Ей, жас жігіт,
Көпті көрген бізге сен
Қателестің — жалғыз бақыт қыз десең.
Сүймеді ме?
Бір-ақ сілте қолыңды,
Сүйетіні табылады іздесең!
Өлең— менің үйреншікті азабым.
Не істесем де түсінеді қазағым.
Бір жырымды жыртып тастай беремін,
Керек болса екіншісін жазамын.
Көңіл шіркін қысылмасын,
Саспасын!
Қартайғам жоқ,
Менің әлі жас басым.
Жиналысты тастап кете беремін,
Керек болса тауып алам басқасын.
Думаншыл жан емеспін мен,
Қарағым,
Ұнамайды маған шарап,
Арағың.
Той үстінен кетіп қала беремін,
Керек болса басқасына барамын.
Адам деген,
Ақын деген, бар атым.
Мазалайды бірақ қайғы — қара түн.
Өмірден де кеткім кейде келеді.
Кетер едім,
Басқа өмір жоқ баратын!
УАҚЫТ.
Уақыт қымбат, соны ұққандар бақытты,
«Әр сәтіңді қадірле» деп оқытты.
Біздер болсақ, үлкеніміз, кішіміз,
Оңды-солды шашып жүрміз уақытты.
А-ха-хаға кетіп жатыр бір сағат,
Ха-ха-хаға кетіп жатыр бір сағат...
Жұмысыңды, ұйқыңды айтса – он сағат,
Нәпақаңа кетер тағы бір сағат.
Баптануға кетіп жатыр бір сағат,
Мақтануға кетіп жатыр бір сағат.
Футбол қуып, терезені сындырып,
Ақталуға кетіп жатыр бір сағат.
Жалқау бала себептерін септейді,
«Үйге берген тапсырмалар көп» дейді.
Қыста хоккей, жаздыгүні футбол бар,
Жеткізіп көр, әрине, уақыт жетпейді!
Міне, солай, а-ай, балалар, балалар!
Кімде уақыт деп зарлайтын сана бар?!
Бір сағатты бөліп алпыс минутқа,
Әр минутын іске асырған даналар!