Даналар ізімен. Төле би мен келіні Данагүл
Даналар ізімен. Төле би мен келіні Данагүл
5 жыл бұрын 11431

Таздар мен Сүлгетай елінің арасында біраз жылдан бері бітімі созылып келе жатқан жесір дауын шешіп аулына қайтып келе жатқан Төлe би қасындағылармен Бөген өзенінен өте бергенде анадай жерде келе жатқан бір топ қыз, келіншектерді байқайды. Жақындай бергенде әлгі кыз, келіншектер аттарынан түсіп, олардың алдын кесіп өтпей ізет қылып тұрып қалады. Төле би оларға жақындап барады:

- Бәрекелді, өркендерің өссін, қай ауылдың балаларысыздар?

Қыздардың біреуі:

- Досай аулынанбыз,- деп жауап береді.

- Алдақашан өтіп кететін едіңдер, аттарыңнан түсіп бізді неге тостыңдар, бір шаруаларың бар ма еді?

- Шаруамыз жоқ, ата, - дейді әлгі қыз, - үлкен кісілер айтушы еді, кісінің алдын кесіп өтпе, оларға ізет қылып сәлем бер - деп, сіздердің жастарыңыз үлкен, араларыңызда касиетті қариялар бар шығар, жолын кеспейік, аттан түсіп сәлем берейік деп, сіздерді сыйлап тұрғанымыз ғой.

Қыз жауабына риза болған Төле би, енді қыздың аты-жөнін білгісі келеді.

- Рахмет, қызым, көп жаса, кімнің қызысың, атың кім?

- Алакөздің қызымын, атым - Данагүл.

- Бәрекелде, қызым, өркенің өссін! Атың даналы болса, ақылың саналы болар түбі, - дейді де, Төле би жүріп кетеді. Былай шыққан соң оған ой келеді, қасындағыларға:

- Аттың басын қыз аулына бұрыңдар. Алакөз кандай адам екен, білейік. Сөйтеді де, бәрі Төрткүлдің жазық даласымен жүріп отырып, бір ауылға жетеді. Шеткері бір үйден Алакөздің үйі қайсы деп сұрайды. Ақ қалпақты жас жігіт:

- Алакөз жәкемнің үйі анау түрған қараша үй, - деп сілтеп жібереді. Төле би бәрі сол үйге барып аттан түседі. Момақан ғана Алакөз байдың жылқышысы екен. Топ аттылыны көргенде сасқалақтап, қалбалақтап қалады. Көршісінен бір қой қарыз алып сояды, алдына барын жайып күтіп алады. Сол заматта "Алакөздің үйіне бір топ аттылы кеп түсті. ішінде атақты Төле би бар" деген сөзді естіп қара батырдың жылқылы байы Алакөздің үйіне барып, Тәкеңе сөлем береді.

- Ау, биеке, менің сегіз қанат ақ үйім тұрғанда жылкышымның қара лашығына түскеніңіз калай? Мен сіздерді шақырып келіп тұрмын. Тай соямын, қымыз сапырамын. Алакөздің үйінде жағдайларыңыз болмайды, көне жүріңіздер? - дейді. Сонда Төле би:

- Байеке, әуре болмаңыз. Сіздей байлардың үйіне түсіп жүрміз ғой. Бір жолы Алакөз сияқты кедейлердің де үйін көріп қойғанымыз теріс болмас, - деп оған көнбепті.

Ет пісіп, кісілердің алдына табақ тартылыпты. Төле бидің алдына бас қойылыпты. Би "биссимилла" деп бастың құйқасынан дәм ауыз тиіпті де:

- Алакөз інім, балаң бар ма?

- Балам жоқ, Данагүл деген қызым бар.

- Сол қызыңды бері шақыршы? Ошақ басында самаурын қайнатып, шешесіне қолқабыс тигізіп жүрген Данагүл үйге енеді. Төле би бастың құйқасын қасқалап кеседі де, бір кұлағын, тіліп, таңдайын алып қызға береді де, мынадай тілек айтады:

- Шырағым, құлақ бергенім - бас ием бол дегенім. Тіл мен таңдай бергенім - іштегі құпиямды айттырмай тауып, шешіп отыратын шешен бол дегенім, - депті.

Қыз:

- Рахмет, ата, тілегіңіз қабыл болсын, - деп, шығып кетеді. Бата беріледі, дастарқан жиылады. Енді Төле би Алакөзге қарап:

- Сенімен құда болғым келіп отыр, бұған қалай қарайсың? - дейді. Жаппарқұлда жан бар ма, бүкіл елді аузына каратып жүрген Төле бидей кісі солай деп қолқа салып отырған соң. Алакөз мақұлдап ризашылығын білдіреді. Көп үзамай-ақ екі жақ тойын жасап, Данагүл Төле биге келін боп түседі. "Келіннің аяғынан, қойшының таяғынан" демекші, Данагүл өзінің ақылды, әдептілігімен бір ғана би атасына емес, бүкіл ауылға жағады. Атасы билікпен, ел қамымен жүргенде, Данагүл ауыл адамдарын, өзінің құрбы-құрдас, абысын-ажындарына ақылшы, бас-көз боп жүреді.

Данагүл және қарақшылар

Данагүлдің ақылды, сезімталдығын, Төле би атасының ішкі ой-сезімін, емеурін-тұспалын айтқызбай түсінетінін ел былай аңыздайды:

Бір жолы Төле би Мойынқұм жайлауындағы елдің дау-дамайын шешіп жүріп, аулына қайтпақ болады. Қасындағы жігітіне:

- Қай жолмен жүрсек екен? Бір жол бар, ел жағалап жүретін. Онымен жүрсек ауылға он күнде жетеміз. Бір жол бар, шөл аралап жүретін. Ол жол төте ауылға бес-ақ күнде жетеміз.

Жігіт:

- Ел жағалап, қона жатып жүргенше, төтесінен күн-түн демей жүріп отырып, елге ертерек жеткен дұрыс-ау, биеке. Ауылда сізді күтіп түрған шаруа да аз емес шығар.

- Сенің айтқаның жөн екен, олай болса тарт сол төте жолмен, - дейді би. Сонымен екеуі бұйрат-бұйрат құмды кешіп жүріп кетеді. Үшінші күні кұдық басында отырған жалғыз үй түйешіге кездеседі. Одан сусындап, аттарының белін суытып, жемдеп алады да, тағы ілгері жүреді. Түнделетіп саймен келе жатқанда бір топ қарақшылардың қолына түседі. Жол торып жүрген қарақшылар екеуін аясын ба, аттарынан аударып, киімдерін тонап алады. Екеуін екі түп сексеуілге матап тастайды. Олар өздерінің кім екенін қарақшыларға айтпайды. Төле қарақшыларға былай дейді:

- Әй, жігіттер, сендерге біздің жанымыз керек пе, жоқ малымыз керек пе? Егер жан керек болса, көп азаптамай өлтіріңдер, ал мал керек болса, мәмлеге келейік, бізде сендерге жететін мал бар. Алдарыңа айдатып әкеп берейік, бізді босатыңдар.

- Әрине, бізге мал керек, - дейді қарақшылардың бастығы, - біз осы шөл далада мал табу үшін жүрмегенде, не үшін жүрміз. Бірақ сендер малды қайдан тауып бересіңдер? Бізді алдап кетіп жүрерсіңдер.

- Менің аулымда, - дейді Төле, - сендерге жететін мал табылады. Мен бай адаммын. Бірақ сендер енді ауылға жібермейсіңдер әрине, сенбейсіңдер. Олай болса былай етіңдер. Біреуің менің атыма мініңдер, киімімді киіңдер, мен хат жазып берейін. Хатты былай жазамын: "Кенже ұлыма құда түстім. Соған 40 қүнан атан, 20 бура, 8 ақбас атанымды осы барған адамнан айдатып жіберіңдер. Және оң босағамда тығулы жатқан алтынымды, сол босағамда жатқан күмісімді де қоса беріп жіберіңдер".

Қарақшылар орталарынан екі жігітін шығарып, олардың киімін кигізіп, аттарына мінгізіп, қолдарына хатты беріп жібереді. Екеуі салып ұрып Төле бидің аулына жетеді. Хатты табыс етеді. Екі жігітгі "біз малымызды жинастырғанша, тыныға тұрыңдар" деп, бір оңаша үйге түсіреді. Ауыл адамдары хатты олай оқып, бұлай оқып ештеңе түсінбейді. Сенбейін десе, хатты өз қолымен жазыпты, киімін кигізіп, атын мінгізіп жіберіп отыр. Сенейін десе, "40 құнан атан, 20 бура, 8 ак бас атан, оң босағадағы алтын, сол босағадағы күміс" дегені несі? Деп бәрі дал болып отырғанда Данагүл келіп атасының хатын оқиды.

- Сіздер атамның бұл хатына түсінбей отырсыздар. Мен білсем, ол кісі 40 қарақшының қолына түсіп калған болу керек. "40 құнан атан" дегені - 40 мықты жігіт, "20 бура" дегені - 20 палуан, "8 ақ бас атан" дегені - 8 ақсақал кісіні балам менен келінім ертіп келсін дегені ғой. "Алтын дегені" - баласы, "күміс дегені" - келіні мен шығармын. Қой, тезірек аттанып барып құтқарып алайық.

Данагүлдің тапқыр даналығына ауыл адамдары риза болып, оның айтқанын орындайды. Хатта көрсетілген малды екі қарақшыға айдатып, Төле бидің баласы мен келіні бірге жолға шығады. Олар ұзай берген соң артынан 40 жігіт, 20 палуан, 8 ақсакал, көрінбестен еріп отырады. Жақындай бергенде Данагүл екі карақшыға:

- Сіздер озып барып хабар беріңіздер, біз малды жая жүріп кешке қарай жетеміз, - дейді. Екі қарақшы шабуылдап барып. "Мал келе жатыр" дейді. Өзге қарақшылар "мол олжаға кенелетін болдық" деп аттарын коя беріп, жайбарақат жата береді. Ел жатып, олар ұйқыға кіріскенде, 40 жігіт 20 палуан бәрі сау етіп, қарақшыларды сойылдап, байлап бәрін қолға түсіріп алады. Сонда Төле би пенде болған қарақшыларға:

- "Келер кезек, өмір - біреу, кезек - екеу" деген осы, жігіттер! Кеше мені тұтқындап едіңдер, бүгін сендер қолға түстіңдер. Дүние кезек деген осы. Сендер шөліркеп жатқан жалғыз-жарымды тонайсыңдар. Елді зар жылатып малын талайсыңдар. Біреудің бермесін тартып аласыңдар. Адал еңбек етпейсіңдер. Шөл далада қаңғырып, қатын жоқ, бала жоқ, ит қорлықпен күн көресіңдер? Қанша жыл карақшылық қылсаңдар да құтаймайсыңдар. істегендерің ұрлық, ал ұрлық түбі - қорлық. Қойға шапқан касқырды ұрып ал ар болар. Сендер де бір - қасқыр да бір. Сендердей ұры-қары карақшыға не істесе де болар еді, өттең! Амал қанша, сендерге өлім сыйлағанша, өмір сыйлағым кеп тұр. Мен Төле деген билерің боламын. Тілімді алсаңдар, тәубаға келіңдер. Қарақшылықты қойыңдар! Адал еңбек етуді ойлаңдар. Бала-шағаға карап, ел қатарлы тірлік етіңдер, ұрпақ өсіріңдер! Үйлі-жайлы болып, мал жинап, егіс егіп күн көрейік десеңдер мен сендерге көмектесемін, камқор боламын, жер беремін, мал беремін. Егер менің айтқаныма көнбесеңдер, өз обалдарың өздеріңе! Кәне, не істейсіндер! Өлім керек пе, өмір керек пе! Төле би осылай дегенде, карақшылардың бастығы қара шойтпақ бұжыр бет нардай жігіт бидің алдына келіп басын иеді:

- Айналайын би-аға, сіздің бұл сөзіңізге түсіндік: біз көндік. Рас айтасыз, ұрлық қылғаннан тапқан пайдамыз жоқ. Тек қана елдің қарғысына калдық. Осы қырық жігіт туғаннан карақшы боп туған жоқпыз. Біріміз ойдан, біріміз қырдан, жоқшылық, зомбылықтың салдарынан жиналып ұры-қары боп кетіп едік. Сөйтіп елден, үйден безіп, аш бөрідей шөл даланы кезіп, ұрлық-зорлықпен күнімізді өткізіп жүрдік. Енді міне, сіздей қамқор, әділ кісіге кездесіп тұрмыз. Лайым айтқаныңыз келсін. Біз сіздің соңыңыздан ердік. Сіз не десеңіз, соған көндік. Керсен алдыңызда, кездік қолыңызда, бар шынымыз, сізден тілегіміз осы, би-аға! - Бастықтарының осы тілегін мақұлдап, өзге жігіттер шу етіп, биге тұс-тұсынан өтініш-алғыстарый жаудырады. Төле би сөйтіп өзін тұтқындаған қырық қарақшыны тәубаға келтіріп, еліне ертіп барады. Біріне қой баққызады біріне түйе баққызады. Бірі егіс егіп, диқаншылықпен айналысып кетеді. Ұстагершілік, етікшілік, зергерлік қолынан келетіндеріне дүкен тұрғызып, жағдай жасайды. Бәрі де адал еңбекпен шұғылданып, Төле бидің ел-жұрттары атанып кетеді.

0 пікір