Ей көңіл!
Ей көңіл!
5 жыл бұрын 6196

Ей көңіл! Істеген күнәларың мен қателіктерің үшін, Хақ Тағаладан кешірім сұрау жолында не нәрселер ойластырып жүрсің? Одан саған сансыз құт-береке, көптеген жақсылықтар, нығметтер, адалдықтар келуде, ал сенен болса, осыншама қателіктер, көптеген кемшіліктер, жаман қылықтар көрінеді.

Оның жағынан осыншама сыйлық, ал сенен болса мәнсіз теріс істер. Оның тарапынан саған өте көп нығметтер. Сенен болса санасаң санына жете алмайтындай қателіктер мен күнәлар, қылмыстар...

Сенен осыншама күндестік, осыншама жаман ойлар, осыншама өсек-аян, ғайбат. Одан болса (Алладан болса), көптеген жақсылық, сонша құт, сонша ізгілік...

Жасаған жаманшылықтарың мен істеген күнәларыңа өкініп, шын жүректен «О, Алла» деген кезіңде, сені бәле-жаладан, көлденең қырсықтықтардан құтқару үшін саған көмекке келетін, қысылтаяң сәтте саған сол сезімді беретін, саған өзін сездіретін де бір Өзі.

***

Қылмыстан және жамандықтардан неге тазармайсың? Күнәлардан қолыңды жу. Бетіңе су бүркі. Дәрет ал. Намаз оқитын уақыт келді.

Сені қабірге жатқызып, ләһитте (ішкі үй) жүзіңді құбылаға қаратқан кезде, тірі кездегі мына алдыңда тұрған құбыланы еске аласың, сол сәтте намазыңды оқымай, қаза еткенің үшін ішің күйер, бірақ енді не пайда?

Сен қазір, тірі тұрғаныңда осы құбыладан әлдебір нұр, әлдебір жарық ізде. Бір жарыққа қолыңды жеткізші, ол нұр, ол жарық өлгеннен кейін қабіріңді жылытсын, жарқыратсын. Алланың нұры келген заматта қабір - раушан гүлінің бақшасына айналады.   

***

Ей, мал-дүниеге сонша қалтырайтын адам! Біраз да болса, саған сол мал-дүниені беріп, нығметке бөлегенді, саған қарауды, көруді сыйлағанды ойлағын. Оған да назар аударғын.  Ей, қалаушы! Ей, ғашық адам! Саған осындай қалау сезімін бергенді ойла. Туындыны жаратқанды ойла...

Неге Жаратқанға емес, оның жаратқан туындыға көніл аударасың? Ол әр дайым саған қарайды. Ал сенің көзің болса, жан-жақта. Ол саған тілсіз, ерінсіз сөздер айтуда. Ал сен болса, құлағыңды дүние малына түресің.

Мәуләнә Ж. Руми,  «Диуани Кәбир».
Түрікшеден аударған: А. Қасым.

1 пікір