Мұсылман даналығы — ардақты сахабалардың, ғұламалар мен ұлы тұлғалардың маржан сөздерінен тұрады. Ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бізге дейін бұзылмай жеткен он екі асыл мұраны назарларыңызға ұсынамыз.
1. Сөз бен істің бірлігі
Абдулла ибн Мәсғуд (р.а.) былай деген: «Адамдардың бәрі әдемі сөйлейді. Кімнің сөзі ісіне сай келсе — сол нағыз жеңіске жеткен жан. Ал кімнің сөзі мен ісі екі бөлек болса — ондай адам тек жазғыруға лайықты».
2. Нағыз майдан — нәпсімен күрес
Бір кісі Абдулла ибн Амрдан (р.а.) «Жиһад деген не?» деп сұрағанда, ол: «Әуелі өз нәпсіңнен баста, сонымен күрес, өз жаныңмен арпалыс!» — деп жауап берген.
3. Ауызбіршіліктің қадірі
Абдулла ибн Аббас (р.а.) мұсылмандардың бірлігі туралы: «Мен үшін бүлікке түсіп, бал жегеннен көрі, көпшілікпен (жамағатпен) бірге болып, тұз жалаған әлдеқайда сүйкімді», — деген.
4. Ақырзаманның белгілері
Абдулла ибн Мәсғуд (р.а.) айтады: «Қияметтің белгілерінің бірі — арсыздық пен бұзықтықтың асқынуы, әдепсіздіктің жайылуы және көршімен қарым-қатынастың нашарлауы».
5. Ілімнің қадірі
Абу ад-Дарда (р.а.) былай деген: «Ғылым-білім жоғалып кетпей тұрып, оны иемденіп қалыңдар. Өйткені ғалым дүниеден өткенде, ілім де онымен бірге кетеді. Шын мәнінде, білім беруші мен білім алушы — сауапта тең».
6. Өзгені мінеуден бұрын өзіңе қарау
Абдулла ибн Аббас (р.а.) былай деген: «Егер жолдасыңның бойындағы бір мінді айтқың келсе, әуелі өз кемшіліктеріңді есіңе түсір».
7. Шынайы ықыластың мәні
Мүміндердің әмірі Әли ибн Әбу Талиб (р.а.): «Нағыз игі іс — мақтау мен марапатты тек қана Алладан күткен іс», — деп өсиет қалдырған.
8. Дүниеқоңыздық — дерт
Суфьян ас-Саури (р.а.) айтады: «Ғалым — бұл үмбеттің шипагері, ал мал-дүниеге деген махаббат — үмбеттің дерті. Егер шипагердің өзі осы дертті жұқтырып алса, ол өзгені қалай емдемек?!».
9. Даналықтың жолы
Хасан әл-Басри (р.а.) былай деген: «Дана адам өз даналығын жасырып қалмайды, ол үшін ешкіммен таласып-тартыспайды да. Ол ілімді таратады: егер жұрт қабыл алса — Аллаға шүкір етеді, ал егер теріске шығарса — оған да Аллаға шүкіршілік айтады».
10. Сөз бен істің арасы
Фудейл ибн Ияд (р.а.): «Мүмін — аз сөйлеп, көп іс тындырады. Ал мұнафық (екіжүзді) — көп сөйлеп, аз іс істейді», — деген.
11. Тілді тыю — абырой
Имам әл-Бұхари (р.а.) былай деген: «Ғайбат айтудың зияны сөз тасыған адамның әуелі өзіне тиетінін білгелі бері, мен ешкімнің сыртынан жаман сөз айтқан емеспін».
12. Білімсіз пәтуа берудің қаупі
Убайдуллах ибн Жағфар (р.а.): «Өзі білмейтін нәрсе туралы пәтуа беруге кім бәрінен бұрын батылдық танытса, демек ол тозаққа түсуге де бәрінен бұрын батылдық танытқан адам», — деп ескерткен.