ЖАРАТҚАНҒА ЖАЛБАРЫНУ
Хақ Тәңірлік қалыппен, ұлы үлгіңмен,
Құзырында жаратқан құлыңмын мен.
Қалауыңа лайық болмыс біткен,
Әлхамдулилла, әсеммін, сұлумын мен.
Өмір бердің, Көз бердің, Көрік бердің,
Есім бердің, Ес бердің, Ерік бердің,
Хауа ана, Адам ғалейкесалам нұсқасымен
Ғашық еттің, ғұмырлық серік бердің.
Отан бердің, От бердің, Қорек бердің,
Бесігіңді тербет деп, Бөбек бердің,
Саясында тынықтым теректердің
Рахымыңды мен Сенің медет көрдім.
Тыңдасын деп әлемнің сазын бердің,
Жырласын деп өлеңнің тәжін бердің,
Раббым, сенен бөлек осыншалық
Нығыметтерді мен үшін әзірлер кім?!
Шаттықпенен қарсы алам Күн шуағын,
Махаббатыңмен нұрланды тіршілігім!
О, Жаратқан! Өзіңе шүкірлігім
Жарылқауыңа мәңгілік құлшылығым.
Қуат бердің,Тіл бердің, Рух бердің,
Тілегімді хусни, тұнық бердің,
Күллі адамзат баласын жарылқаған
Рахметіңнен үздіксіз үміткермін.
АЗАН
Шам қаласы.
Ояндым таң алдында.
Таң алдында бөленді санам нұрға.
Ғарыш жақтан ғажап саз құйылып тұр!
Құдірет бары білінді маған мұнда.
Таң шапағын көруден артық бар ма?
Періштелер ұша ма қалқып таңда?
Алагеуім кез еді , елең-алаң,
Өн бойымды ұлы әуен балқытқанда.
Дұға деуге болады, тілек деуге.
Нұрлы рухқа толғандай жүрек, кеуде.
Ұлы әуез бе,
Әуеден жіберілген
Жан әлемін адамның реттеуге.
Қайдамын мен?
Қай мезгіл?
Нешік халім?
Жүргем жоқ па жұмақтың кешіп бағын.
Жат өлкеде жалма-жан есіме алдым
Мейманхана жанында мешіт барын.
Сыры - терең.
Сырты - саз.
Сұсы - мықты,
Құдіретін Құранның ішім ұқты.
Мешіттерге кірмеген мен жазғанға
Бола кетті мезетте түсінікті,
Таң намазы уағы-ау.
Бұл әлі азан.
Қасиетті ай еді Рамазан.
Құдай деген жердегі пенделерге
Құран жолы - ғұмырлық ғұлама заң.
Сүрелері аяттың жан баурады.
Рухымда, тәнімде таң лаулады.
Шам қаласы шам жаққан жүрегімде
Аллаға деген сенім мәңгі орнады!
Лә-иллаһа-ил-Аллаһ!
ЖАРАТЫЛЫС
Алла – бiр.
Барлығынан сол ғана асқан.
Қарасам, ғаламатқа толған аспан.
Жұлдыздар керуен түзеп,
Кеңiстiкке
Тәңiрлiк шеберлiкпен орналасқан.
Құс жолын құндағымда көрсем керек.
Қарасам, биiктейдi еңсем бөлек.
Ауқымын алыс көктiң парықтауға
Ғарыштық құдiреттi өлшем керек.
Шарқ ұрып,
Таппаған соң теңбе-теңiн,
Ойымды Жер бетiмен тербетемiн.
Мәңгi бол,
Жаратқанның хикметтерiн
Көтерген көгiлдiр шар, кең мекенiм!
Дәл мендей тауға бiреу құштар ма екен?
Сонша асқақ, сонша сұлу сұс бар ма екен?
Ауаға бауырымды төсеп қана
Ақ таулар үстiменен ұшсам ба екен?
Су – менiң таңданғаным сосын анық,
Iлесем киттерге iштей қосыла құп –
Жүзгендей кең мұхитта кедергiсiз
Түпсiздi түзу жарып, осып ағып.
Мұхиттар дөңбекшидi шабыт қысып,
Бұлттар да жүйелi бiр бағытқа ұшып,
Ай мен Күн алмасады
Айнасынан
Айналған Жер жүзiне жарық түсiп.
Табиғат толықтырып бiр-бiрiн бек,
Жел тұрып, жасын ойнап, су гүрiлдеп,
құс ұшып, орман шулап, аң жайылып,
Шегiртке секiредi,
Гүл дiрiлдеп!
ӨЛЕҢ
Несіне осы өлеңді жазамын мен,
Тарттым қой жетерліктей азабын мен.
Білмеймін қалай еріп кеткенімді
Муза кеп сыбырласа ғажап үнмен.
Ынтық боп нем бар еді осы өлеңге,
Қалмайды дегбір - өлең десе, менде.
Қалайша күймей қалғам,
Жап-жалаңаш
Қолыммен қызыл шоғын көсегенде?
Кім мені жадылады, дуалады,
Қолым да, жүрегім де сұранады.
Неліктен жаным содан жұбанады?
Сол ғана шаң-тозаңды жуа алады.
Жәй сөздер... Кенет өлең құралады...
Менің өлең
өмірім -
Менің үлкен сыбағам -
ұлы майдан, ұлы алаң.
Бар әйелдің жеңісімен қуанып,
бар әйелдің көз жасымен жылағам.
Менің өлең
өмірім -
Менің үлкен сыбағам.
Өкінемін мынаған:
Түнде оянып, ой жібіне сөз маржан
тізген кезде көмек берді кім оған?..
Менің өлең өмірім -
Менің мәңгі үлесім.
Біресе мұң,
біресе үн...
Қуанышым, махаббатым, қызығым,
қылдай үміт, қымбат тілім, күресім.
Кенен жасы - Тәңірден сұрағаным,
Тыңдау сөйтіп
бұлбұл мен бұлақ әнін.
Мейлі, тіпті, болмасын ұнағаным,
Ештеңе етпес сүрініп, құлағаным.
Елім, далам, балам мен өлең болса,
Қалғанының табармын бір амалын.
Қайырлы өмір Тәңірден тілегенім,
Иманды істен іздермін жүрек емін.
Сабыр күтіп,
дақпыртқа бой алдырмай,
Өмір сүру - арманым, міне, менің.
Көркем ғұмыр - көргенім - жақсылық боп,
Биіктесе, біртіндеп жыр-еменім,
Сен риза боларсың, білем, елім!
Түзу тірлік Тәңірден тілегенім.