(Толғау)
Файзолла досым, аса қымбатты!
Мұң менен азап жаныма батты.
Өтпелі дəуір – өкініш... у-ы,
Асау өзендей толқыны қатты.
Өзіңе аян – өмірім, ісім,
Көрдім ғой бейнет туған ел үшін.
Жабылған нақақ жаланы ойласам,
Өзегім күйіп, өртенед ішім.
Ойсоқты болып, қатты ғой басым,
Көзімнен көл боп ақты ғой жасым.
Сергелдең кешіп, сарғайып санам,
Төбемнен тура түсті ғой жасын.
Көбейген шақта сақалдың ағы,
Кетті ғой тайып ағаңның бағы.
Темір құрсаулы түрмеге мынау,
Бесінші ретмен қамалдым тағы.
Ана сүтінен ақындық дарып,
Жыр жазып едім, отырмын налып.
«Халық жауы» болып қасірет шеккен,
Бұл күні енді мен де бір ғаріп.
Езіліп жүрек, егіліп жүйе,
Өзіңе өзің бола алмай ие.
Енесі өлген ботадай боздап,
Өкінесің кеп өзегің күйе.
Дамылдап бір сəт таба алмай тағат,
Кеттім деп апыр-ау, қай жерден ағат.
Түсесің ойға иір де шиір...
Елестеп көзге мақсат пен мұрат.
Жегенім – желім, ішкенім – ірің,
Түсінер түбі – пір тұтқан халқым.
Басты кінə боп тағылды-ау, қалқам,
Сүйгенім туған ұлтымның тілін.
Бола ма сұмдық дəл мұнан өткен,
Сталин заңы шықты ғой шектен.
Жауапты жерде безбүйрек жандар,
Аяуды білмес, мейірімсіз неткен.
Тегінде бəрін алған ғой таңдап,
Қол қойдырады азаптап, зорлап.
Сенбейді-ау айтқан сөзіңе адал,
Мазақ қылады табалап, қорлап.
Көрсе ғой шіркін, Тəңірінің өзі,
Тартылар еді-ау əр істің тезі.
Тұнжырап туған бұл мұртты көсем,
Қылды ғой əбден халықты мезі.
Серпіліп сонда ашылар тұман,
Тыйылар жөнсіз күдік пен күмəн.
Кесапат күндер келмеске кетіп,
Туады анық нұрлы бір заман.
Жасымда мынау алпыстан асқан,
Нұр тайып беттен ажарым қашқан.
Отырмын мең-зең айыпқа бастып,
Туған халқыма атанып дұшпан.
Сырқырап жан-тəн, сыздайды жүрек,
Еленбей əсте елге еткен еңбек.
Еңсемді басып, есімді алған,
Ашылар қашан бұл қара түнек.
Соңымнан ерген қуатты бір лек,
Үркердей шоғыр келе жатқан түйдек.
Міржақып, Сəкен, Мағжан мен Мұхтар,
Болса екен аман деп тілеп тілек.
Атырам таңды, батырам күнді,
Бар шығар жандар менен де мұңды.
Қаншама азар берсе де даттап.
Мойындамадым тағылған мінді.
Сезеді жүрек... ажалым жақын,
Өлмейді босқа азамат ақын.
Өзіңе досым, аманат жырым,
Бұл жазған тегі ең соңғы хатым.
Отанға сенем, халқыма сенем,
Айтыңдар менен ұрпаққа сəлем.
Жеткізер түбі еліме байтақ,
Атымды менің ақсұңқар өлең.
Ауысар ұрпақ, алмасар жылдар,
Уақытпен біздің жалғасыр жылдар.
Жояр ма құнын елге еткен еңбек,
Егер де ұрпақ табылса құндар.
Келеді алысып ақ пенен қара,
Қайғы мен қуаныш, бақ пенен нала.
Ежелден бері өтуде осылай,
Жаға жыртысып шындық пен жала.
Жеңеді түбі əділет бірақ,
Болады анық жауап пен сұрақ.
Ашылса көзі басынан тұнып,
Мұхитқа айналар жылға мен бұлақ.
Тынбаған бір сəт сүюден халқын,
Сəдуақасов Смағұл марқұм: –
Голощекин мен Сталин бізді,
Тұйыққа тірер, – деп өтті əр күн.
Ұғар ма айтшы, ғалымды надан?
Қажытты бізді қаншеңгел заман.
Жатырмын тілеп Бейімбет, Ілияс,
Əлихандар болса деп аман.
Шəкəрім – ағам, Жүсіпбек – інім,
Біреуі – айым, біреуі – күнім.
Ақиық еді-ау, опат боп кетті,
Сүюден тынбай халқы менен елін.
Ұстаймын мен де солардың жолын,
Ажал мен апат оңым мен солым.
Болса егер қатем, кеше гөр елім,
Күткенім енді менің де өлім.
Сағынтты мені сүйікті мекен,
Түсіме кірді апам мен көкем.
Он сегіз жылға сотталған еді-ау,
Патшаға қарсы күрестен əкем.
Мерзімін өтеп қайтқанда елге,
Қарсы алдық шығып жазира белде.
«Ақкөлім саған жеттім бе шын» деп,
Топырақты сүйді жата қап жерге.
Мені де шырмап сағыныш сондай,
Ақкөлді ойлап, құмарым қанбай.
Отырмын досым, ертеңім маған,
Сыйлайды екен тағдырды қандай?
Ақкөлде шіркін, көзімді жұмсам,
Бір төмпешік боп сол жерде қалсам.
Арманым жоқ қой, қабірімді сонда,
Құшақтап тұрса майқара жусан.
«Қазақ емес, біз ежелден қырғыз,
Аталып солай жазылған елміз.
Сен келіп оны қазақ деп жаздың,
Дейсің оқуды қазақша жүргіз».
Халықпыз күншіл бірлігі осал,
Білімсіз, ойсыз, тірлігі нашар.
Ру-ру боп шуылдап жүрміз,
Ұлт болмасақ береке қашар.
«Ойладың жаулық советке əр күн,
Мысалдар жазып дүркін де дүркін.
Əліппе жасап, «Тіл – құрал» қылдың,
Зорлап кіргізіп арабтың əріпін.
Бітеді ертең дəмің мен тұзың,
Бүгіннен бастап тірліктен безін.
Орысқа үйлендің, себебін айтсақ,
Жек көресің сен қазақтың қызын.
Өтірік деп айтшы осының бəрі,
Болмайды енді қулығың дəрі.
«Халық жауысың» бетін бояған,
Өмір сүрмейсің сен мұнан əрі».
Осылай деп бір қанқұйлы қазақ,
Басыма менің төндірді тозақ.
Дедім мен оған: – Білгеніңді істе,
Сендерге енді бола алман мазақ!
Сүрдік қой өмір сүреңсіз шақта,
Тасталдық жанған қып-қызыл шоққа.
Бір кезде саған аманат қылған,
Мұрамды жеткіз келер ұрпаққа.
Елу жыл өтер немесе ғасыр,
Айығар сонда бүгінгі тасыр.
Тексеру болар тарихқа түгел,
Талқыға түсер жасық пен асыл.
Сенемін досым, өлгенмен өзім,
Ұрпаққа жетіп өлмейді сезім.
Ақиқат таңы атады анық,
Осыған менің жетеді көзім!
(Өлең алғаш 1989 жылы қарашаның 8-і күні «Орталық Қазақстан» газетінде жарияланған)