Әзіреті Мәуләна Румиден бірер нақыл сөз
Әзіреті Мәуләна Румиден бірер нақыл сөз
5 жыл бұрын 16301

1) Сен есіңді жиып, бүкіл өміріңді бүгінгі күнің деп есепте. Сосын өзіңе-өзің қарап көрші, осы күніңді қандай құмарлықтардың артында жүріп өткізіп жатқан екенсің?!

2) Көзіңді ашып, бастан-аяқ Алланың кәләмі (сөзі) болған Құран Кәрімге ұңіліп қарашы. Құранның бүкіл аяттары әдептілік тәлімін жүргізеді. Әдептілікті үйретеді. Ақылымнан «Иман деген не?» - деп сұрадым. Сонда ақылым жүрегімнің құлағына: «Иман әдептіліктен тұрады» деп сыбырлады.

3) Тәнді шегінен тыс асырап, өсіруду көздеме! Өйткені соңында ол топыраққа баратын құрбандық. Ал, енді сен көңіліңді жетілдіріп бақ. Ұлық орындарға баратын, сондай-ақ, абыройға бөленетін де – көңіл.

4) Раушан гүлі тікенмен тату болғандықтан керемет хош иісті болды. Бұл шындықты раушан гүлінің өзінен де тыңдап көр. Қара, ол не айтады екен: "Тікенмен бірге болғаныма не үшін қайғырып, неге мұңға батайын? Мен жаман қылықты тікенмен бірге тұруға төзгенімнен жайдары болдым. Оның арқасында әлемді әсемдікке бөлеп, жұпар иіс шашу мүмкіндігіне қол жеткіздім...»

5) Жүрекке: «Ілтипатты бол. Жан ауыртатын тікен болма!» -дедім.

6) Ашкөздің көздері еш тоймайды. Бақалшақ қанағатшыл болмағанда, іші інжуге толмайтын еді.

7) Алланың нұрын қаласаң Алладан ал, қаласаң кәміл адам – әулиеден ал. Ғашықтық шәрбәтін қаласаң үлкен қыш құмырадан іш, қаласаң торсықтан іш.

8) Кілемді сабалаушының мақсаты - ұру емес, шаңын қағып тазалау. Тура сол сияқты, басқа түскен қиындық арқылы да Алла тағала бойға біткен шаң-тозаңды қағып, тазалайды. Ендеше, неге сонша қайғыланасың?!

9) "Негізгі болмысың ойдан тұрады. Қалғаны - ет пен сүйек. Гүл ойласаң гүлістансың, тікен ойласаң тікендісің".

10) Шырақ болу оңай емес. Жарық шашу үшін əуелі жану керек.

11) Кісінің өнерлі және білімді болғаны жақсы. Бірақ, Ібілістен ғибрат алып, оған (өнер мен білімге) қатты сеніп кетпе. Себебі Ібіліс те білімді болатын. Ол Адамның топырақтан жаралғанына, яғни сырт көрінісіне қарап, оның ақиқи жөнін көре алмады.

12) Ей, ғапыл адам! Тәкәппарлықтан, менмендіктен арылып, қажетсіз нәрселерді доғар. Сонда барып саған Тәңірдің рахымы жауады.

13) Надандардың қасында кітап секілді үнсіз бол!

14) Кім құрмет көрсететін болса, құрмет көреді. Шекер берген халва жейді.

15) Егін еккеннің қамбасы күзге дейін бос тұрады. Бірақ оның пайдасын егін жинайтын кезде көреді. Ал бидай егілмей, тиісті орнына жұмсалмай қамбада ала жаздай сақталып тұрса, құртқа, тышқанға жем болады. Босқа рәсуә болып кетеді. (Мал дүниенің де, білімнің де зекетін беріп тұрмаса болмайды)[1].

Жеті өсиеті

1. Жомарттық пен көмек жасауда аққан су сияқты бол 
2. Мейірім мен қайырымдылық танытуда күн сияқты бол 
3. Өзгелердің қателіктерін жасыруда түн сияқты бол
4. Ашу мен ыза қысқанда өлі сияқты бол 
5. Кішіпейілділік танытуда топырақ сияқты бол 
6. Шыдамдылық танытуда теңіз сияқты бол
7. Кім болсаң о бол: не болғаныңдай көрін, не көрінгеніңдей бол!

Мәуләна ар-Румиден 5 кеңес

1. Білгеніңді жеткіз, бірақ ақыл айтуға талпынба.

2. Айтылған нәрселерге құлақ сал, бірақ бәрін дұрыс екен деме.

3. Ұмытпа! Үнсіздік надандықтың, көп сөзділік білімділіктің нышаны емес.

4. Бір кісіні төмен санау ақымақтық, өте жоғары санау да кейде қорқақтық. 

5. Батылдық ақылдылықтан туса – батырлық, ал ақымақтықтан туса – надандық".

 islam.kz

[1] О.Н. Топпаш: «Махаббат және мағрифат»; «Абылхаят тамшылары».

.

 

0 пікір