Имам Шафиғидың соңғы өсиеті
Имам Шафиғидың соңғы өсиеті
7 жыл бұрын 8271 mazhab.kz

Имəм əл-Музəни (р.а.) айтады«Мен имəм əш-Шафиғи өлім хəлінде төсек тартып жатқанында кіріп:

- О, ұстазым, не сезініп жатырсыз?- деп сұрадым.

 Ол кісі:

- Мен бұл дүниемен, бауырларыммен қоштасып бара жатқанымды сезініп жатырмын жəне өлімнің жақындағанын, жəне Алланың алдына кетіп бара жатқанымды, жəне өзімнің күнəларыммен бетпе-бет көрісуге бара жатқанымды сезініп жатырмын. Жəне мен білмеймін, жанымды Жəннатқа бара жатқанымен құттықтайын ба, əлде Тозаққа бара жатқанымен өкінейін бе?! - деп айтты.

 Мен ұстазымнан:

 - Маған өсиет айтыңызшы,- деп сұрадым.

  Ол кісі:

 - Алладан қорық жəне өлім сəтіңді жүрегіңмен елестет;

Өлімді ешқашан ұмытпа жəне Алланың алдына баратыныңды ұмытпа;

Алладан қорық, Оның тыйымдарынан тыйыл, əмірлерін бұлжытпай орында;

Қайда болсаң да Алламен бірге бол жəне ешқашан Алланың саған берген ризығын аз деп санама, шүкіршіл бол; 

Үндемегенің - пікір еткенің, сөйлегенің - зікір еткенің болсын;

Көргенің - ғибрат болсын;

Өзіңе қатысты əділетсіздік жасаған адамды кешір;

Сенімен байланысын үзген адамды қолда;

 Саған жамандық еткенге жақсылық істе;

 Қиындықта сабыр ет;

 Алланың қаһарынан тақуалықпен сақтан, - деді.

Мен:

 -Тағы өсиет етіңізші, - деп өтіндім.

Имəм Шəфиғи сонда былай деді:

- Тіліңде əрқашан шындық болсын;

Уəдең - сүйенішің болсын;

Мейірімділік - тамырың болсын;

Шүкіршілік – тазалануың;

Ақиқат – саудаң;

Бауырларыңа махаббат - сəнің;

Аллаға бағыну – өмірің;

Алланың разылығы – аманатың;

Түсіністігің - ұзақты көре алуың;

Үмітің – сабырың;

Орануың - шындық;

Зекет – қалқаның;

Ұялшақтық – басшың;

Жұмсақтық - əміршің;

Мына өмір – түрмең;

Айырылмас жолдасың-үнемдеушілік;

Қажылық пен жиһад – мақсатың;

Құран – сұхбаттасың болсын.

Алланы Қорғаныңмен Сүйенішің, Досың ет.

Осы сипаттар кімнен табылса, оның дəрежесі - Жəннатта, - деп сөзін аяқтады" деді.

0 пікір