Жігіттер, "Өнер алды - ғылым-білім" –
Деген жан, құлағың сал Ислам дінін.
Өз еркің өзіңде боп тұрған тақта,
Күн өтпей тірлікте сайра, тілім!
Өлімнің, келмес бұрын, көзде жолын,
Құдайым фазылыңа алсын момын құлын.
Бұл күнде зер танитын адам бар ма,
Білетін айтқан сөздің қадір, құнын?
Бес нәрсе бізге бұйрық бір Алладан,
Ықыласпен қылу керек білген адам.
Кетпейді күн туғанда көзі жастан,
Дүниеде бейпіл босқа күлген адам.
Исламның бес парызы: біреуі - иман,
Таппайды бұл бесеуін дүние жиған.
Ықтиқат (сенім), шын ниетпен жұмыс қылып,
Ерлерді айт Құдай үшін жанын қиған!
Аузында болсын дайым Құдай сөзі,
Таймасын қарарлықтан көңіл көзі.
"Бір!" - деп, "бар!" - деп, илану-бізге парыз,
Ғаламға он сегіз мың патша-өзі!
Екінші, намаз екен-бізге парыз,
Айтпасақ білмегенге бізге қарыз.
Нәпсіні құрбан қылып бауыздасақ,
Құдайға жетеді екен сонда ғарыз.
Бір құдайдан басқаны ойламаңдар,
Ой түбіне жетем деп, бойламаңдар.
Жалғыз қылда тұрғандай сол намазда,
Жан-жағыңа көз салып, ойнамаңдар.
Қайдағы жоқ нәрсені шайтан салар,
Жаңылып бұл намаздың көбі қалар.
Көңілге Ібіліс Лағын орнаған соң,
Ойда жоқ жамандықты тауып алар.
Айтылды: "Алла-акбар"- екі жерде.
Намаз бен құрбан шалу келді бірге.
Лағын шайтан қосылып, қабатталып,
Көрсеткен қиыншылық талай ерге.
Үшінші, бізге парыз-Шаһи Рамазан
Бұ дағы бір қаруың жетсе қазаң.
Ұмытпай, бір күн қастан қаза болса,
Алпыс күн кінарат, бар, осы-сазаң.
Төртінші, бізге парыз - зекет малдан.
Бұл пәле тосатұғын әр қамалдан.
Жүрмейді зекетіңе қабыл болып,
Ақсақ, соқыр, тып-типыл құйрық-жалдан.
Арық, қотыр, қыршаңқы-бәрі де бар.
Дауласып жалғыз басқа шалатын шар.
Алдыңа даугер болып шығатұғын,
Дәл осы - пәле басы, ей, жараңдар!
Берсін деп мен өзіме жатқаным жоқ,
Сөзімді дүние үшін сатқаным жоқ.
Жалғанда Хақ жолына жұмсамасаң,
Мал түгіл, қияметте қатқаның жоқ!
Қайырды олай болса, көп беріп қал,
Демейді өлім келсе: жас, кәрі шал.
Пайғамбар хадисінде айтқан екен,
Жігіттер мына сөзге құлағың сал:
"Ұжмақдық - шырын сөзді, жылы жүзді,
Тілінде Хақ зікірі сөйлер сөзді.
Әріплі бір Алладан кішіпейіл,
Күлумен көрінгенге қадап көзді.
Мінезі ұжмақылық-жеті түрлі:
Береген, шыншыл болып келер формы.
Және де қолы ашық, намазы көп, -
Деп айтты - анық ұжмақ оның орны!"
Әркімге жолыққанда мұндай адам,
Үлкен, кіші, - бәріне берер сәлем.
Кем болмай оразасы кәміл болар,
Шын сүйген пендесі осы – Хақ тағалам!
Және айтты: "Тозақтық - жеті түрлі,
Дүниеде ғапылдықтан болған сорлы.
Суық жүз, бұзық сөзді бола қалса,
Міне, тозақ, - деп айтты - оның орны!"
Көңілінде қорқыныш жоқ, болар пасық,
Бой салмай жақсылықтан жүрер қашық.
Беруге қолы жұмық Құдай үшін,
Боғауыз, бейпіл сөзді қылған машық.
Намазын кем оқиды шоқалақтап,
Кем ұстар оразасын және шақтап.
Намазда көп отырған адамдарды:
"Сопы!" - деп, шыдатпайды сол сықақтап.
Жолықса еш адамға сәлем бермес,
Үйіне қонақ келсе, жақсы көрмес.
Таласар білмеген соң, иланбастан,
Кітаптың, құлағына, сөзі кірмес.
Ойлайды: "Мұнан менің үлкен жасым,
Кем бе екен, не болмаса менің басым?
Бұл неге маған сәлем бермейді?!" - деп,
Өзінің артық көріп дәрежесін.
Біздерге сәлем беру болды сүннат,
Пайғамбар сүннатын тұт, болсаң үмбет (үммат).
Сәлемнен табылады жиырма сауап,
Наданға білмейтұғын бұ да қымбат.
Біреуі бес парыздың, - қажыға бару.
Бұл жолға мал мен жанды керек салу.
Шақырған бір Алланың ол жеріне,
Байларға киын екен - бармай қалу!
Пайғамбар: "Байлар қажыға келсін!" - депті,
"Үмбетім мені келіп көрсін!" - депті.
Шамасы келе тұрып, келмеген жан,
Қауымында кәпірлердің өлсін!" - депті.
Құдайдың шеберлігін көзіңмен көр,
Тіреусіз тұрған жоқ па көк пенен жер.
Алланың ризалығын шын ойласаң,
Баланы кішкентайдан оқуға бер.
Баланы оқуға бер жас басынан,
Алланың құр қалдырмай олжасынан.
Жұғуы бұл ғылымның: молда, бала, ата-ана, -
Төртеуінің бірдей болған ықыласынан.
Бұл күнде толып жатыр надан қажы,
Байлаған білгіштерді малдың азы.
Бозбала, бұл жұмыста болсын басың,
Жомарттар елемеген көпті-азы.