"Ей, пенде, болмағын – бейнамаз!"
"Ей, пенде, болмағын – бейнамаз!"
2 жыл бұрын 2990
Нағашыбай Қабылбек
Алладан басқаның алдында бүгілме!
Ақиқат жеңеді түбінде!
Жаныңды шуаққа бөлейтін нұр-намаз,
Парыз етілген Миғраж түнінде.
 
Бұл түнгі сапарды – сөз жетпес айтуға,
Бұл ғажап сапарды – көз жетпес байқауға!
Бір түнде, бір сәтте Алламен тілдескен
Пайғамбар Мұхаммед - өр тұлға!
 
Миғраж түнінде елшісін – жетілген,
Пырақпен әкетті қара жер бетінен.
Пендеге жүктелген бес уақыт – бес намаз,
Аспанның төрінде парыз боп бекіген.
 
Сондықтан намаздың құлшылық – құны ерек,
Әттең-ай, жүргендер аз екен мұны елеп!
Бұл намаз – мүминнің рухани миғражы,
Сауабы берілер еселеп.
 
Жаратқан серт еткен ақ таңға!
Бұл Намаз – артық бақ, тақтанда!
Дұға мен тілегі көп пенде,
Аллаға ең жақын, сәждеде жатқанда!
 
Сәждеде сұрағын – не қажет, қарама,
Жомарттық жарасар тек жалғыз, Аллаға!
Сұрасаң береді, береді бәрінде,
Және де айналар қорғаушы, панаңа!
 
Кемшілік, қатеңді түзетіп,
Періштелер жүреді күзетіп.
Ақыретте пайғамбар шапағат етеді,
Сүйікті пендесін мәз етіп.
 
Құр өткен күніңе болма мәз,
Дүниенің қызығына тойған аз.
Құранда мақталған бұл намаз,
Ей, пенде, болмағын – бейнамаз.
0 пікір