ӘЗІРЕТІ ӘЛИДІҢ ЖҮРЕКЖАРДЫ СЫРЫ
ӘЗІРЕТІ ӘЛИДІҢ ЖҮРЕКЖАРДЫ СЫРЫ
3 сағат бұрын 179 islam.kz/

Кумәйл ибн Зияд былай баяндайды: «Әли ибн Әбу Талиб менің қолымнан ұстап, қала сыртындағы зират жаққа қарай ертіп шықты. Жапан түзге шыққанда, ол кісі отырып, терең күрсінді де, маған қарап былай деді:

«Уа, Кумәйл ибн Зияд! Адамның жүрегі — ыдыс сияқты, оның ең қайырлысы — ішіне ізгілікті көп сыйдырғаны. Саған айтар мына сөздерімді жадыңда сақта:

Адамдар үш топқа бөлінеді:

  • Раббани ғалым: Жаратқанды таныған, тура жолдағы білім иесі;

  • Құтқарушы білім жолындағы шәкірт: Ілім іздеп, соңынан ерген талапкер; 
  • Топастар мен тобырлар: Әрбір айқайлағанның соңынан ере беретін, әр соққан желдің ығымен кететін, ілім нұрымен көкірегі оянбаған және сенімді тірекке сүйенбегендер.

Ілім — мал-мүліктен қайырлы. Ілім сені қорғайды, ал мал-мүлікті сен қорғайсың.

Ілім жұмсаған сайын (амалмен) арта түседі, ал мал жұмсаған сайын азаяды.

Ғалымды жақсы көру — адамды құлшылыққа жетелейтін иманның белгісі.

Ілім иесіне тірі кезінде құрмет болады, ал өлгеннен кейін соңынан ізгі сөз қалады. Ал дүние жиғанның аты — дүниесімен бірге өшеді.

Мал жиғандар тірі болса да, өлімен тең. Ал ғалымдар — заман тоқтап қалмайынша тірі қалмақ, олардың өздері бұл дүниеден өтсе де, бейнелері мен өнегелері жүректерде мәңгі сақталады.

(Әзіреті Әли көкірегін нұсқап, тағы да күрсінді): «— Пай, шіркін! — деді де, қолымен көкірегін нұсқап тұрып, сөзін жалғады: — Мына жерде тұнған ілім бар, егер оны арқалайтын лайықты жандар тапсам ғой... Әттең, кездескендердің сиқы мынау:

Бірі — өте зерек, қағып алғыш, бірақ сенімсіз. Ол дінді дүние жинаудың құралына айналдырды. Алланың берген ілім-дәлелдерін Оның Кітабына (ақиқатына) қарсы қолданып, Хақтың нығметін Оның құлдарына үстемдік ету үшін пайдаланды.

Екіншісі — ақиқат иелеріне (ғалымдарға) ергенімен, көкірегінде көрегендігі (басыраты) жоқ. Алдынан бір күмән шықса болды, жүрегінде бірден күдік оты тұтанып, есеңгіреп қалады. (Бұл екеуі де ілім аманатына лайық емес).

Үшіншісі — нәпсінің құлы, ләззаттың соңында көзі соқыр болып, құмарлықтың жетегінде кеткен.

Төртіншісі — дүниеқоңыз, мал жинап, қазына жиюға ынтық. 

Бұл соңғы екеуінің дінге еш қатысы жоқ, дінді насихаттау олардың ісі емес. Олардың сипаты — өрісте жайылып жүрген төрт аяқты малға көбірек ұқсайды. Міне, нағыз білім осылай — оны арқалайтын ерлердің жоқтығынан немесе солардың өлуімен бірге жоғалып барады.

Я, Алла! Әрине, Жер бетінде Алланың дәлелдері мен айғақтары жойылып кетпеуі үшін Хақтың туын тігетін жандар ешқашан үзілмейді. Олардың саны аз болғанымен, Алланың құзырындағы қадір-қасиеті өте жоғары. Алла Тағала Олар арқылы Өз дінін қорғайды. Олар бұл аманатты өздері сияқты ізбасарларына тапсырып, теңдестерінің жүрегіне егеді.

Білім олардың жүрегіне ақиқаттың есігін айқара ашты. Олар дүниеқоңыздар «қиын» деп қашқан нәрсенің жұмсақтығын сезінді. Надандар үрейленген нәрседен (оңашалық пен құлшылықтан) тыныштық тапты. Олар бұл дүниеде тәнмен жүрсе де, рухтары биік шыңдарға самғаған. Міне, осылар — Алланың жердегі орынбасарлары (халифалары) және Оның дініне шақырушылар.

Пай-пай, мен оларды көруге қандай ынтықпын! Енді бара берсең болады, мен өзім үшін де, сен үшін де Алладан кешірім тілеймін»1.

1«Хулятуль Әулия» атты кітаптан.

0 пікір