дайындалушылар.
Ибн Аббас
Алланы жақсы көретін адамның белгісі - Алла жақсы көретін нәрселерді жақсы көреді.
Суфиян ибн Уяйна
Алла бойұсынушы пенде құл болса да дәрежесі жоғары, қанағатшыл құл аш болса да бай.
***
Дүние ақыретіне азық дайындаған адам Қияметте Алланың азабынан аман болады. Қызғаншақтықтан ада адам, Қияметте мақтаулы болады. Осы дүние рахатынан бас тартқан адам Қияметте шаттық халде болады. Өзінің қабірде жалғыздық көрмеуін ойлаған адам, түнде тұрып намаз оқиды. Амал есебі жеңіл болуын қалаған адам, дін бауырларына жақсы насихат айтып жүреді. Екі дүниенің абыройын қалаған адам, дүниені ақыретке айырбастамайды.
Уаһб ибн Мунаббиһ