Иманды безер харамнан
Иманды безер харамнан
11 жыл бұрын 5624
Шортанбай Қанайұлы /1818 – 1881/

Ей, мумин, құлшылық қылсаң не етеді?

Ажал болдырмай қуып жетеді.

Мінезге бағым табылмас,

Ғадетіне кетеді.

Тақуа болған ғалымдар,

Бұ жалғанда не етеді?

Баяны жоқ шіркінді,

Бір күн тастап кетеді.

Дүние, малын сүйгендер,

Мінбей, кимей өтеді.

Бір кісі емес, әр кімнің,

Басында бар сөйтеді...

 

Ақыл – дария білгенге,

Бұ жалған жоқ өлгенге.

Байлықтың алды – иман-ды.

Тәңірім сөйтіп берген-ді.

 

Жан жоламас жатқанға,

Жүргенге жөргем алынар.

Бұ дүние арман емес-дүр,

Бір кезек дәурен сүргенге.

 

Ит жерімес арамнан,

Иманды безер харамнан.

Меһірдан* қатты мал бітіп,

Кетпесе мал қораңнан.

Пайда қылсаң залалсыз,

Өзіңе біткен қараңнан.

 

Атаңды сыйла анаңмен,

Меккені іздеп таппаққа.

Ұмытпассың тәубеңді,

Түзу салар соқпаққа.

Түзу жолдан қисайсаң,

Жолығарсың күрзі менен тоқпаққа.

 

Иманнан басқа нәрсені,

Құдайдан көп сұрама.

Ерден қайыр кетпесе,

Өлтірмейді есікте,

Өлшеп берген нәсіпке.

 

Бейбіт айтып, баян қып,

Жанастырдым әр неге.

Мәселе кітап шығардым,

Кейінгі қалған пендеге.

Бес ауыз сөз айттым деп,

Мақтандың тілім сен неге?

 

Қой, көмейім, тәуба қыл,

Асылық қылма Иеге!

Жасың жетті алпысқа,

Жеті ғалам астында,

Даусың кетті алысқа.

Өзіңнен өрнек жайылды,

Жақынға, туған, қалысқа.

 

Юзанысы* зор көреген,

Өзімнен қалсын балаға.

Кетпесе сөзім далаға.

...Бұ бәйітті шығарған,

Біз, бейшара ғаріп Шортанбай.

Есте де болар әр топта –

Мұны білген қоймас ойламай...

Сөзім қалсын артымда,

Бір күн болар қиямет.

Дұға қылып, қол жайғай,

Мұны естіген әлеумет!

 

* Меһірдан – ешбір мағынасыз деген мағынада.

*Юзанысы – тілегі деген сөз.

0 пікір