Кінә артпа тағдырыңа бұралаң,
Соқтықпалы талай жолда жүр адам.
Тәңіріңе тәубе дегін мұң артпай,
Тамшылардан түзіп шебер құраған.
Жаратқаның қамыңды ойлап көтерген,
Жатқан кезде жабырқаулы жырадан.
Тағдыр жолы сан тарапқа құлаған,
Жетім-өмір жасы ағып жылаған.
Барлығына, жарлығына шүкір де,
Нәпсіге емес, Жаратқанға құл адам!
Өшкін-өмір жапқан кезде парағын,
Өксік-денең үзіліпті қарағым.
Емендейін қара орманда сұлаған,
Төзімдіні Алла сүйіп сынаған!
Пәтерім жоқ деп жылайсың бес күнде,
Тіленшінің күйін бір сәт кештің бе?!
Пәтер түгіл, қара нанға зар болып,
Құр қайтатын қапаланып, кеш күнде.
Бір күніңді бір күніңе ұқсатып,
Сәулесінен иман-бақтың өштің бе?!
Истиғфармен жүрегіңді тазала,
Тар пейілді кеңіте алмас ешкім де.
(Кір жүректі жуындырмас көшкін де).
Бес намазың-бес қорғаның, шырағың,
Кәусары пәк, кірлемейтін кіл ағын.
Қадірін біл, уақытылы бестің де.
Көрге тартпай, кемелдікпен өс күнде!
Ашқан мезет таңдар аппақ парағын,
Амалыңа көз жүгіртіп қарағын!
Кешке дейін ізгілікпен өрнектеп,
Ғұмыр бетін жапсаң игі жарадың.
Әрбір таңдар-жазылмаған таспадай,
Өткізем деп әуре болма басқадай.
Нысанаға алынады бар адым,
Мән берместен күнәларға қарадың,
Бос әуремен тола берген қорабың,
Неге? Әттең, Ібіліске жоладың?
Алдыңда тұр түпсіз терең, жар, ағын!
Деп тілейік Жаратқаннан қол жайып,
Нұрға толсын тұман басқа тарабың!
Мінәжат
Көмек күтпей пенде менен басқадан,
Құранымды хақиқат қып жастағам.
Хақ нұрының сәулесіне шағылып,
Үгітіліп бара жатты тас ғалам…
Тарқатпасаң ізгіліктің тігісін,
Мына ғұмыр неге керек, кім үшін?!
Арылсам деп күнәлардың күсінен,
Сәжде еттім, тас маңдайым жібісін.
Орнықпаса ақ ниетке жаздыкүн,
Айғақтайды адамдықтың аздығын.
Бұл ғаламда бір құдірет болмаса,
Жазмыштың жарлықтарын жазды кім?!
Зікір салып көк жүзінде нақтырақ,
Ұшты талай, құс тізіліп, сап құрап.
Құсни әуен мақамына малынып,
Мінәжат қып Жаратқанға жатты бақ.
Мінәжат пен армандарым жымдасып,
Кетер едім ғарыш жаққа тым қашық.
Көкжиектен таң сібірлеп келеді,
Тіршіліктің тұманынан түн қашып,
Жауһар ниет жауқазындай күнге асық…