Жақсылық – бес нәрседе:
1) Қанағатшылдық.
2) Біреуге зиян тигізуден аулақ болу.
3) Адал табыс.
4) Тақуалық.
5) Аллаға сенім арту (тәуекел ету)[1].
Бір күні біреу Имам Шәфиғидің қолына таяқ ұстап жүретініне қарап:
- Сіз күйлі-қуатты болсаңызда көбіне аса таяқ ұстап жүресіз, ол неліктен? – деп сұрапты. Сонда Имам Шәфиғи:
- Өзімнің бұ дүниеде жолаушы екенімді ұмытпауым үшін, - деп жауап беріпті[2].
Тойып жеу – денені ауырлатады, жүректі қатайтады, алғырлықты жояды, ұйқы шақырады және құлшылықты азайтады[3].
Нағыз білім – пайдалы болған білім. Құр жаттанды – ол, білім емес[4].
Соңың жақсы болсын десең, адамдар жайында жақсы ойда бол.
(Тұрмысқа шыққандағы) Теңдік – тектілікте емес, дінде. Егер теңдік тектілікте болғанда, ешбір құдайдың құлы Пайғамбар қызы Фатиманың теңі болмас еді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) басқа да қыздарына ешкім тең болмас еді.
Бүкіл адамзат «Асыр» сүресін зерделесе, ол оларға (ілім ретінде) жетер еді.
Нәпсісі басым біреудің судың үстінен жүріп бара жатқанын көрсем де, оны қабыл етпеймін.
Имам Шафиғи кейбір хадисші ғұламаларға:
- Сендер - аптекарьсыңдар (фармацевт). Біз болсақ – дәрігерміз! – деген екен.
Ғылым екі түрлі:
1) Дене ғылымы.
2) Діл ғылымы[5].
Ғалым адам білген нәрсесін де сұрайды, білмеген нәрсесін де сұрайды. Білген нәрсесін сұрау арқылы білгенін нақтыласа, білмегенін сұрау арқылы жаңа нәрселер үйренеді. Ал жәһил адам (сауатсыз, надан) – үйрен десең ашуланады, үйретуді жек көреді.
Бір кісі Имам Шәфиғиға бір мәселе жайында сұрайды. Имам Шәфиғи болса, үндемейді. Сонда сұрақ сұраған адам:
- Алла рахымына алғыр, сауалыма жауап бермейсіз бе! – дейді.
- Үндемегенім жақсы ма, әлде жауап бергенім жақсы ма, соны нақты ұққаныма шейін жауап бере алмаймын, - деген екен[6].
Кімде-кім дүниеге деген сүйіспеншілік пен Аллаға деген сүйіспеншілікті қатар алып жүретіндігін айтса, ол өтірікші.
Кім киімін таза ұстаса, уайымы аз болады. Кім хош иісті болса, оның ақылы артады.
Қажеттіліктерің артса, ең маңыздысынан баста.
Ғалымдардың мәртебесі – тақуалықта. Зейнеттері – көргем мінезде. Сұлулығы – жан сұлулығында.
"Мауаъизуль Имам әш-Шәфиғи" ("Имам Шәфиғидің насихаттары") атты жинақтан. Араб тілінде.
[1] Имам Зәһәби: «Сияру Әъләмин Нүбәлә».
[2] Имам Зәһәби: «Сияру Әъләмин Нүбәлә».
[3] «Хилятуль Әулия».
[4] «Хилятуль Әулия».
[5] Арабша нұсқасында «Әдиән» делінген, «діндер». Біз оны «діл ғылымы» деп аудардық.
[6] Ихя улумиддин.