Ислам ғұламаларының өсиеттері (1)
Ислам ғұламаларының өсиеттері (1)
11 жыл бұрын 5107

Асыл жанды пенде Аллаға асылық танытпас, шын данагөй дүниені ақыреттен жоғары қоймас.

***

Кімнің уайымы жоқ, тоқшылығы көп болса, денесінің майы көп болады. Денесінің майы көп адамда, желік пайда болады. Желігі бар адам күнәға ұрынғыш келеді. Күнәсі көбейген адамның жүрегі қатыгезденеді. Жүрегі қатыгезденіп өлі күйге түскен пенде пәнидің қызықтарына батып кетеді.

***

Уа, Раббым саған ғибадат етпеген түннің сәні жоқ. Сенің жарылқауыңсыз ақыреттің сәні жоқ. Сені еске алмай дүниенің сәні жоқ.

***

Дүние өзін тастамай тұрғанда, оны тастаған адам бақытты. Өлмей тұрып ізгі амалдар жасаған адам бақытты. Раббысына кездеспей тұрып, Оның ризашылығына жеткен адам бақытты.

***

Білім – амалдың жол бастаушысы, ықылас – білімнің қазаны, ақыл – қайырға бастаушы, әуейлік – күнәға апаратын көлік, байлық – тәкаппарлықтың киімі, дүние – ақыреттің базары.

***

Адасқан адамның сипаттары: күнәнің кешірілетініне көп үміт етуші, Аллаға ғибадатсыз жақындаймын деп ойлаушы, жақсы амал етпей жақсы сыйдан дәмеленуші.

Яхия ибн Муғаз ар-Рази

 

Кімнің байлығы тақуалық болса, оның ақыреттік пайдасын сипаттауға тіл жетпес, ал кімнің байлығы дүние болса, оның ақыретте зиянын сипаттауға тіл жетпес.

Ағмаш

 

Нәпсіқұмарлықпен болған күнәнің кешірілуіне үміт бар, бірақ тәкаппарлықпен болған күнәнің кешірілуіне жоқ. Оның себебі, Ібілістің күнәсі тәкаппарлықтан болатын, ал Адам Атаның күнәсі құмарлықтан еді.

***

Рахымшыл тақуа кедейлерге бес таңдау бұйырады: жан рахаты, жүрек тыныштығы, Раббысына ғибадат, Қияметте жеңіл есеп, жәннатта жоғары дәреже. Бай адамдар үшін: жанның шаршауы, жүректегі мазасыздық, дүниеге құлшылық, Қияметте ауыр есеп, жәннатта төменгі дәреже.

***

Аллаға жақын болғың келсе – әдемі жүздерден, сыңғырлаған дауыстардан, шешен сөздерден алыста!  

***

Лұқпан хакім баласына былай деп өсиет етіпті: ұлым даналық немесе хикметке жеткің келсе - жүрегіңді өлі күйге душар етпе, міскін көрсең бірге отыр, адамдарды мақтауға арналған мәжілістен қашық жүр, төмен адамдарды қадірле, құлды азат ет, ғаріпке пана бол, пақырға қолыңды соз. Осылай жасап дағдылансаң, көлденең қауіп-қатерден аман жүресің, бұл амалдар соғыссаң құралың болады, жалаңаш қалсаң шапаның болады.

Суфиян Саури

3 пікір
  • Өте жаксы мағыналы жазылған өсиет сөздер, алла алған білімнің игілігіне жеткізсін...
    11 жыл бұрын
  • Өте жақсы! қандай керемет өсиетті сөздер!
    10 жыл бұрын
  • islam.kz осы сайт ты неге барлық қаламыздын столбасының жогаргы жагына неге илип коймаска , адамдар корип осы сайтка адамдар коп адмдар неге кирмеске ,
    10 жыл бұрын