АЙ, МҰСЫЛМАНДАР, ЖАРАНДАР! (Өлең-насихат)
АЙ, МҰСЫЛМАНДАР, ЖАРАНДАР! (Өлең-насихат)
2 жыл бұрын 2805
Қабылиса жырау Асанұлы

Ай, мұсылмандар, жарандар,

Малыңнан зекет беріңіз.

Бірлігін хақтың біліңіз.

Хақ жолымен жүріңіз.

Пәк болады дініңіз.

Бұл дүниенің, жарандар,

Сағатындай болмайды,

Ақыретте күніңіз.

Мұндай кеңдік табылмас,

О дүниеде қарындас.

Мына кеңдік заманда,

Хақ бұйрығын тұтыңыз.

Құдайдың кешпес парызы,

Бес уақыт намазды,

Баққан қойдай күтіңіз.

Әмірін күтіп Алланың,

Ақырында, жараңдар.

Мұратқа сөйтіп жетіңіз.

Ай, мұсылмандар, жарандар,

Сөзіме құлақ салыңыз.

Жақсыдан ғибрат алыңыз.

Қарам болар, жарандар,

Зекетсіз жиған малыңыз.

Шариғаттан сөз айтқан,

Молла тілін алыңыз.

Құдай берген таусылмас,

Өлшеп берген дәміңіз.

Құдіретімен жаратқан,

Пенделерін өзі алар.

Ойлаңыздар, жарандар,

Бұл дүниеде кім қалар?

Шұрқырасып мал қалар,

Шуылдасып өлген соң,

Қатын-бала жыласып,

Жетім-жесір ұл қалар.

Ұл қалмаса, қыз қалар.

Моллалардан хат қалар,

Ұсталардан дат қалар.

Опасыз пәни жалғаннан

Өлмей тірі кім қалар?

Бір жаныңыз құдайдың

Құдіретіне аманат.

Алланың берген нәсібін,

Азды-көпті болса да,

Етіңіздер қанағат.

Пенде болсаң құдайға,

Аманатқа, жараңдар,

Қылмаңыздар қиянат. 

0 пікір